20.04.2023
2023 жылғы 19 сәуір күні Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінде «Ағылшын» бөлімінің ұйымдастыруымен «Лингвистика және шет тілдерін оқыту әдістемесінің өзекті мәселелері» тақырыбында ІІI республикалық студенттік ғылыми-практикалық онлайн конференциясы өтті. Негізгі мақсат – лингвистика, әдістеме, жаңа технологиялар тұрғысынан шет тілдерін оқыту саласында ғылыми мәселелерді талқылау, білім алушылардың бәсекеге қабілеттігінің деңгейін арттыруға үлес қосу.
Міндеттері:
- білім алушылардың тілдік және кәсіби даярлығын ұштастыру;
- білім алушылардың бойында еңбек нарығында қажетті біліктіліктерін қалыптастыру;
- білім алушыларды шет тілдерін меңгеруге ынталандыру, оқытушылар мен студенттердің ғылыми бастамасын іске асыруға жағдай жасау, олардың ғылыми жұмыспен айналысуын белсендіру;
- білім алушылардың жеке білімдік қабілеттерін дамыту, олардың шығармашылық әлеуетін жан-жақты ашуға жағдай жасау.
Республикалық конференцияға жоғары оқу орындарының студенттері мен магистранттары, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері және 10-11 сынып оқушылары қатысты.
Конференцияда төмендегі секциялық тақырыптар бойынша жұмыс жүргізілді:
• СЕКЦИЯ 1. Шетел тілін оқытуда жаңа әдістер мен технологиялар;
• СЕКЦИЯ 2. Теориялық және қолданбалы лингвистика;
• СЕКЦИЯ 3. Мәдениаралық қарым-қатынас.
Қатысушылар секциялар тақырыптарына байланысты ғылыми-зерттеушілік жұмыс жүргізіп, қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде баяндама оқыды. Секциялық топтар жұмысында баяндамалар тыңдалып, белсенді талқылау жүргізілді. Конференция жұмысының қорытындысы бойынша ұсыныстар жасалып, қабылданды. Барлық қатысушылар мен ғылыми жетекшілерге конференцияға қатысу сертификаттары берілді. Конференцияның пленарлық отырысында озық тәжірибесімен бөліскен оқытушылар да сертификаттарға ие болды. Сонымен бірге әр секция жұмысы бойынша баяндама қорғаған қатысушыларға І,ІІ, ІІІ орын дипломдары табыс етілді.
Конференция жұмысына секция модераторлары ретінде белсене қатысқандары үшін Көкшетау қаласының Сәкен Жүнісов атындағы №18 мектеп-лицейінің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі, магистрант Мейрамова Айгерим Жусуповнаға және Астана қаласы, Ұлттық бизнес және инжиниринг мектебінің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Оспанова Шолпан Самыраткызына алғысымызды білдіреміз!