2021 жылдың 8 қараша күні Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінде «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» құзіреттілігі бойынша өтетін «WorldSkills Kazakhstan – 2021» республикалық чемпионатының ашылу салтанаты өтті. Оқу орны ұлттық салт-дәстүрді берік ұстап, келген қатысушыларға ерекше қонақжайлылық танытып, ыстық құшақпен қарсы алды. Қонақтарға жарқын, жылы атмосфера сыйлай білді.
Аталмыш чемпионаттың ашылу салтанатына Ақмола облыстық білім басқармасының «Облыстық оқу-әдістемелік кабинеті» директоры Құрманғалиева Ләззат Сұрағанқызы қатысты. Алғы сөзінде ұлы даланың мәдени мекені Көкше өңіріне келген қонақтарды чемпионаттың басталуымен құттықтап, қатысушыларға сәттілік тіледі. Сондай-ақ «Talap» коммерциялық емес акционерлік қоғамы WorldSkills қозғалысын дамыту департаментінің бас менеджері Есдавлетова Әтіргүл Алғатайқызы қатысушылардың жоғары деңгейде өздерінің білімдерін, қарым-қабілетін көрсете алатынына нық сенім білдірді. Филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясының академигі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ұстазы, Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің директоры Ахат Нұртас Ахатұлы құттықтау сөз сөйлеп, білім аламанында оза шапқысы келген жас таланттарға тек жеңіс тіледі. Қайсарлылық танытып, намысты қолдан бермеуге жігерлендірді.
Ашылу салтанатында кеш қонақтары «WorldSkills Каzakhstan – 2019» V Республикалық кәсіби шеберлік чемпионатының күміс медаль иегері Шарипова Айгерімнің құттықтау бейнеролигін тамашалады. Кеш соңында «WorldSkills Kazakhstan – 2021» республикалық чемпионатының қатысушылары колледжішілік саяхаттың куәсі болды.
Чемпионат барысында «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» құзіреттілігі бойынша 16 қатысушы өз шеберліктерін көрсетеді. Чемпионат білікті кадрларды даярлауға жаңа идеялар мен трендтер жасауға, кәсіби шеберлік дағдыларын жетілдіруге ықпал етеді. Конкурсқа қатысушыларды 16 оқу орнының 16 эксперт-компатриоты бағалайды. Аталмыш чемпионатқа қатысушылар 4 модуль бойынша бақ сынайды.
WorldSkills – жұмыс кәсібі мен шеберлік дағдысының беделін арттыруды көздейтін халықаралық қаржылық емес қозғалыс. Чемпионаттың басты мақсаты – Қазақстанның кәсіби білім беру жүйесіне әлемнің үздік тәжірибесін енгізу әрі техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жетілдіру. Осындай білім додасында бақ сынайтын жүйріктерге сәттілік тілейміз! Жүзден жүйрік, мыңнан озық болыңыздар!