27.02.2026
Ағымдағы жылдың 27 ақпан күні «Фольклор мұраларын зерделеу» пәні аясында «Ұлыс жыры – ұлттық келбет» тақырыбында мазмұнды дуэт-сабақ өтті. Сабақты білікті ұстаз, педагог-шебер Серкешбаева Гүлжанат Нурмагамбетовна мен педагог-тағылымдамашы Бақыт Арайлым Аманжолқызы бірлесе ұйымдастырып, жүргізді.
Сабақтың негізгі мақсаты – Ұлыс жырларының түрлерін, тәрбиелік мәнін ұғындыру, жырлардың идеялық мазмұнын түсіндіру және ұлттық құндылық ретіндегі маңызын бағалай білуге бағыттау. Сонымен қатар, білім алушылардың дүниетанымдық көзқарасын қалыптастырып, адал азамат құндылықтары қағидаларын ұғындыру көзделді.
Сабақ барысында білім алушылар Ұлыс жырларының жанрлық ерекшеліктерін ажыратып, әрбір жырдың мазмұндық сипатын жүйелі түрде талдады. «Мұхаррам» мен «саумалық» ұғымдарының мәнін ашып, олардың халықтық таныммен сабақтастығын түсіндірді. Ұлыс жырларының тағылымдық қырын саралап, қазіргі қоғамдағы рухани орнын айқындады.
Топтық және жұптық жұмыстар арқылы білім алушылар өзара пікір алмасып, шығармашылық тапсырмалар орындады. Ақпарат көздерін салыстырып, жинақтап, ой қорытындысын жасап, өз көзқарастарын дәлелді түрде ұсынды. Бұл олардың сыни ойлау дағдыларын дамытып, рухани-танымдық және азаматтық ұстанымдарының қалыптасуына ықпал етті.
Дуэт-сабақ форматы педагог-шебердің тәжірибесі мен жас маманның жаңашыл ізденісін үйлестіріп, оқу үдерісінің тиімділігін арттырды. Теориялық білім мен практикалық әрекет ұштастырылып, білім алушылардың белсенділігі мен қызығушылығы жоғары деңгейде көрінді.
Сабақ соңында білім алушылар Ұлыс жырларының мәнін қорытындылап, ұлттық құндылықтардың маңыздылығы туралы тұжырым жасады. Бұл сабақ ұлттық мұраны дәріптеуге бағытталған мазмұнды әрі тәрбиелік мәні зор білім беру үдерісінің жарқын үлгісі болды.