2023 жылдың 30 қазан күні Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінде «Педагогика және психология» мен «Мектепке дейінгі педагогика және логопедия» кафедраларының ұйымдастыруымен қазақтың педагог-жазушысы, ақыны Мағжан Жұмабаевтың «Педагогика» еңбегіне 100 жыл толуына орай «Мағжан Жұмабаев педагогикасындағы ұлттық құндылықтар сабақтастығы» тақырыбындағы колледжішілік апталықтың ашылуы өтті. Іс-шара барысында колледж директорының практика жөніндегі орынбасары Төлеген Өмірбек Шаймұратұлы ұлы тұлға мұраларының мәңгі өшпес шамшырақ екендігін баса айтты. Сондай-ақ БМ-41 тобының студенттері Азамат Сұлушаш «Бастауыш сыныптың оқу-тәрбие үдерісінде Мағжан Жұмабаевтың танымдық-шығармашылығын ұлттық ойындарда пайдалану», Әшірбекова Назерке «Бастауыш мектепте сыныптан тыс тәрбие жұмыстарын жүргізудегі Мағжан Жұмабаевтың ой-пікірі» және МД-41 тобының студенті Койкенова Айгул «Мағжан Жұмабаев шығармаларының халық ағарту ісіндегі орны» тақырыптарындағы баяндама оқып, тақырып мазмұнын аша түсті. Сонымен қатар БМ-31 тобының студенттері Алихан Тоғжан «Туған жер», Булкаирова Жанар «Қазақ тілі» және Хуандаг Гүлжанар «Мен жастарға сенемін» өлеңін оқып, іс-шараны жандандырды.