17.03.2022
Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдауын тыңдадым. Кейін ресми сайттардан толық нұсқасын оқып шығып, тағы бір мәрте таразыладым.
Расымен де, осы жолдаудың мән-маңызы айрықша, жөні бөлек болды. Неге десеңіз, оның арқалайтын жүгі өзге жолдаулардан әлдеқайда ауыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев сөз басында суперпрезиденттік үлгісінен мықты Парламенті бар президенттік республикаға біржола көшу туралы айтты. Бұл жұмыс «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында іске асырылмақ. Тек оның құрылымы «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» болып біршама өзгерді. Меніңше, бұл – дұрыс шешім. Себебі демократиялы, зайырлы елдерде шексіз билік бір адамның қолында болмауы керек. Президент өзінің өкілеттігін атқару кезеңінде партияға мүшелігін тоқтата тұруға міндеттеу шарасы да осының айғағы. Жолдауда бұдан бөлек, «өкілді билік тармағын қайта құру», «сайлау жүйесін жетілдіру», «партиялық жүйені дамыту мүмкіндіктерін кеңейту», «сайлау үдерісін жаңғырту», «құқық қорғау институттарын күшейту» секілді түйткілді мәселелер көтерілді.
Жолдауда қоғамның назарынан тыс қалып бара жатқан тағы да бір маңызды шешім бар. Ол «бұқаралық ақпарат құралдарының бәсекеге қабілетін арттыру және азаматтық қоғам институттарының рөлін нығайту» тармағы. Мемлекет басшысы: «Бұқаралық ақпарат құралдары бәсекеге қабілетті және еркін болуы керек», дей келе, БАҚ-қа қатысты заңды қайта қарастыру қажет екенін алға тартты. Жолдаудың бұл бөлігін маңызды дейтін себебім, интернеттің, әлеуметтік желілердің, БАҚ-тың қазіргі таңдағы ықпалын жоққа шығара алмаймыз. БАҚ – төртінші билік. Барлық ақпараттар БАҚ арқылы тарайды, белгілі болады, халыққа жария болады. Сондықтан, осы ретте оның бәсекеге қабілетін, сапасын арттыру ауадай қажет деп есептеймін.
Қазақстан аумағында Абай, Ұлытау, Жетісу сияқты үш облыстың пайда болуы да маңызды стратегиялық қадам. Бұл Қазақстанның әкімшілік-аумақтық құрылымын жетілдіру үшін қажет.
Мінеки, Президенттің кезекті жолдауында жоғарыда аталған өзекті, кезек күттірмейтін мәселелер айтылды, халыққа жолданды. Енді тиісті органдар белгіленген тапсырмаларды орындауға бел шешіп кірісіп кетуі керек. Алайда, тек биліктегілер ғана емес, бұл іске Қазақстан халқы тұтас қатысуы шарт. Себебі, бұл – біздің ортақ Отанымыз. «Біздің мұратымыз – Жаңа Қазақстанды құру» деген Мемлекет басшысының сөздерімен ойымды қорытындылаймын.
Пікір білдірген: Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті қазақ филологиясы мамандығының IV курс студенті, практикант Зейнелқабден Ұлан Батырханұлы