0105000 «Бастауыш білім беру» мамандығының ІV курс студенттері Көкшетау қаласындағы № 3 көптілде оқытатын кәсіби мектеп-гимназиясы, № 16, № 17, № 18 жалпы білім беретін орта мектептерде «Баланың мектептегі алғашқы күндері» және байқау практикасы бойынша тәжірибеден өтті. Мақсаты – балалардың мектептегі алғашқы күндері, жаңа ортаға бейімделу кезеңінің ерекшеліктерін бақылау және талдау.
13 қазан күні оқу орнымызда практика қорытындысы бойынша «БІЛІМДІ ҰРПАҚ – БОЛАШАҚ КЕПІЛІ» тақырыбында конференция ұйымдастырылды. Әр мектепте практика барысында бастауыш сынып оқушыларымен жүргізген жұмыс түрлерінен есептер беріліп, нәтижелерімен бөлісті. Әр сабақтарынан бейнетаспа бойынша үзінділер көрсетіліп, мектепте алған кәсіби дағдылары туралы хабарлады. Мектеп ұстаздарының бейнетаспа арқылы пікірлері тыңдалды. Практика барысында жинақтаған портфолиоларынан көрме ұйымдастырып, құжаттармен таныстырып өтті.
Бастауыш мектеп бөлімінің ІІ, ІІІ курс студенттері практика бойынша сұрақтар қойып, өздеріне қажетті мәліметтер алды. Аталған іс-шараға әдіскерлер мен бөлім оқытушылары қатысты.