2022 жылдың 31 мамыр күні Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінде саяси қуғын–сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай тарих пәнінің оқытушыларының ұйымдастыруымен «Зұлмат жылдар жаңғырығы» атты іс-шара өтті. Колледж ұжымы мен студенттері зұлмат жылдардың жазықсыз жандарын бір минут үнсіздікпен еске алды! Аталмыш іс-шараға колледждің І,ІІ курс студенттері белсенді қатысып, арнау өлеңдерін оқыды. Тарихтың тарғыл бетін ақтару үшін тарих пәнінің оқытушысы Қабдуалиев Ұлан Балғабайұлы «Қазақстандағы қуғын-сүргін саясатының тарихи бағыты» атты баяндама оқыды. Іс-шараға қатысушылар «Тарихтан тағылым, өткенге тағзым» атты бейнеролик тамашалап, музыка пәнінің оқытушысы Жаншаев Ерсұлтан Ғафурұлының орындауындағы күй атасы Құрманғазының «Кішкентай» күйіне құлақ түрді. Сондай-ақ «Жас дәурен» триосы «Отан Ана» әнін орындап, бойдағы рухты оятты.
Біз бүгінгі Тәуелсіз елдің жас ұрпағы саяси қуғын-сүргін құрбандары алдында бас иеміз! Рухы асқақ, жандары жәннатта болғай!