30.01.2024
Ағымдағы жылдың 29 қаңтар күні Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінде техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының педагогтері арасындағы педагогикалық сала бойынша «Кәсіби шеберлік – 2024» колледжішілік байқауы өтті. Білім жарысында қатысушылар бүгінгі күннің талабына сай педагогикалық ғылымның соңғы жетістіктеріне сүйене отырып, қазіргі заманғы педагог шеберлігінің мәнін, оқытушының білім мен білік дағдыларын көрсететін кәсіби дайындығын демонстрациялады. Педагогтердің кәсіби шеберліктері сыналатын колледжішілік деңгейдегі байқауға оқу орнының білікті де білімді ұстаздары қатысып, оларды арнайы сарапшы-компатриоттар бағалады. Байқау екі кезең, 3 модульден тұрды. Теориялық кезең «Мен және қоғам», модулін құраса, практикалық кезеңде білікті ұстаздар «Әдістемелік жоба» мен «Мультимедиалық технологиялар» көрсетті. Білім жарысынан арнайы пән оқытушылары арасында Тіл және әдебиет кафедрасының жоғары санатты оқытушысы Ілияс Данагүл Нұртайқызы І орынды еншілесе, Мектепке дейінгі педагогика және логопедия кафедрасының арнайы пәндер оқытушысы, педагог-модератор Кравченко Анастасия Петровна ІІ орынға ие болды. Сондай-ақ Информатика кафедрасының арнайы пәндер оқытушысы Өтепбай Досай Жұмаханұлы ІІІ орынды иеленді. Жалпы пәндер оқытушылары арасында І орынды Шетел тілі кафедрасының жалпы пәндер оқытушысы, педагог-модератор Амангелді Ғазиза Ғабдулманапқызы, ІІ орынды Информатика кафедрасының жалпы пәндер оқытушысы Жәнібеков Маралбек Батырбекұлы, ІІІ орынды Әлеуметтік-жаратылыстану пәндері кафедрасының жалпы пәндер оқытушысы Нұрқан Медет Өмірбекұлы еншіледі. І орынды қанжығасына байлаған екі үздік педагог облыстық кезеңге жолдама алды. Құттықтаймыз!!! Облыстық кезеңде жеңіс тілейміз! Білім жолында самғай беріңіздер!