АҚМОЛА ОБЛЫСЫ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ ЖАНЫНДАҒЫ Ж.МУСИН АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ ЖОҒАРЫ ҚАЗАҚ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІ» МЕМЛЕКЕТТІК КОММУНАЛДЫҚ ҚАЗЫНАЛЫҚ КӘСІПОРНЫ

ГОСУДАРСТВЕННОЕ КОММУНАЛЬНОЕ КАЗЕННОЕ ПРЕДПРИЯТИЕ «КОКШЕТАУСКИЙ ВЫСШИЙ КАЗАХСКИЙ ПЕДАГОГИЧЕСКИЙ КОЛЛЕДЖ ИМ.Ж.МУСИНА» ПРИ УПРАВЛЕНИИ ОБРАЗОВАНИЯ АКМОЛИНСКОЙ ОБЛАСТИ

Президент Жолдауы

02.09.2020
Қазақстан Республикасының жаңа президенті сайланғалы бері бір жылдан астам уақыт өтті. Билік басына жаңа адамның келуі қоғамды айтарлықтай елең еткені белгілі. Бұл өзекті оқиға, шыны керек, халықтың басым көпшілігінде елімізде заман ағымына сай өзгерістер болады деген үміт отын оятты. Алайда Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғашқы жылы Қазақстанның аса күрделі кезеңіне сәйкес келді. Еліміздің ірі қалаларындағы заңсыз митингтер, Арыстағы жарылыс, жаһандық пандемия мен экономикалық дағдарыс сияқты ауқымды мәселелер Президентке жаңа бастамалар мен реформалар көтеруге мүмкіндік бермей, керісінше саяси-экономикалық және қоғамдық мәселелердің санын арттыра түсті. Қасым-Жомарт Кемелұлы жыл бойы халыққа біренеше үндеу жариялап, әрдайым іскерлігі мен кәсібилігін көрсетіп келді. Дегенмен, бұл үндеулер, 2020 жылдың 1 қыркүйегінде жарияланған Жолдаудан мүлдем өзгеше. Президенттің жаңа Жолдауы Парламент палаталары мен Үкімет және мемлекеттік органдар өкілдерінің алдында халыққа жария етілді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, ең алдымен, мемлекеттің қиын-қыстау кезеңінде COVID-19-ға қарсы күрескен дәрігерлер мен құқық қорғау органдарына, еріктілер мен кәсіпкерлерге алғысын білдіріп, жасалған іс-шараларға тоқталып өтті. Пандемия кезеңінде Үкімет тарапынан елімізде бұрын-соңды болмаған әлеуметтік көмек көрсетілді. Мұқтаж жандарға мақсатты жарналар төлеу кезінде олқылықтар болғанына қарамастан, уақытша жұмыссыз қалған 4,5 млн. азаматымызға 42 500 теңге бірнеше рет төленді. Сондай-ақ 1 млн.нан астам адамға азық-түлік таратылды. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының бастамасымен құрылған «Біз біргеміз» қорының жұмысы да жанданды. Әрине, бұл шаралар пандемия мен оның салдарымен күрес жолында аса маңызды қадам болса да, жұқпалы індетке қарсы күрес әлі де жалғасуда. Президент бұл туралы тағы да ескертіп, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының пандемия 2 жылға дейін созылуы мүмкін деген болжамын естіртті, кешенді шараларды жүзеге асыруды талап етті.
Мемлекеттегі кез келген даму реформалардан басталатынын жақсы білеміз. Жолдаудан түйгенім, енді оның басында Президент пен оның жанында құрылатын – Реформалар бойынша жоғарғы президенттік кеңес тұрмақ. Жаңа агенттік, Қасым-Жомарт Тоқаев айтып кеткендей, реформалардың форматын өзгертіп, ендігі кезекте реформалардың үдерісіне емес, нәтижесіне басым бағыт береді деген үміттемін.
