АҚМОЛА ОБЛЫСЫ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ ЖАНЫНДАҒЫ Ж.МУСИН АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ ЖОҒАРЫ ҚАЗАҚ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІ» МЕМЛЕКЕТТІК КОММУНАЛДЫҚ ҚАЗЫНАЛЫҚ КӘСІПОРНЫ
ГОСУДАРСТВЕННОЕ КОММУНАЛЬНОЕ КАЗЕННОЕ ПРЕДПРИЯТИЕ «КОКШЕТАУСКИЙ ВЫСШИЙ КАЗАХСКИЙ ПЕДАГОГИЧЕСКИЙ КОЛЛЕДЖ ИМ.Ж.МУСИНА» ПРИ УПРАВЛЕНИИ ОБРАЗОВАНИЯ АКМОЛИНСКОЙ ОБЛАСТИ

«ТжКББ ЖҮЙЕСІНДЕ ПЕДАГОГ МАМАН ДАЯРЛАУДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН МЕН ҚЫТАЙ ЕЛІНІҢ БІЛІМ БЕРУ ТӘЖІРИБЕСІ»

08.09.2026

2026 жылдың 7 қыркүйек күні Ақмола облысы білім басқармасы жанындағы «Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжі» МКҚК базасында «ТжКББ жүйесінде педагог маман даярлаудағы Қазақстан мен Қытай елінің білім беру тәжірибесі» тақырыбында кәсіби ынтымақтастық алаңы өткізілді.
Кәсіби ынтымақтастық алаңының негізгі мақсаты – колледж ұжымын аккредиттеуші орган – Institute of Vocational Education Research (IVER) өкілдерімен таныстыру, аккредиттеу жүйесі туралы ақпарат беру, аккредиттеу туралы шартқа қол қоюға дайындық жүргізу және 01120100 «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» мамандығы бойынша аудит өткізу аясындағы жұмыстарды ұйымдастыру болды.
Іс-шараға Халықаралық білім беру және инновациялық орталығының мамандары, Қытай Халық Республикасының делегациясы, Ақмола облысы білім басқармасының өкілдері, колледж әкімшілігі және студенттер қатысты.
Кездесу барысында шетелдік қонақтарды қарсы алу рәсімі ұйымдастырылып, қатысушыларға өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік берілді. Іс-шараның ресми бөлімінде Ақмола облысы білім басқармасының техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру бөлімінің басшысы Нұралин Нажимедин Мұратұлы және ТжКББ дамыту орталығының басшысы Ибраев Нартай Ерназарұлы алғы сөз сөйлеп, кәсіби ынтымақтастықтың маңыздылығына тоқталды.
Кәсіби алаң аясында Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің ұжымын аккредиттеуші орган – Institute of Vocational Education Research (IVER) өкілдерімен және аккредиттеу жүйесімен таныстыру жұмыстары жүргізілді. Аталған бағыт бойынша Халықаралық білім беру және инновациялық орталығының директоры Абзал Айман Сьезбекқызы және профессор Сунь Шаньсюэ, Ph.D. ақпарат берді.
Сонымен қатар колледж және мектепке дейінгі бөлімнің қызметі туралы ақпарат ұсынылып, колледждің білім беру бағыттары мен мамандар даярлау ерекшеліктері таныстырылды. Бұл бағытта ағылшын тілі бөлімінің меңгерушісі Қаппас Айсара Жанатқызы баяндама жасады.
Кездесудің практикалық бөлімінде аккредиттеу аясында жүргізілетін жұмыстармен таныстыру ұйымдастырылып, мектепке дейінгі білім беру саласындағы заманауи әдіс-тәсілдер мен кәсіби даярлау бағыттары бойынша тәжірибелер ұсынылды.
Сөйлеу тілінде бұзылыстары бар балалармен жұмыс жүргізудің заманауи әдіс-тәсілдері және оларды практикада қолдану жолдары таныстырылды. Сонымен қатар мектепке дейінгі ұйым тәрбиешілерін даярлау үдерісінде заманауи педагогикалық технологияларды тиімді қолдану мәселелері қарастырылды.
Сондай-ақ мектепке дейінгі білім беру мамандарын даярлау барысында кәсіби-практикалық дағдыларды қалыптастыру мәселесі қозғалып, білім алушылардың кәсіби құзыреттіліктерін дамытуға бағытталған жұмыстар ұсынылды.
Кәсіби ынтымақтастық алаңы аясында «Қолөнер мен тәрбие: ұлттық құндылықтар сабақтастығы» тақырыбында шеберлік сыныбы ұйымдастырылды. Шеберлік сыныбы барысында ұлттық құндылықтарды білім беру үдерісімен сабақтастырудың тиімді жолдары көрсетілді.
Іс-шараның қорытынды бөлімінде «Шабыттанған жүрек – шығармашыл тұлға» тақырыбында шағын концерттік бағдарлама ұсынылып, қонақтарға колледж студенттерінің шығармашылық қабілеті мен өнері таныстырылды.
Кәсіби ынтымақтастық алаңы барысында Қазақстан мен Қытайдың техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы тәжірибелері сараланып, педагог мамандарды даярлау, білім сапасын қамтамасыз ету, кәсіби құзыреттілікті қалыптастыру және халықаралық ынтымақтастықты дамыту бағыттары талқыланды. Сонымен қатар халықаралық аккредитациядан өту аясында білім алушылардың академиялық ұтқырлығын жүзеге асыру, Қытай мен Қазақстанның білім беру бағдарламаларын өзара ықпалдастыру және озық тәжірибелерді оқу үдерісіне енгізу мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Аталған кәсіби ынтымақтастық алаңы – Қазақстан мен Қытай арасындағы білім беру саласындағы өзара тәжірибе алмасуды нығайтуға, халықаралық әріптестікті дамытуға және педагог мамандарды даярлау сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам болды.

Просмотров: 136


Добавить комментарий



Включить данные в подпись

СоцСети

Ұйымдар тізімі
Текст