АҚМОЛА ОБЛЫСЫ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ ЖАНЫНДАҒЫ Ж.МУСИН АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ ЖОҒАРЫ ҚАЗАҚ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІ» МЕМЛЕКЕТТІК КОММУНАЛДЫҚ ҚАЗЫНАЛЫҚ КӘСІПОРНЫ

ГОСУДАРСТВЕННОЕ КОММУНАЛЬНОЕ КАЗЕННОЕ ПРЕДПРИЯТИЕ «КОКШЕТАУСКИЙ ВЫСШИЙ КАЗАХСКИЙ ПЕДАГОГИЧЕСКИЙ КОЛЛЕДЖ ИМ.Ж.МУСИНА» ПРИ УПРАВЛЕНИИ ОБРАЗОВАНИЯ АКМОЛИНСКОЙ ОБЛАСТИ

РУХТЫ ТҰЛҒАНЫҢ ТАҒЫЛЫМДЫ ҒҰМЫРЫ ЕЛ ЕСІНДЕ!

14.12.2023

Бүгін, яғни 12 желтоқсан, наркескен ер, ақиқаттың ақ туын ғұмырына мәңгілік серік еткен, ЕЛ, ҰЛТ  қамын ойлаған аса көрнекті ақын, жазушы-драматург, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Қазақстан Республикасының «Еңбек ардагері», Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Ақпарат саласының үздігі», «Қазақстанның құрметті журналисі», Ахмет Байтұрсынов, Сәкен Сейфуллин атындағы сыйлықтарының лауреаты, «Құрмет» орденінің, «Тіл жанашыры», Құрмет белгісінің, Білім және ғылымның дамуына сүбелі үлес қосқан, көп жылғы адал еңбегі үшін және «Айрықша еңбегі үшін» медальдерінің иегері, Көкшетау қаласының құрметті азаматы, қоғам қайраткері Төлеген Сыздықұлы Қажыбайдың туған күні! 
Көсем сөздің құлагері, ақын-жазушы Төлеген Қажыбай  ұрпақтарына мәңгі өшпес мұра қалдырғаны баршаға мәлім.  Жазушының кең тынысты шығармашылығы талайды тебірентпей қоймады. Жазушы қаламынан туған «Жанымның жапырақтары», «Жырлайды жүрек», «Қарасай дастан», «Сексен көл сылдыры», «Жыр-ғұмыр», «Айналайын атыңнан», «Құлан қырғыны», «Қан кешу», «Махаббат әні», «Жеті жыл», «Көкшетау қарлығаштары», «Ақиқат жолы алыс жол», «Самурайдың серт семсері», «Сәуле – менің ауылым» кітаптары – әдебиеттің алтын қорынан ойып тұрып орын алатын туындылар. 
Ақын поэзия әліміне өзінің алғашқы туындысы «Жолбасы» атты еңбегімен келді. Оқырман қауымды өзінің айшықты тұлғасын анықтайтын негізгі арна – ұлттық сана болмысын ерекше жырлай білуімен тәнті етті. Төлеген Қажыбай туған ел табиғатын суреттеу арқылы адамның ішкі сезімін, елдің әлеуметтік өмірін, ізгі дәстүрлерін, халқымыздың ұлағатты дәстүрін тамаша өрнектейді. Халық арасында ерліктері еленген тұлғалар туралы «Сейіт-Бөкен», «Жәпек батыр» сынды дастандарынан аңғаруға болады.
Қаламгердің драматургиясы да өз алдына бір төбе. Тәуелсіздіктің көк туы желбіреген шақта тарихтан тағылымды ой толғаған Төлеген Қажыбай туындылары өткенді жаңғыртып, ұлт жанашырларын қайта сөйлетті.  «Ұмытпа мені, Гәккуім», «Жындар биі», «Зауал», «Хан Кененің қазасы» драмалары Ақмола облыстық драма театрларында көрермен көңілінен шыққан қойылымдарға айналды.
Қазақтың әйгілі ақыны Жақан Сыздықов, белгілі аудармашы Қажымұрат Сыздықов қатарлы шығармашыл әулеттен шыққан Төлеген Сыздықұлының бір қыры – журналистика саласы. Еңбек жолын Көкшетау облыстық «Көкшетау правдасы» газетінде бастаған. Кейін Целиноград облыстық «Коммунизм нұры» газетінде, облыстық телерадио комитетінде істеді. Көкшетау облысы тарағанға дейін облыстық газет редакторының бірінші орынбасары, облыс тарағаннан кейін Солтүстік Қазақстан облыстық «Солтүстік Қазақстан», Ақмола облыстық «Арқа ажары» газеттерінің Көкшетау қаласындағы тілшілер қосының жетекшіл қызметтерін атқарды. Тәуелсіз «Бұқпа» газетінің бас редакторы болды. Жарты ғасырдан астам көз майын тауысып жазған дүниелері сан алуан тақырыпты қамтыды. Жазушының кең тынысты туындылары талайды тебірентпей қоймады. Ақынның сыршыл сурет, сұлу сезімдері салмақты ой мен пәлсапалық пайымы оқырманын бірден баурап өзіне тәнті етеді, рухани ләззатқа бөлейді. Оның шығармашылық еңбегінің құндылығы да осында болса керек. 
Ардақты жанның жарқын бейнесі, ерен еңбегі ел жүрегінде, жадында мәңгі сақталмақ!!!

Просмотров: 983


Добавить комментарий



Включить данные в подпись

СоцСети

Ұйымдар тізімі
Текст