12.12.2022
2022 жылдың 12 желтоқсан күні наркескен ер, ақиқаттың ақ туын ғұмырына мәңгілік серік еткен, ЕЛ, ҰЛТ қамын ойлаған аса көрнекті ақын, жазушы-драматург, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Қазақстан Республикасының «Еңбек ардагері», Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Ақпарат саласының үздігі», «Қазақстанның құрметті журналисі», Ахмет Байтұрсынов, Сәкен Сейфуллин атындағы сыйлықтарының лауреаты, «Құрмет» орденінің, «Тіл жанашыры», Құрмет белгісінің, Білім және ғылымның дамуына сүбелі үлес қосқан, көп жылғы адал еңбегі үшін және «Айрықша еңбегі үшін» медальдерінің иегері, Көкшетау қаласының құрметті азаматы, қоғам қайраткері Төлеген Сыздықұлы Қажыбайдың туғанына 80 жыл толып отыр.
Нар тұлға 1942 жылы 12 желтоқсанда қазіргі Ақмола облысы, Чкалов ауданына қарасты Ортақ ауылында дүниеге келген. 1966 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының филология факультетін тәмамдаған. Төлеген Қажыбаев – сегіз қырлы, әмбебап шығармашылық жолынан қол үзбей, қырық алты жыл «Көкшетау правдасы», «Коммунизм нұры», «Солтүстік Қазақстан», «Арқа ажары», «Бұқпа» газеттерінде жауапты қызметтерді үлкен іскерлікпен атқара жүріп, сүйікті халқына поэзиясы, прозасы, драмасы бар отыздан астам кітап ұсынып, оқырмандардың сүйіспеншілігіне бөленген қаламгер.
Атағы асқақ ақын, заңғар жазушы, қаламгер-драматургтың есімі, қалдырған еңбегі мәңгі жадымызда жаңғырмақ.