АҚМОЛА ОБЛЫСЫ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ ЖАНЫНДАҒЫ Ж.МУСИН АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ ЖОҒАРЫ ҚАЗАҚ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІ» МЕМЛЕКЕТТІК КОММУНАЛДЫҚ ҚАЗЫНАЛЫҚ КӘСІПОРНЫ
ГОСУДАРСТВЕННОЕ КОММУНАЛЬНОЕ КАЗЕННОЕ ПРЕДПРИЯТИЕ «КОКШЕТАУСКИЙ ВЫСШИЙ КАЗАХСКИЙ ПЕДАГОГИЧЕСКИЙ КОЛЛЕДЖ ИМ.Ж.МУСИНА» ПРИ УПРАВЛЕНИИ ОБРАЗОВАНИЯ АКМОЛИНСКОЙ ОБЛАСТИ
2024 жылдың 29 ақпанында «Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжі» МКҚК жанындағы Республикалық оқу-әдістемелік бірлестігі «Мектепке дейінгі ұйымдарға мамандар даярлауда педагогикалық экожүйені дамыту қажеттілігі» атты республикалық семинар-практикум өткізді. Негізгі мақсаты: мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту жүйесіндегі педагогикалық экожүйені дамытудың озат тәжірибесін зерттеу және тарату. Семинар-практикумның барысы зерттеушілік және тәжірибелік алаңына бөлінді. Аталған іс-шараға республикадағы барлық педагогикалық-гуманитарлық колледждер онлайн-офлайн форматта қатысты.
Семинар-практикумда ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Техникалық және кәсіптік білім департаментінің басшысы Қасымова Ақзира Бақтыбайқызы Алғы сөз сөйлеп, колледждің іске асырғалы отырған бастамаларына сәттілік тіледі. Ақмола облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Дүйсенова Ботагөз Балапайқызы өз сөзінде іс-шараның маңыздылығын тілге тиек етті. Ақмола облысы әдістемелік орталығының директоры Құрманғалиева Ләззат Сұрағанқызы мектепке дейінгі мекемелер жайлы ақпарат берді.
Семинар-практикум барысында ҚР Оқу-ағарту министрлігі мектепке дейінгі білім беру департаментінің директоры Адамова Манар Елекенқызы мектепке дейінгі білім беру жүйесіндегі жаңа тенденциялардың тетіктерін айтып, интеграциялық оқытудың маңыздылығын баса көрсетті. Сондай-ақ әр спикердің таныстырылымына кәсіби кеңес-тұжырымын және өзекті мәселелердің шешімін табуға өзіндік айшықты ойларын білдірді. Кейін «Білім» бейіні бойынша республикалық оқу-әдістемелік бірлестік орынбасары, PhD докторант, педагог-шебер Батанасова Бақытгүл Ерғалиқызы мектепке дейінгі оқыту және тәрбие кеңістігіндегі педагогикалық экожүйе жайлы талқылау жүргізіп, мектепке дейінгі экожүйенің негізгі құндылықтары, педагог-тәрбиешімен ата-аналардың қарым-қатынасы жайында ой қозғады. Сондай-ақ Ақмола облысы білім басқармасының әдістемелік орталығының мектепке дейінгі бөлім басшысының м.а. Бегжанова Гүлнар Русланқызы «Бүгінгі балабақша: қазіргі мектепке дейінгі білім беру жүйесіндегі негізгі принциптер мен жаңа тәсілдер» баяндамасын оқып, мектепке дейінгі білім берудегі жаңашылдықтарды айқындады.
Педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясының корреспондент мүшесі, ҚР білім беру ісінің үздігі, Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгінің және Бауыржан Момышұлы атындағы «Батыр шапағаты», «Намыс» медалінің иегері, «Жоғары оқу орнының Үздік оқытушысы – 2016», «Білім беру саласының құрметті педагогы» Жұмабекова Фатима Ниязбекқызы мектепке дейінгі тәрбие және оқыту мамандарын даярлауды модернизациялаудағы басым бағыттар мен өзгерістер жайлы ой өрбітіп, озық тәжірибесімен бөлісті. Сонымен қатар М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің профессоры педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Керімбаева Рысты Қалдыханқызы заманауи ойыншықтар арқылы мектеп жасына дейінгі балаларды дамыту тәжірибесін ортаға салып, ұлттық құндылықтарға негізделген авторлық жобаларын ұсынды. М.Әуезов атындағы педагогикалық колледжінің мектепке дейінгі тәрбие және оқыту бөлімінің меңгерушісі Комаева Маржан Сейфуллаевна мектепке дейінгі ұйымдар тәрбиешісі құзіреттілігін қалыптастыруда педагогикалық экожүйе құру жолдарын айқындаса, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің мектепке дейінгі білім беру кафедрасының аға оқытушысы, PhD доктор Тайтелиева Лаура Рахатовна болашақ мектепке дейінгі ұйым тәрбиешілерінің кәсіби әлеуетін дамыту жайлы баса айтса, Астана қаласы әкімдігінің №3 «Қарлығаш» балабақшасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының магистрі Қожахметова Раушан Тоқтарқызы «Қарлығаш» балабақшасының тәжірибесіндегі еркін ойын қызметімен бөлісті. Кейін «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ мектепке дейінгі бөлімінің аға оқытушысы, педагогика ғылымдарының магистрі Жалмұханова Жаңылсын Өтегенқызы мектепке дейінгі ұйымдар педагогтерін қолдаудың тиімді жұмыс жүйесі жайлы талқылады.
Зерттеушілік алаңын қорытындылай келе, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Балаларды ерте дамыту институты» РММ мен Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжі мектепке дейінгі білім беру мазмұнын сапалы қамтамасыз етуді жандандыру мақсатында ынтымақтастық меморандумына қол қойылды.
3 монография, 3-тұжырымдама, 1-стандарт, 5-бағдарлама, 5-оқулық, 15-тен астам оқу құралдары мен 40-тан астам оқу-әдістемелік еңбектерінің авторы Жұмабекова Фатима Ниязбекқызының озат тәжірибесіне арналған арнайы көрме қойылды. Айта кету керек, білім беруде ғалымның еңбектері негізгі құрал болып табылады. Сондықтан да Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту мамандығының студенттері автормен сұхбат құрып, толғандырған сұрақтарына жауап алу мүмкіндігіне ие болды.
Семинар-практикум «BILIM ALU JANE QUZIRETTILIK» кампусында тәжірибелік алаңымен жалғасып Көкшетау қаласының «Нұр бала», «Зерек», «Айша», «Алтын бала» балабақшаларының және колледждің «Мектепке дейінгі» бөлімінің демонстрациялық көрмесі қойылып, озат тәжірибесі көрсетілді.
Тәжірибелік алаңында Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің мектепке дейінгі тәрбие және оқыту бөлімінің меңгерушісі, педагогика ғылымдарының магистрі Балдыкова Гүлден Тұрлыбекқызы өз сөзінде мектепке дейінгі тәрбие және оқыту, білім беру бағдарламаларындағы педагогикалық экожүйені қамтамасыз ету қағидаттарын негізге алса, Щучинск қаласы, жоғары педагогикалық колледжінің арнайы пәндер оқытушысы, педагогика ғылымдарының магистрі Коверчик Кристина Валериевна «Экосистемный подход в подготовке специалистов для дошкольных организаций в условиях педагогического колледжа» тақырыбында баяндама оқыды. Сондай-ақ М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық колледжінің мектепке дейінгі бөлімінің меңгерушісі Ділманова Ғазиза Оразалықызы мектепке дейінгі білім берудің кадрлық әлеуетін күшейтуде жаңаша трендтер жайлы ой өрбітсе, Астана қаласы әкімдігінің № 3 «Қарлығаш» балабақшасының тәрбиешісі, педагогика ғылымдарының магистрі Наурузова Фарида Жумаевна «Қарлығаш» балабақшасы тәжірибесіндегі икемді жоспарлау бағыттарын баса көрсетті. Сонымен қатар колледжің жалпы пәндер оқытушысы, педагогика ғылымдарының магистрі Сатиева Марал Төлегенқызы ойын арқылы балабақшада экологиялық тәрбиені қалыптастырудың маңыздылығын айқындаса, информатика пәнінің оқытушысы, техника ғылымдарының магистрі Қамалиден Айгерім Сағындыққызы информатика саласында экожүйенің орны мен мәселелеріне талқылау жүргізді, мектепке дейінгі педагогика пәнінің оқытушысы, педагогика ғылымдарының магистрі, педагог-шебер Әмірова Сағира Абзалқызы М.Монтессори технологиясындағы педагогикалық құралдарындағы экожүйе өлшемдері жайында озат тәжірибесімен бөлісті. Семинар-практикум соңында резолюциясы оқылып, сауалнама алынып, ашық микрофон ұйымдастырылды.