13.04.2022
2022 жылдың 12 сәуір күні Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінде «Мектепке дейінгі тәрбие», «Кіші сыныптарда оқыту», «Негізгі орта білім берудің информатика мұғалімі», «Негізгі орта білім берудің шетел тілі мұғалімі» және «Негізгі орта білім берудің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі» құзіреттіліктері бойынша «WorldSkills Аqmola – 2022» аймақтық чемпионатының ашылу салтанаты өтті.
Аталмыш чемпионаттың ашылу салтанатына Ақмола облысы білім басқармасы әдістемелік кабинетінің әдіскері Жұмажанова Сауле Болатовна қатысты. Алғы сөзінде білім жүйріктерін чемпионаттың басталуымен құттықтап, сәттілік тіледі. Филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясының академигі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ұстазы, Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің директоры Ахат Нұртас Ахатұлы құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға тек жеңіс тіледі. Қатысушылардың жоғары деңгейде өздерінің білімдерін дәлелдейтініне нық сенім білдіріп, сайыста батыл болуға, намысты қолдан бермеуге, барынша тырысуға жігерлендірді.
Ашылу салтанатында кеш қонақтары 2021 жылғы чемпионатының жүлдегерлері Дондых Құндыз бен Наурузова Милананың құттықтау бейнеролигін тамашалады. Айта кету керек, «WorldSkills Каzakhstan – 2021» VI Республикалық кәсіби шеберлік Чемпионатында «Бастауыш сыныптарда оқыту» және «Дене тәрбиесі және спорт» құзіреттілігі бойынша студентіміз Дондых Құндыз күміс медаль иегері атанса, Наурузова Милана қола жүлдені еншіледі.
Сондай-ақ салтанат барысында ІV облыстық «ЖАРҚЫН БОЛАШАҚҚА БАҒДАР» әлеуметтік жобасының жас педагогтер форумының жеңімпазы Жанар Саршақызы да қатысушыларға сәттілік тілеп, аталшым чемпионаттың ашылуымен құттықтады.
Ақжолтай хабар!!! «Негізгі орта білім берудің информатика мұғалімі», «Негізгі орта білім берудің шетел тілі мұғалімі» және «Негізгі орта білім берудің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі» құзіреттіліктері бойынша чемпионат алғаш рет өткізіліп отыр. Аталмыш құзіреттіліктің модульдер демонстрациясы таныстырылымы Жанайдар Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінде өтеді.
Екі күндік чемпионат барысында «Мектепке дейінгі тәрбие», «Кіші сыныптарда оқыту», «Негізгі орта білім берудің информатика мұғалімі», «Негізгі орта білім берудің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі» және «Негізгі орта білім берудің шетел тілі мұғалімі» құзіреттіліктері бойынша 15 қатысушы өз шеберліктерін көрсетеді. Чемпионат білікті кадрларды даярлауға жаңа идеялар мен трендтер жасауға, кәсіби шеберлік дағдыларын жетілдіруге ықпал етеді. Конкурсқа қатысушыларды 6 оқу орнының 6 эксперт-компатриоты бағалайды.
«WorldSkills» – бүкіл әлемде кәсіби шеберлік конкурстарын ұйымдастыру негізінде кәсіптік стандарттарды үйлестіру арқылы білім беруді дамыту. Чемпионат мақсаты – постиндустриалды кезеңде төртінші өндірістік революцияның нәтижесін көрсетіп, экономикалық дамуға үлес қосатын орта буын мамандарының қызметін жастар арасында кеңінен насихаттау, кәсіби педагогикалық мамандықты таңдаған білім алушыларды үздік болуға талпындыру. Кіл мықтылар жиналған байрақты бәсекеде қатысушыларға толағай табыстар тілейміз!