Президент Жолдауында мемлекеттік шенеуніктер аппаратын реформалауға ерекше мән берілді. 125 миллион халқы бар Жапонияда 9 мың шенеунік қана бар екенін білетін азаматтың келесі заңды сұрағы туындайды: 18 миллиондық Қазақстанға 100 мың шенеуніктің қаншалықты қажеті бар? Бұл мәселе бұрыннан көтеріліп келсе де, тек алдағы жылдары ғана шешімін таппақ. Шенеуніктердің санын 25%-ға қысқарту еліміздің қазынасына түсетін қаржылық салмақты азайтатыны айдан анық.
Қасым-Жомарт Кемелұлы биылғы Жолдауында қоғам аузында жүрген барлық сұрақтардан хабардар екенін тағы да көрсетті. Соның ішінде квазимемлекеттік құрылымдардың жағдайы да, мемлекеттік сатылымдар мәселесі де көтерілді. Мемелекеттің қаражатын жұмсап жатқан органдардың ашықтығы, әсіресе қаржылық тұрғыдан, мемлекет пен халықтың қаражатты бірлесе бақылау жолындағы маңызды қадам болмақ деген сенімдемін.
Қазақстан жер аумағы бойынша әлемнің 9-шы мемлекеті болса да ауыл шаруашылық әлеуетін тиісті пайдалана алмай келе жатқан елдердің бірі. Сондықтан бұл Жолдау да ауыл мәселесін қозғады. Жолдауда Ауыл шаруашылығының 7 ірі экожүйесін дамыту жарияланды. Сонымен бірге ауыл шаруашылық кооперативтер құру ісін жандандыру ұсынылды. Бүгінде ауыл тұрғындары жер, техника, жанармай құрал-жабдықтар тапшылығын қатты көруде, сондықтан өздері өндірген өнімдерін арзан бағаға алып-сатарларға сатуға мәжбүр. Бұл үдеріс қаншама жыл жалғасып келсе де, әлі де сол қалпында. Президент ұсынып отырған ауыл шаруашылық кооперативтері мәселенің шешімі де болуы мүмкін. Оның есесіне, бүгінде алпауыт елге айналған Қытайдың ауыл шаруашылық гүлденуі осы кооперативтерден басталғанын ескергеніміз жөн.
Жолдау талқыда жүрген тағы бір мәселенің түйінін тарқатты: Жер шетел азаматтарына сатылмайды.
Жолдаудың басым бағыттарының бірі шағын және орта бизнеске арналды. Бизнесті мемлекеттік субсидиялаудың жалғасуы, несие мен салық бойынша төлемдерді шегертулер еліміздің кәсіпкерлеріне жақсы жаңалық болды. Сондай-ақ президент экспорттық тауар өндірумен айналысатын кәсіпкерлерді қолдауға баса назар аударды. Қазақстан тауарлардың 2/3 бөлігін сырттан тасымалдайтынын ескерсек, бұл өте дұрыс шешім.
Соңғы жылдары азаматтарымыздың қаржылық сауатсыздығы салдарынан қаржылық пирамидалар мен ұйымдардың белсенділігі артып кетті. Оған қоса ұсақ қаржылық ұйымдар мен ломбардттардың да табысы еселеніп өсті. Осының салдарынан үй-жайсыз, ақшасыз қалған азаматтарымыздың саны жүз мыңдаған. Президент халықты қаржылық сауаттылыққа шақыра отырып, несиені беру кезінде азаматтардың төлеу қабілетін ескеруге шақырды.
Нарықтық экономика заманында «бәсекелестік» қана дамудың негізгі кілті бола алатыны Батыс елдерінде бұрыннан қағидаға айналды. Өкініштісі, Қазақстанның бұл саладағы жетістіктері мардымсыз. Экономиканың негізгі салаларына, әсіресе мұнай-газ, көмір, энергия, қаржы, көлік және байланыс монополиясын орнатқан квазимемлекеттік ұйымдар мен жеке компаниялар нарықта бәсекелестіктің болуына тосқауыл қоюда. Сондықтан Қасым-Жомарт Кемелұлының қоғамдық бақылауды ұлғайту және моноползациялауды тоқтату талабы әбден орынды.
