АҚМОЛА ОБЛЫСЫ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ ЖАНЫНДАҒЫ Ж.МУСИН АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ ЖОҒАРЫ ҚАЗАҚ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІ» МЕМЛЕКЕТТІК КОММУНАЛДЫҚ ҚАЗЫНАЛЫҚ КӘСІПОРНЫ
ГОСУДАРСТВЕННОЕ КОММУНАЛЬНОЕ КАЗЕННОЕ ПРЕДПРИЯТИЕ «КОКШЕТАУСКИЙ ВЫСШИЙ КАЗАХСКИЙ ПЕДАГОГИЧЕСКИЙ КОЛЛЕДЖ ИМ.Ж.МУСИНА» ПРИ УПРАВЛЕНИИ ОБРАЗОВАНИЯ АКМОЛИНСКОЙ ОБЛАСТИ
Қазақстан Республикасы – президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет. Конституцияға сәйкес, біздің ел өзін адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандығы ең қымбат қазынасы саналатын демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады.
Қазақстан тәуелсіздігін 1991 жылы 16 желтоқсанда алды. Ел астанасы – Нұр-Сұлтан қаласы. Мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Орыс тілі ұлтаралық қарым-қатынас тілі мәртебесіне ие. Ақша бірлігі – теңге.
Қазақстан Республикасының Президенті – мемлекеттің басшысы, оның ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайтын, сонымен қатар, ел ішінде және халықаралық қатынастарда Қазақстанның атынан өкілдік ететін мемлекеттің ең жоғары лауазымды тұлғасы. Президент – халық пен мемлекеттік билік бірлігінің, Конституцияның мызғымастығының, адам және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының нышаны және кепілі.
Үкімет Қазақстан Республикасының атқарушылық билігін жүзеге асырады, атқарушы органдар жүйесін басқарады және олардың қызметіне жетекшілік жасайды.
Заң шығару қызметін тұрақты негізде жұмыс жасайтын екі палатадан – Сенаттан және Мәжілістен тұратын Қазақстан Республикасының Парламенті жүзеге асырады. Сенатты конституциялық заңда белгіленген тәртіппен әр облыстан, республикалық маңызы бар қаладан және Қазақстан Республикасының астанасынан екі адамнан өкілдік ететін депутаттар құрайды. Сенатта ұлттық-мәдени және қоғамның өзге де елеулі мүдделерінің қамтамасыз етілуі қажеттігі ескеріліп, он бес депутатты Президент тағайындайды.
Мәжіліс конституциялық заңда белгіленген тәртіппен сайланатын жүз жеті депутаттан құралады. Мәжілістің тоғыз депутатын Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайды. Сенат депутаттарының өкілеттілік мерзімі – алты жыл, Мәжіліс депутаттарының өкілеттілік мерзімі – бес жыл. Қазіргі уақытта Мәжілісте үш партия – «Нұр Отан», «Ақ жол» және Қазақстанның Коммунистік халықтық партиясы өкілеттілік етеді.
Әкімшілік-аумақтық құрылымы бойынша ел 14 облыстан және республикалық маңызы бар 2 қаладан тұрады.
Қазақстан халқының саны 17 миллионнан асады. 2009 жылғы ұлттық санақ бойынша Қазақстан қоғамының ұлттық құрамы төмендегідей болды: қазақтар - 63,07 %, орыстар - 23,70 %, өзбектер - 2,85 %, украиндар - 2,08 %, ұйғырлар - 1,40 %, татарлар - 1,28 %, немістер - 1,11 %, өзге ұлттар - 4,51 %.
