2025 жылдың 18 қыркүйегінде Ж. Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің Мектепке дейінгі тәрбие бөлімінде I курс студенттерін қарсы алуға арналған дәстүрлі «Танысу кеші» өтті. Шараның мақсаты – жаңа студенттерді бөлім ұжымымен таныстырып, олардың шығармашылық әлеуетін ашуға жағдай жасау болды.
Алғашқы құттықтау сөзді бөлім меңгерушісі Нұргүл Серікқызы мен ұстаздар Сағира Абзалқызы, Айгүл Тоқтауылқызы айтып, жас мамандық иелеріне ақ жол тіледі.
Іс-шара барысында бөлім тарихы мен жетістіктері жайлы қысқаша мәлімет беріліп, студенттердің жетістіктерін қамтыған презентация көрсетілді. Жаңа студенттердің қызығушылығын арттыру мақсатында танымдық ойындар, викторина, сергіту сәттері ұйымдастырылып, шығармашылық өнерлерін көрсетуге мүмкіндік жасалды.
Студенттер би билеп, ән шырқап, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Сонымен қатар, Жолдас Мерейлім мен Абильмажинова Махаббат дайындаған көрмеде түрлі дидактикалық ойындар таныстырылып, тәжірибелік әдістемелік материалдар көрсетілді. Қабашева Айлана мен Сайлаубекова Ажар интерактивті ойындар өткізіп, студенттердің белсенді қатысуына жол ашты.
МД-31 және МД-32 топтарының практикасы туралы бейнеролик көрсетіліп, студенттердің кәсіби дайындықтағы алғашқы қадамдары паш етілді. Сондай-ақ, АКТ технологиялары арқылы өткізілген ойындар кешке ерекше серпін берді.
Кеш соңында бөлім ұжымы студенттерге кішігірім сыйлықтар табыстап, жаңа оқу жылына сәттілік тіледі. Жүргізушілер бөлім ұранын тағы бір мәрте еске салып: «Баланың болашағы – тәрбиешінің қолында» деген сеніммен болашақ тәрбиешілерге шабыт берді.
Бұл кеш – студенттер үшін жаңа өмірдің бастауы әрі үлкен арманға жол ашатын маңызды сәттердің бірі болды.