Президент Жолдауында азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатына арттыруға бағытталған бірнеше бастамалар көтерілді. Алдағы жылдары тұрғындарды тұрмыс үймен қамтамасыз ету бағдарламаларын («5-10-25», «Нұрлы Жер», «Жалдамалы баспана») жүзеге асыру әрі қарай күшейтіледі.
Қ.Ж. Тоқаев қоғамды жайлаған «дерттерге» қатысты да тоқталып өтті. Еліміздің түкпір-түкпірінде кәмелет жасқа толмаған балаларға қатысты қылмыстардың көбеюі, жастардың букмекерлік конторалар мен ойын-сауық орталықтарында уақыттарын зая өткізуі еліміздің әрбір азаматын алаңдатуы тиіс. Президент ұсынған «Мемлекеттің әлеуметтік кодексі» аталған мәселелерді шешуде бастама болып қана қоймай, жастардың еңбек мен білімге деген көзқарасын өзгертеді деп санаймын.
Жаһандық пандемиядан қатты жапа шеккен салалардың бірі – білім саласы. Білім саласын цифрландыруға миллиардттаған қаржы жұмсалса да, балаларды оқытатын бірыңғай онлайн платформаның жасалмауы жаңа мәселелер туындатты. Сәйкесінше, бұл оқушылардың сауаттылық деңгейінің төмендеуіне алып келді.
Биылғы жылы оқытуышалырдың жалақысы тағы да 25%-ға артатын болды. Бұл мұғалімнің әлеуметтік жағдайын арттырып қоймай, білім сапасының артуына да әсер етеді деген пікірдемін.
Жолдауда «диплом басып шығарумен» айналысып келе жатқан жоғары оқу орындарын жабу мәселесі де көтерілді. Бұл жұмыс баяу болса да, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың басқаруымен жүзеге асып келе жатқаны белгілі.
Бүгінде елдің денсаулық сақтау саласы мемлекеттік саясаттың жетекші бағытына айналды. Пандемия Қазақстанның бұл саладағы барлық кемшіліктері мен олқылықтарын көрсетті. Ендігі кезекте оларды жойып, бәсекеге қабілетті денсаулық сақтау саласын қалыптастыру бағдарламасы жүзеге асатын болды.
2020 жылғы Жолдаудың жаңа бағыттарының бірі – экология. Карантин уақытында интернет желісінде Қазақстанның бірқатар азаматтарының қоршаған ортамызға деген ниеті қаншалықты «түзу» екенін барлығымыз көрдік. Бұрын жабулы қазан күйінде қалған бұл мәселе де енді Президенттің бастамасымен заңды негізге ие болатыны қуантарлық жағдай.
Жолдау барысында Президент «Әділетті» және «Құлақ асатын мемлекет» құру идесын жариялады. Алайда мемлекетіміздің қалыптасып қалған құрылымдарын реформалау күрделі жұмыстарды қажет етеді. Ол үшін Құқық қорғау органдарын, Прокуратура мен Сотты, жергілікті өзін-өзі басқару органдарын түбегейлі реформалау қажет екені түсінікті. Бұл жұмыс Президенттің тапсырмасымен цифрландыруды жалғастыру, қоғамдық кеңестердің жұмысын дамыту арқылы ұштастырыла жүзеге асырылуы тиіс.
Қасым-Жомарт Кемелұлы бастағалы отырған реформалар «ұлттың жаңа болмысын қалыптастырып», ұлы Абай мен Ыбырай аңсаған, жуапкершілігі зор, білімді де әділ, адал да ұқыпты, тиянақты әрі зияткер ұлттың өмірге келу жолының жаңа беті болады деп сенгім келеді.
Шайхыгалиев Ербол Аманжолович
Ж. Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің тарих пәнінің оқытушысы, гуманитарлық ғылымдар магистрі
Просмотров: 429


Добавить комментарий



Включить данные в подпись

СоцСети

Ұйымдар тізімі
Текст