04.05.2023
2023 жылдың 4 мамыр күні Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінде «Білім» бейіні бойынша Республикалық оқу-әдістемелік бірлестігінің ұйымдастыруымен онлайн форматта «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» мамандығы бойынша оқу-жұмыс жоспарлары мен оқу бағдарламаларын әзірлеу мәселелері» атты мәжіліс өтті. Негізгі мақсат – 2023-2024 оқу жылына арналған «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» мамандығы бойынша оқу-жұмыс жоспарлары мен оқу бағдарламаларын әзірлеуде кездесетін қиыншылықтарды анықтау, олардың шешу жолдарын қарастыру, колледждерге консультативтік кеңес беру, өзара қарым-қатынаста болып, конструктивті бірлікте жұмыс атқару. Аталған мәжіліске Көкшетау қаласының «Арман», «Еркемай», «Қуаныш», «Айша», «Нұрбала», «Зерек» балабақшалары мен Зеренді ауданының 6 шағын орталық мекемесі қатысты. Мәжілістің Алғы сөзінде ҚР Оқу-Ағарту министрлігі Техникалық және кәсіптік білім беру департаментінің мазмұн және әдіснама басқармасының басшысы Ошақбаева Гүлвира Орынтайқызы іс-шараның маңыздылығын атап өтіп, оқу-жұмыс жоспарлары мен оқу бағдарламаларын әзірлеу сапалы іске асырылу керек екендігін баса айтты. Колледж директорының ғылыми-әдістемелік жұмысы бойынша орынбасары, педагог-шебер Жоламанова Тойындық Молдағалиқызы білім беру бағдарламаларын әзірлеудегі өзекті мәселелерді ашық айтып, талқылау жүргізді. Сондай-ақ колледж әдіскері, педагог-сарапшы Мәншүк Тұрлыбекқызы «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» мамандығының білім беру бағдарламасының үлгісі» тақырыбында және колледж директорының өндірістік практика жұмысы бойынша орынбасары, педагог-шебер Батанасова Бақытгүл Ерғалиқызы «Оқу бағдарламалары мен тәжірибелік дағды интеграциясы» тақырыбында баяндама қорғады. Кейін диалог алаңында талқыланған тақырыптар бойынша мазмұнды сұрақтар қойылып, сарапқа салынды. Іс-шара соңында филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясының академигі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ұстазы, Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің директоры Ахат Нұртас Ахатұлы мәжілісті қорытындылап, іс-шара аясында жоспарланған жұмыстардың мақсатты жүзеге асырылу қажеттігін баса айтты.