2026 жылғы 14 сәуір күні «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту», «Бастауыш сыныптарда оқыту» құзыреттіліктері бойынша 15-16 сәуір күндері өтетін «WorldSkills AQMOLA – 2026» аймақтық кәсіби шеберлік байқауының салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Қазақтың дәстүрін берік ұстанған оқу орны чемпионат қатысушылары мен олардың сарапшы-компатриоттарына ерекше қонақжайлылық танытып, жоғары құрметпен қарсы алды.
«WorldSkills» қозғалысы – кәсіби шеберлік конкурстары арқылы кәсіптік стандарттарды үйлестіру негізінде білім беруді дамытуға бағытталған халықаралық бастама. Чемпионаттың мақсаты – Қазақстанның кәсіби білім беру жүйесіне әлемдік озық тәжірибелерді енгізу және техникалық-кәсіптік білім беру сапасын арттыру.
Чемпионаттың ашылу салтанатына Ақмола облысы білім басқармасының Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беруді дамыту орталығының әдіскері Зұлқарнаева Жамиля Амангелдіқызы қатысып, Көкше өңірінен келген қонақтарды чемпионаттың ашылуымен құттықтап, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Сонымен қатар, Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің директоры Елеушова Меңдігүл Жабайқызы құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға жеңіс тілеп, сайыста батыл болуға, намысты қолдан бермеуге және бар күш-жігерін салуға, кәсіби шеберліктерін көрсетуге шақырды.
Ашылу салтанатында «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» құзыреттілігі бойынша «WorldSkills Kazakhstan – 2025» Х Республикалық кәсіптік шеберлік чемпионатының алтын медаль иегері Сәлімкерей Ақгүлім Айбекқызы аймақтық чемпионат қатысушыларына сәттілік тілей отырып, өз тәжірибесімен бөлісті.
Ашылу салтанатында әр колледжден келген чемпионат қатысушылары мен олардың сарапшы-компатриоттары таныстырылды. Чемпионат білікті мамандар даярлауға жаңа идеялар мен заманауи үрдістерді енгізуге, кәсіби шеберлік дағдыларын жетілдіруге ықпал ететіндігі айтыла келіп, екі құзыреттілік бойынша қатысушылар сайысқа түсетін модульдер ұсынылды.
МЫҚТЫЛАР БАС ҚОСҚАН БАЙРАҚТЫ БӘСЕКЕДЕ БАРЛЫҚ ҚАТЫСУШЫЛАРҒА ТОЛАҒАЙ ТАБЫС ТІЛЕЙМІЗ!
