18.03.2026
2026 жылғы 17 наурыз күні Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінде №3 ғылыми-әдіснамалық және инновациялық кеңестің кезекті отырысы өтті. Кеңес отырысы оқу-әдістемелік жұмыстың сапасын арттыруға, білім беру үдерісіне инновациялық тәжірибелерді енгізуге және педагогтердің ғылыми-әдістемелік еңбектерін талқылауға арналды.
Кеңес барысында күн тәртібіне сәйкес бірқатар маңызды мәселелер қарастырылды. Атап айтқанда, оқу-әдістемелік материалдардың жаңашылдық деңгейі мен практикалық маңыздылығына жүргізілген колледжішілік, облыстық және республикалық сараптама нәтижелері талқыланды. Сараптама қорытындысы негізінде педагогтердің оқу құралдары мен оқу-әдістемелік еңбектерін білім беру үдерісінде кеңінен қолдану ұсынылды.
Сонымен қатар элективті курс жетекшілерінің жұмыс нәтижелері тыңдалып, 2026–2027 оқу жылына арналған элективті курстардың мазмұнын жаңарту және білім беру бағдарламаларымен сабақтастығын жетілдіру мәселелері қарастырылды.
Кеңес отырысында кітапхана қызметінің цифрлық мүмкіндіктерін дамыту, студенттердің кітап оқу мәдениетін қалыптастырудың заманауи тәсілдерін енгізу мәселелері де талқыланды. Осы бағытта кітапхана қызметін жетілдіру және білім алушылардың оқу белсенділігін арттыру бойынша ұсыныстар айтылды.
Сондай-ақ дипломдық жұмыстарды орындау талаптарының сақталуы, алдын ала қорғау нәтижелері және дипломдық зерттеу тақырыптарының электронды базасын жаңарту мәселелері қарастырылды. Студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстары академиялық адалдық қағидаттарына сәйкес жүзеге асырылуы қажеттігі ерекше атап өтілді.
Кеңес қорытындысы бойынша бөлім меңгерушілеріне, кафедра жетекшілеріне және жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берілді. Қабылданған шешімдер колледждегі ғылыми-әдістемелік қызметті жетілдіруге және білім беру сапасын арттыруға бағытталған.