2 млн. 724,9 мың шаршы шақырым аумақты алып жатқан еліміз әлем елдері арасында жерінің көлемі бойынша тоғызыншы орында. Солтүстігі мен батысында еліміз Ресеймен – 7 591 шақырым (әлемде құрғақтағы ең ұзын үзіліссіз шекара), шығысында Қытаймен – 1 783 шақырым, оңтүстігінде Қырғызстанмен – 1 242 шақырым, Өзбекстанмен – 2 351 шақырым және Түркіменстанмен – 426 шақырым шекара арқылы шектеседі. Құрғақтағы шекарасының жалпы ұзындығы – 13 200 шақырым.
Қазақстан – әлемдік мұхитпен тікелей жалғаспайтын әлемдегі ең ірі ел. Ел аумағының ауқымды бөлігін – 44%-ын шөлдер және 14%-ын шөлейтті жерлер алып жатыр. Далалық жерлер Қазақстан аумағының 26%-ын, орман-тоғайлар 5,5%-ын құрайды. Қазақстанда 8,5 мың өзен бар. Каспий акваториясының солтүстік-шығыс бөлігі республика шегіне кіреді. Арал теңізі Қазақстан мен Өзбекстан арасында бөлінген. Қазақстанда үлкен және шағын 48000 көл бар. Оның ең ірілері – Арал теңізі, Балқаш, Зайсан және Алакөл. Мұхиттардан алыстығына байланысты елдің ауа райы күрт континентальды болып келеді.
Еліміздің минералдық-шикізаттық базасы 5000-нан астам кен орнынан құралады, олардың болжамды құны ондаған триллион АҚШ долларына бағаланады. Республика әлемде мырыш, вольфрам және бариттің барланған қоры бойынша – бірінші орын, күміс, қорғасын және хромит қоры бойынша – екінші, мыс және флюорит бойынша – үшінші, молибденнен – төртінші, алтын қоры жөнінен алтыншы орын алады.
Сонымен қатар, Қазақстан батыс облыстарда шоғырланған мұнай мен газдың айтарлықтай мол (анықталған мұнай қоры жөнінен әлемде 9-орында тұр) қорына ие. Сонымен қатар, республикамыз көмір қоры бойынша 8- орында және уран қоры бойынша 2-орында.
Қазақстан әлемдегі ең жетекші астық экспорттаушылар ондығына кіреді және ұн экспорттаудан да көш бастаушылардың бірі саналады. Егін шаруашылығы солтүстікте дамыған – егістіктің 70 %-ы бидай, арпа, тары сияқты дәнді және техникалық дақылдарға тиесілі. Елдің оңтүстігінде күріш, мақта, темекі өсіріледі. Сонымен қатар, Қазақстан өзінің бауларымен, жүзімдіктерімен және бақша өнімдерімен де мәлім. Ауыл шаруашылығының жетекші саласы мал шаруашылығы болып саналады
Тәуелсіздік алған 1991 жылдан бері жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнімі (ІЖӨ) 20 есеге – 700 АҚШ долларынан 14 мың долларға дейін өсті. Британдық мамандардың бағалауынша, ХХІ ғасырдың алғашқы онжылдығындағы ең қарқынды 25 дамушы экономика арасынан Қазақстан тек Қытай мен Катарды ғана алға салып, 3-орын алады. Бүкіләлемдік банктің жіктемесіне сәйкес, республикамыз табыс деңгейі орташадан жоғары елдер тобына енді.
Тәуелсіздік жылдары Қазақстанға 200 млрд. доллар шетел инвестициясы тартылды, бұл – Орталық Азияға салынған инвестицияның 70% мөлшері. Елдің алтын-валюта резерві 2015 жылғы маусым айының басында 98 миллиард АҚШ долларын құрады, соның 69 миллиард доллардан астамы Ұлттық қорға тиесілі.
Бизнес жүргізу шарттары бойынша Бүкіләлемдік банк рейтингінде Қазақстан 2014 жылы 50-орынды иеленді. Ал Менеджментті дамытудың халықаралық институтының (ІМD) жаһандық бәсекеге қабілеттілік рейтингінде республикамыз 2015 жылы Испания, Түркия, Италия және өзге де көптеген елдердің алдына шығып, 34-орынға табан тіреді.
