«ТЕОРИЯДАН ТӘЖІРИБЕГЕ: СТУДЕНТТІҢ КӘСІБИ ҚАДАМЫ»
22.09.2026
Ж. Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың қолданбалы бакалавры» біліктілігі бойынша білім алатын МД-31 тобының студенттері 2026 жылғы 14–25 қыркүйек аралығында Көкшетау қаласындағы «Алтын бала» бөбекжайында педагогикалық практикадан өтуде.
Студенттердің кәсіби біліктілігін қалыптастыруда өндірістік және педагогикалық практиканың маңызы зор.
Практиканың мақсаты – болашақ педагогтердің кәсіби құзыреттіліктерін қалыптастыру, теориялық білімдерін практикалық қызметпен ұштастыру, мектепке дейінгі ұйымдағы оқу-тәрбие жұмысының мазмұны мен әдістемесін меңгерту.
Білім алушылар тәжірибе жетекшілерінің қолдауымен ашық оқу қызметтерін өткізіп, қимылды және дидактикалық ойындар ұйымдастырып, балалардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға бағытталған тапсырмалар дайындауда. Бұл жұмыстар студенттердің педагогикалық шеберлігін жетілдіріп, болашақ мамандығына деген жауапкершілігін арттыруға мүмкіндік береді.
Практика барысында студенттер тек кәсіби дағдыларын қалыптастырып қана қоймай, балалармен жұмыс істеудің ерекшеліктерін, педагогикалық әдепті, ұжыммен жұмыс істеу мәдениетін және әр баланың жеке ерекшелігіне құрметпен қарауды үйренуде.
Балабақшадағы практика – болашақ педагогтердің кәсіби қалыптасуының маңызды кезеңдерінің бірі. Теориялық білім мен практикалық тәжірибені ұштастыру арқылы студенттер өз мамандығына қажетті құзыреттерді қалыптастырып, педагогикалық қызметке алғашқы қадамдарын жасауда.
Студенттердің практика барысындағы жұмыстарына жетекшілік жасап, әдістемелік көмек көрсетуші – практика әдіскері Құрметқызы Мейрамгүл.