2025 жылдың 15 Мамыр күні Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінде «Сөз зергері» элективті курсының мүшесі, Мұратбек Фархаттың «Шексіз ой» атты өлеңдер жинағының тұсаукесер рәсімі өтті. Шараның ашылуында колледж директорының ғылыми-әдістеме жөніндегі орынбасары Бақытгүл Ерғалиқызы құттықтау сөз сөйлеп, шығармашылық табыс тіледі. Кеш барысында «Сөз зергері» және «Ақ қауырсын» үйірмелерінің белсенді мүшелері «Шексіз ой» жинағынан үзінділер оқып, көрермен қауымға жырдан шашу шашты. Сондай-ақ, «Сөз зергері» элективті курсының жетекшісі Жәнібек Бердімұратұлы мен Филология бөлімінің меңгерушісі Арайлым Қайыргелдіқызы сөз алып, жас ақынға шығармашылық жолда сәттілік тілеп, жылы лебіздерін білдірді. Аталмыш шара – колледжіміздегі жас дарындарды қолдаудың, олардың шығармашылық әлеуетін дамытуға жағдай жасаудың нақты көрінісі болды. Жас өреннің бұл бастамасы алдағы үлкен шығармашылық жолының бастауы болсын!