Экспортталатын басты тауарлар – кен өндіру, отын-энергетика, металлургия және химия өнеркәсіптерінің, сондай-ақ астық индустриясының өнімдері. Республиканың сауда саласындағы негізгі серіктестері – Ресей, Қытай, Еуропа және ТМД мемлекеттері.
Экономиканы әртараптандыру үшін елде индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы табысты жүзеге асырылуда. Осы бағдарламаға сәйкес, бүкіл ел бойынша бұрынғы кәсіпорындар мен өндіріс орындары жаңғыртылып, жаңалары ашылуда.
Қазақстан елдің құрлықтағы басты байланыстырушы буын ретіндегі тарихи рөлін жаңғыртып, оны өңірдің аса ірі іскерлік және транзиттік хабына – Еуропа мен Азия арасындағы өзіндік көпірге айналдыруға тиіс «Жаңа Жібек жолы» атты ауқымды жобаны жүзеге асыруда, ол. 2020 жылға қарай республика арқылы өтетін транзиттік жүк ағыны 2 есе дерлік өсуі тиіс.
Мемлекет басшысы 2014 жылы «Нұрлы жол» ауқымды инфрақұрылымдық құрылыс бағдарламасын жариялады. Ол Қазақстанның өңірлерін күре жолдармен байланыстырып, логистикалық, әлеуметтік және индустриялық инфрақұрылымдарды жаңғыртуға бағытталған.
Қазақстан «Ұлт жоспары – 100 нақты қадамды» жүзеге асыруға кірісті. Бұл жұмыстар Бес халықтық реформаны – кәсіби мемлекеттік аппарат қалыптастыру, заң үстемдігін, индустрияландыру мен экономикалық өсімді, біртектілік пен бірлікті, есеп беруші мемлекет құруды қамтамасыз ету ісін жүзеге асыру мақсатында түбегейлі өзгерістерді қарастырады.
Елді ауқымды әлеуметтік жаңғырту жүзеге асырылып, жаңа мектептер, кәсіптік колледждер мен университеттер салынуда. Заманауи медициналық клиникалар мен ауруханалар ашылып, халықты әлеуметтік қолдау жүйесі жетілдірілуде.
Бүгінгі таңда республикада 130 этнос өкілі өмір сүреді, ұлтаралық қарым-қатынастардың үйлесімділігі жөніндегі консультативтік-кеңесшілік орган – Қазақстан халқы Ассамблеясы табысты жұмыс жасауда. Астанада тұрақты негізде Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері өтеді.
Еліміз Орталық Азиядағы көшбасшы бола отырып, өңірдегі тұрақтылықтың нығаюына үлкен үлес қосуда. Республика әлемдік деңгейде де зор табыстарға қол жеткізіп келеді. Мұны Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі мен 2010 жылғы желтоқсан айында Астанада осы беделді халықаралық ұйымның саммитін өткізуі дәлелдейді. ЕҚЫҰ-ның азиялық баламасы – АӨСШК жобасын іске қосу елдің маңызды бастамасына айналды. Қазақстанның ислам әлеміндегі жетекші ұйым – ИЫҰ төрағасы ретіндегі жасампаз қызметі де оң баға алды. Сонымен қатар, еліміз жаһандық антиядролық қозғалыста жалпыға мойындалған көшбасшы болып саналады.
Қазақстан – Еуразиялық экономикалық одақтың мүшесі.
Экономиканың барлық саласындағы тұрақты өсім, халықаралық деңгейде мойындалу, саяси тұрақтылық қазіргі Қазақстан қоғамының өсіп-өркендеуінің негізіне айналып отыр. Қазақстан – өзінің мәдени дәстүрлерін сақтаған және зор жасампаз әлеуетін қазіргі әлемде табысты жүзеге асырып отырған, болашаққа ұмтылған ел.