Төлеген Қажыбай – теңдесі жоқ суреткерлер, ақындар мен жазушылар, сөз зергерлерінің ұлы көшін жалғастырушы, проза мен поэзияны қатар ұстанған, артынан асыл мұра мен айшықты із қалдырған ардақты азамат. Қасиетті Көкше топырағының тумасы қанаты талмас, жанары алмас қаламгер бүгінде қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар тұлғаға айналды.
Төлеген Қажыбайдың болмысын айқындай түсетін «Тағылым» атты монография жазылды. Еңбек авторы, әдебиеттанушы-журналист Дәулет Әмірұлы қазіргі қазақ әдебиетінде Төлеген Қажыбайұлынан басқа үш түрлі жанрда еңбек еткен жазушы некен-саяқ деп көрсетті. Осы жолда ертелі-кеш тер төгіп, әдебиеттің ұш тағаны – поэзия, проза, драма жанрында еркін қалам сілтеді. Бұл да өрісі кең, тақырып диапазоны ауқымды қарымды қаламгер екендігінің тағы бір айғағы. Жазушының кең тынысты шығармашылығы талайды тебірентпей қоймады. Жазушы қаламынан туған «Жанымның жапырақтары», «Жырлайды жүрек», «Қарасай дастан», «Сексен көл сылдыры», «Жыр-ғұмыр», «Айналайын атыңнан», «Құлан қырғыны», «Қан кешу», «Махаббат әні», «Жеті жыл», «Көкшетау қарлығаштары», «Ақиқат жолы алыс жол», «Самурайдың серт семсері», «Сәуле – менің ауылым» кітаптары – әдебиеттің алтын қорынан ойып тұрып орын алатын туындылар.
Ақын поэзия әліміне өзінің алғашқы туындысы «Жолбасы» атты еңбегімен келді. Оқырман қауымды өзінің айшықты тұлғасын анықтайтын негізгі арна – ұлттық сана болмысын ерекше жырлай білуімен тәнті етті. Төлеген Қажыбай туған ел табиғатын суреттеу арқылы адамның ішкі сезімін, елдің әлеуметтік өмірін, ізгі дәстүрлерін, халқымыздың ұлағатты дәстүрін тамаша өрнектейді. Халық арасында ерліктері еленген тұлғалар туралы «Сейіт-Бөкен», «Жәпеқ батыр» сынды дастандарынан аңғаруға болады.
Қаламгердің драматургиясы да өз алдына бір төбе. Тәуелсіздіктің көк туы желбіреген шақта тарихтан тағылымды ой толғаған Төлеген Қажыбай туындылары өткенді жаңғыртып, ұлт жанашырларын қайта сөйлетті. «Ұмытпа мені, Гәккуім», «Жындар биі», «Зауал», «Хан Кененің қазасы» драмалары Ақмола облыстық драма театрларында көрермен көңілінен шыққан қойылымдарға айналып үлгерді.
Қазақтың әйгілі ақыны Жақан Сыздықов, белгілі аудармашы Қажымұрат Сыздықов қатарлы шығармашыл әулеттен шыққан Төлеген Сыздықұлының бір қыры – журналистика саласы. Еңбек жолын Көкшетау облыстық «Көкшетау правдасы» газетінде бастаған. Кейін Целиноград облыстық «Коммунизм нұры» газетінде, облыстық телерадио комитетінде істеді. Көкшетау облысы тарағанға дейін облыстық газет редакторының бірінші орынбасары, облыс тарағаннан кейін Солтүстік Қазақстан облыстық «Солтүстік Қазақстан», Ақмола облыстық «Арқа ажары» газеттерінің Көкшетау қаласындағы тілшілер қосының жетекшіл қызметтерін атқарды. Тәуелсіз «Бұқпа» газетінің бас редакторы болды. Жарты ғасырдан астам көз майын тауысып жазған дүниелері сан алуан тақырыпты қамтыды. Жазушының кең тынысты туындылары талайды тебірентпей қоймады. Ақынның сыршыл сурет, сұлу сезімдері салмақты ой мен пәлсапалық пайымы оқырманын бірден баурап өзіне тәнті етеді, рухани ләззатқа бөлейді. Оның шығармашылық еңбегінің құндылығы да осында болса керек.
Арқалы ақын, қазақтың қара сөзінен қаймағын қалқыған суреткер жазушылығымен қатар Көкше жерінің құрметті азаматы, қайраткері бола білді. Өңірдің қоғамдық, білім мен ғылым, экологиялық, өзге де мәселелеріне бей-жай қарамады. Өмірінің соңына дейін қаламын серік еткен белгілі қаламгер Қажыбай Төлеген Сыздықұлын қазақ әдебиеті көшінің ірі тұлғасы ретінде танимыз.