24.03.2023
Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің жатақханасында Наурыз мерекесі ерекше форматта тойлануда. Тәрбиешілер І курс студенттері арасында «Мың бір маржан» тақырыбында зияткерлік сайыс ұйымдастырды. Үш турдан тұратын бұл сайыс ата-бабамыздың тұрмыс-тіршілігін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын қамтитын қымбат қазынасы, рухани байлығы – ауыз әдебиеті туралы болды.
1-тур «Ғажайып алаң» ойыны түрінде өтті. Қатысушылар кезекпен LED экрандағы ұяшықтарда жасырылған тапсырмаларды орындады. Атап айтқанда, мақал-мәтел, тұрақты сөз тіркестері, салт-дәстүр туралы сұрақтарға жауап берді, жұмбақтар шешті.
2-тур тапқырлықты, шапшаңдықты талап ететін айтыстың ең қызық түрі – қайым айтыс түрінде өтті. «Қайым айтыстың» негізгі шарты – берілген екі жолдың ұйқасын бұзбай, соңғы екі жол арқылы жауап қайтару. Бұл сайыста екі топ та өлеңнен құралақан емес екенін көрсетті.
3-тур «Тұрмыс-салт жырлары» деп аталды. Әр топ тұрмыс-салт жырларының бір түрін таңдап, алдын ала дайындаған көріністерін көрсетті. Екі топ та бұл сайысқа зор жауапкершілікпен дайындалып келіпті. ФБ-11 тобы «Жар-жар», ал БМ-11 тобы «Сыңсу» жырын шебер орындады.
Жеңіс ең көп ұпай жинаған ФБ-11 тобына бұйырды. Жалпы қатысушылар да, көрермендер де іс-шарадан керемет көңіл-күйде жадырап шықты. Жатақханада тұратын студенттерді, әсіресе І курс студенттерін әлеуметтендіруде, олардың бойына мейірімділік, бауырмалдық сияқты адамгершілік құнды қасиеттерді сіңіруде осындай бірлескен іс-шаралардың маңызы зор.