19.05.2022
2022 жылдың 19 мамыр күні Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінде «АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ ТАҒЫЛЫМЫ: ІЗДЕНІС, ТӘЖІРИБЕ ЖӘНЕ ПЕРСПЕКТИВА» республикалық ғылыми-практикалық конференцияның секциялық отырысы өтіп жатыр. Аталмыш іс-шара «КӘСІПТІК БІЛІМ БЕРУ: ТӘЖІРИБЕ МЕН ПЕРСПЕКТИВАЛАР» және «ЗАМАНАУИ ФИЛОЛОГИЯНЫҢ МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕЛЕРІ: ТЕОРИЯЛЫҚ ЖӘНЕ ҚОЛДАНБАЛЫ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ» атты екі секциядан тұрады. Республикалық ғылыми-практикалық конференцияға Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық Білім Академиясы, Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясы, «Talap» коммерциялық емес акционерлік қоғамы, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті, республикалық педагогикалық және гуманитарлық колледждері, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы, жалпы білім беретін оқу орындары және мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру мекемелерінің өкілдері қатысуда. Филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясының академигі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ұстазы, Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің директоры Ахат Нұртас Ахатұлы конференция қатысушыларына сәттілік тілеп, білім саласында келелі мәселелердің әлі де бар екендігін және оны талқылап, түйінін шешу қажеттігін баса айтты. Конференцияға 250-ге жуық мақала келіп түсті. Ішінен іріктелген мақалалар секциялық отырыста талқылауға алынып отыр. «КӘСІПТІК БІЛІМ БЕРУ: ТӘЖІРИБЕ МЕН ПЕРСПЕКТИВАЛАР» атты секция отырысында Жаркент жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінің оқытушысы Асанова Нұргүл Сейткамалқызы «Қолданбалы бакалавриат бағдарламасын жүзеге асыру: ізденіс, тәжірибе» атты баяндамасын оқып, қолданбалы бакалавриаттағы мәселелерді нақтылап, жүйелеп берді. М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің оқытушылары Жунисова Асель Рустемовна мен Қаражанова Гүлназ Пірназарқызы «іSpring Free көмегімен электронды курстар құрудың» тиімділігін атап өтсе, Абай атындағы Жамбыл жоғары гуманитарлық колледжінің оқытушысы Алишева Сабина Едигеевна «Образовательный квест как интерактивная образовательная среда и деятельностная форма организации процесса обучения» тақырыбында баяндама оқыды. Сондай-ақ Макинск қаласы мектеп-лицейінің бастауыш сынып мұғалімі Маджитова Лаура Ерикбаевна «Ахмет Байтұрсынұлы ілімі – жаңа педагогикалық технологиялардың бастамасы» екендігіне тоқталса, М.О.Әуезов атындағы педагогикалық колледжінің оқытушысы Сахариева Зайда Дуйсеновна «Білім беру үдерісі – рухани жаңғыруды жүзеге асырудың басым бағыты» тақырыбында сөз қозғады. Ғ.Мұратбаев атындағы Жетісай гуманитарлық – техникалық колледжінің ағылшын тілі пәні мұғалімі Әшекова Жазира Әбдуахитқызы «Жаңа педагогикалық технологиялар» тақырыбында ой өрбітсе, №1 Алматы қазақ мемлекеттік гуманитарлық педагогтік колледжінің педагогика және психология пәндер оқытушысы, әлеуметтік ғылымдар магистрі Тұрсынбекова Назерке Бауыржанқызы «Жаңартылған оқу бағдарламаларының басымдықтарына» тоқталды, Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің оқытушысы Қайырбай Айым Маралбекқызы «Сөз мағынасының статикалық күйін жаңартылған білім мазмұнына сай оқыту» туралы мәселе көтерді. «ЗАМАНАУИ ФИЛОЛОГИЯНЫҢ МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕЛЕРІ: ТЕОРИЯЛЫҚ ЖӘНЕ ҚОЛДАНБАЛЫ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ» атты секция отырысында Ж.Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжінің оқытушысы Құрманғалиева Баян Берікқызы «Ахмет Байтұрсынов – әдебиет зерттеуші ғалым» екендігін сөз етсе, М.Әуезов атындағы педагогикалық колледжінің оқытушысы Курманова Дария Куанышевна «Жизнь и творчество А. Байтурсынова как духовно-нравственное наследие. Когнитивная и воспитательная значимость его трудов, особенности преподавания произведений. Актуальные проблемы языкознания и науки, пути реализации» тақырыбындағы баяндамасын оқыды. Сонымен қатар Жаркент жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінің оқытушысы Нурбекова Акмарал Маметказиевна «Бастауыш сынып мұғалімін даярлаудағы А.Байтұрсынұлы әдістемесінің өзектілігін» ашып көрсетсе, Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінің оқытушысы Рустемова Шолпан Кабылбековна «Ахмет Байтұрсынұлы шығармаларының ерекшелігін» айқындады, Әл-Фараби атындағы ІТ лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жантубетова Айжан Оразбаевна «Мұғалімнің өнім алатын дағдысы – оқушылардың жазылым дағдысы» тақырыбында ой өрбітті. М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің оқытушылары Алдонгарова Замзагул Жанабаевна мен Есмаханова Улжан Алибаевна «Ахмет Байтұрсынұлы өмірі мен мұрасының өнегелілік тәлімі» атты баяндама оқыса, Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің оқытушысы Қабдуалиев Ұлан Балғабайұлы «Ұлт ұстазы – ұлттық білім беру жүйесінің негізін қалаушысы» екендігін баса көрсетті, сондай-ақ Ғ.Мұратбаев атындағы Жетісай гуманитарлық-техникалық колледжінің бастауыш ағылшын тілі мамандығының І курс студенті Қудратова Дилдора Аманқызы «Ахмет Байтұрсынұлының еңбектері» тақырыбында сөз қозғады. Секциялық отырыс соңында көтерілген мәселелерге қатысты ұсынымдар ұсынылады.