2021 жылдың 2 қараша күні Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінде «Бастауыш сыныптарда оқыту» құзіреттілігі бойынша өтетін «WorldSkills Kazakhstan – 2021» республикалық чемпионатының ашылу салтанаты өтті. Оқу орны қазақи дәстүрді берік ұстап, келген қатысушыларға қонақжайлылық танытып, ерекше ілтипатпен күтіп алды.
Аталмыш чемпионаттың ашылу салтанатына Ақмола облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Дүйсенова Ботагөз Балапайқызы қатысты. Алғы сөзінде ұлы даланың мәдени мекені Көкше өңіріне келген қонақтарды чемпионаттың басталуымен құттықтап, қатысушыларға сәттілік тіледі. «Talap» коммерциялық емес акционерлік қоғамы WorldSkills қозғалысын дамыту департаментінің бас менеджері Есдавлетова Әтіргүл Алғатайқызы қатысушылардың жоғары деңгейде өздерінің білімдерін дәлелдейтініне нық сенім білдірді. Филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясының академигі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ұстазы, Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің директоры Ахат Нұртас Ахатұлы құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға тек жеңіс тіледі. Сайыста батыл болуға, намысты қолдан бермеуге, барынша тырысуға жігерлендірді.
Ашылу салтанатында кеш қонақтары 2019 жылғы чемпионатта алтын медаль иегері атанған Мажитова Лаураның құттықтау бейнеролигін тамашалады. Айта кету керек, «WorldSkills Каzakhstan – 2019» І Республикалық кәсіби шеберлік Чемпионатында «Бастауыш сыныптарда оқыту» және «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» құзіреттілігі бойынша студентіміз Мажитова Лаура жеңімпаз атанса, Шарипова Айгерім күміс жүлдені еншіледі.
Кеш соңында «WorldSkills Kazakhstan – 2021» республикалық чемпионатының қатысушылары колледжішілік саяхаттың куәсі болды.
Он күндік чемпионат барысында «Бастауыш сыныптарда оқыту» құзіреттілігі бойынша 15 қатысушы өз шеберліктерін көрсетеді. Чемпионат білікті кадрларды даярлауға жаңа идеялар мен трендтер жасауға, кәсіби шеберлік дағдыларын жетілдіруге ықпал етеді. Конкурсқа қатысушыларды 15 оқу орнының 15 эксперт-компатриоты бағалайды.
«WorldSkills» – бүкіл әлемде кәсіби шеберлік конкурстарын ұйымдастыру негізінде кәсіптік стандарттарды үйлестіру арқылы білім беруді дамыту. Чемпионат мақсаты – постиндустриалды кезеңде төртінші өндірістік революцияның нәтижесін көрсетіп, экономикалық дамуға үлес қосатын орта буын мамандарының қызметін жастар арасында кеңінен насихаттау, кәсіби педагогикалық мамандықты таңдаған білім алушыларды үздік болуға талпындыру, кәсіби білім беру бағдарламаларын жоғарылату. Қуанарлық жайт! Студенттердің кәсіби шеберліктері сыналатын халықаралық деңгейдегі байқауға республиканың әр өңірінен іріктелген қатысушылардың саны биыл ұлғайып отыр. Кіл мықтылар жиналған байрақты бәсекеде қатысушыларға толағай табыстар тілейміз!