17.05.2024
2024 жылдың 15 мамырында Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінде «Білім» бейіні бойынша республикалық оқу-әдістемелік бірлестігі логопед мамандарын даярлауда кездесетін мәселелерді анықтау, арнайы педагогиканың ғылыми-теориялық, әдіснамалық аспектілерін талқылау, білім беру бағдарламаларының жоғары оқу орындарымен (академиялық бакалавриат) интеграциясын жетілдіру мақсатында «Логопедия» мамандығының «Логопед қолданбалы бакалавры» біліктілігі бойынша желідегі 5 колледждермен әдістемелік вебинар ұйымдастырды. Вебинар модераторы, республикалық оқу-әдістемелік бірлестігінің орынбасары Батаносова Бақытгүл Ерғалиқызы педагогикалық колледждерде логопед мамандарын даярлау сапасын қамтамасыз ету механизмдеріне тоқтала келе, еңбек нарығындағы логопед қызметінің функционалдық ерекшеліктерін атады.
Аталған вебинарға М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің кафедра жетекшісі Сахиева Мөлдір Ерназарқызы «Ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арнайы технологиялар мен құралдар арқылы педагогикалық сүйемелдеу» тақырыбында, Мұрын жырау Сеңгірбекұлы атындағы Маңғыстау жоғары педагогикалық колледжінің директордың оқу жұмысы жөніндегі орынбасары Нұргүл Жұмагелдіқызы «Педагогикалық колледждерде логопед мамандарын даярлаудағы мәселелер», Семей көпсалалы колледжінің директордың оқу жұмысы жөніндегі орынбасары Назгүл Сабырқызы, Жаркент жоғары педагогикалық колледжінің арнайы пәндер оқытушысы Жамила Байқожақызы «Логопед – маман дайындау оның болашақ кәсіби қызметінің негізі», Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» бөлімінің меңгерушісі Гүлден Тұрлыбекқызы «Педагогикалық колледждерде логопед мамандарын даярлаудағы тәжірибе» тақырыптарында баяндама жасап, өз оқу орындарының тәжірибесімен бөлісті. Вебинар нәтижесінде, желідегі бес оқу орны «Логопедия» мамандығының нормативтік-құқықтық актілеріне толықтырулар енгізу, демонстрациялық емтихан материалдарының мазмұны, дипломдық жоба қорғау, арнайы педагогика оқу құралдарымен қамтамасыз ету үшін бірлескен авторлық кешендер жазу бағытында әрі қарай тәжірибе алмасуды жалғастырады.