11.04.2024
2024 жылдың 10 сәуір күні Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінде «Ғылым» онкүндігі аясында «Әлеуметтік-жаратылыстану пәндер» кафедрасының ұйымдастыруымен «Жаратылыс сыры – ғылымда» атты оқытушылар мен студенттерге арналған Team building өтті. Негізгі мақсаты – қазіргі өзекті мәселелерді талдай отырып, студенттердің ғылыми-зерттеу дағдыларын және ғылымға құштарлықтарын арттыру. Іс-шара жағымды көңіл-күйді қалыптастыруға арналған тренингпен басталды, кейін қатысушыларды топтарға бөліп, зерттеу тақырыптары бөлінді. Әр топ «Бүгінгі ахуал: Су тасқыны және оның ғаламдық мәселелері» тақырыбы аясында өзекті сұрақтарды талқылап, арнайы критерийлер бойынша зерттеу жоба жұмыстарын әзірледі. Қорытындысында студенттер мен оқытушылар су басудың ғаламдық себеп-салдары, су тасқынының тіршілік иелеріне тигізетін кері әсері, су тасқыны кезінде су құрамының өзгеруі, шешу жолдары сияқты мәселелер бойынша ойларымен бөлісті. Team building қатысушыларға арналған кофе-брейкпен аяқталды.