20.05.2022
2022 жылдың 20 мамыр күні Bolashaq saraiy-нда «АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ ТАҒЫЛЫМЫ: ІЗДЕНІС, ТӘЖІРИБЕ ЖӘНЕ ПЕРСПЕКТИВА» республикалық ғылыми-практикалық конференцияның пленарлық мәжілісі өтіп жатыр. Ақмола облысы әкімінің орынбасары Рамазанов Елдос Мұратұлы конференция қатысушыларына сәттілік тілеп, республикалық іс-шараның оң нәтиже беретініне сенім білдірді. Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Дүйсенова Ботагөз Балапайқызы да қолдау көрсетіп, қарулы сөздерімен жігер берді. Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің ректоры Сырлыбаев Марат Қадірұлы конференцияның жоғары деңгейде өтуіне тілек білдіруде. Филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясының академигі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ұстазы, Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің директоры Ахат Нұртас Ахатұлы конференцияда білім саласының түйіткілді мәселелерін қозғау керектігін баса айтты. Пленарлық мәжілісте М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасының меңгерушісі, Филология ғылымдарының кандидаты, профессор Қадыров Жанбай Тұрарұлы «Ахмет Байтұрсынов және қазақ әдебиеттану ғылымы» тақырыбында баяндама оқып, Ұлт ұстазының қазақ әдебиеттану ғылымындағы орнын айшықтап берді. «Talap» коммерциялық емес акционерлік қоғамы «Педагогикалық шеберлік орталығының» бас тренері Скакова Жұмагүл Ермекқызы «Ахмет Байтұрсынұлы көтерген тіл саясаты» туралы ой өрбітіп, өзекті мәселені талқыға салды. Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық Білім Академиясы Кәсіби білім беру мазмұнын трансформациялау зертханасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының кандидаты Райымбекова Жанат Ахатқызы «ТжКБ педагогикалық білімді трансформациялау мәселелері» тақырыбында сөз қозғаса, Астана халықаралық университетінің жанындағы педагогикалық колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні оқытушысы, Филология ғылымдарының магистрі, педагог-зерттеуші Маханбетова Зауре Нағашыбайқызы «Ахмет Байтұрсынұлы: сөз өнері – рухани әлем» атты баяндама оқыды. Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің аға оқытушысы, Филология ғылымдарының кандидаты Қажыбай Аян Төлегенұлы «Завещание Ахмета Байтурсынулы или возвращение казахской литературной матрицы» тақырыбында ой өрбітті. Талдаудың нәтижесінде баяндамалардың ғылыми-теориялық және ғылыми-тәжірибелік деңгейде екендігі анықталды. Конференцияға қатысушы отандық ғалымдардың, педагогтердің конференция тақырыбы аясындағы келелі ой-пікірлерін сараптай келіп, ұсыныстар мен пікірлер қабылданып отыр. Онда қатысушылар «Педагог мәртебесі» Заңының қабылдануына байланысты ҚР Білім және ғылым министрлігі тарапынан өткізіліп жатқан іс-шараларды, соның ішінде Білім және ғылым министрінің педагогикалық колледждерде сапалы мамандар даярлануы, Педагог мәртебесінің мемлекеттік деңгейде қорғалуы қажет деген көзқарасын толық қолдайтындығы айтылуда. Себебі, дәл қазіргі уақытта білім саласы экономиканың дамуына ықпал ететін маңызды бағыттардың бірі болып отыр. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 26 қарашадағы № 646 бұйырығымен бекітілген «Техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлауды, қысқа мерзімді кәсіптік оқытуды, «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» жобасы бойынша кадрлар даярлауды, еңбек ресурстарын және қысқартылатын жұмыскерлерді қайта даярлауды, «100/200» қағидаты бойынша «Жас маман» жобасы шеңберінде еңбек нарығында сұранысқа ие білікті кадрлар даярлауды ұйымдастыру және қаржыландыру қағидаларына» сәйкес «Жас маман» жобасы әзірленіп, жүзеге асырылуда. Алайда, бұл жобаға және сұранысқа ие 100 мамандықтың қатарына «Білім» бейіні бойынша ешбір мамандық енгізілмей қалды. Осыған орай, ғалымдар «Жас маман» бағдарламасына «Білім» бейінінің бірнеше мамандықтары енгізілген жөн деп есептейтіндігін айтты. Бұл «Білімді Ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасында бекітілген барлық индикаторлық мақсаттарды сапалы іске асыру үшін қажет. Сондай-ақ педагогтер Ұлт Ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының мұрасын кеңінен насихаттау мақсатында лингвист-ғалым шығармашылығына арналған арнайы бағдарлама жасалып, негізгі орта білім берудің вариативті бөлігіне енгізілуін қалап отыр. Әрі Ахмет Байтұрсынұлының тағылымы негізінде интеллектуалды ұлт қалыптастырудың жаңа платформасы әзірленіп, болашақта жаңа мемлекеттік-идеологиялық бағытта «Тіл тағылымы» зерттеу орталығы ашылуын құптайтындығын білдірді. Сонымен қатар көптеген мәселелерде еліміздің педагогикалық колледждері Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясымен тығыз байланыста болуы қажеттігі айтылды. Қолданбалы бакалавриат бағдарламалары жоғары және орта кәсіптік білімнің түйіскен тұсында орналасқан және орта білімнен кейінгі білім берудің өзіндік мемлекеттік стандартына ие, бірақ олардың әлі күнге дейін ресми мәртебесі белгіленбеген. Қазіргі уақытта колледжді бітірген орта буын маманы мен жоғары колледж бітірген қолданбалы бакалавр маманының еңбек нарығында дәрежесі бірдей. Осыған орай, тез арада Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңына өзгеріс енгізіп, қолданбалы бакалавр маманының ресми мәртебесін тиісті нормативтік-құқықтық актілер арқылы заңды түрде бекіту ұсынылды. Сондай-ақ техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында ғылыммен шұғылданып жүрген оқытушыларға магистратура, PhD докторантурада ғылыми білім алу, оқулық, оқу-әдістемелік кешендерді даярлау, ғылыми-эксперименттік тәжірибелер жасау мақсатында гранттар саны көбейтілуін құптауда.