АҚМОЛА ОБЛЫСЫ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ ЖАНЫНДАҒЫ Ж.МУСИН АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ ЖОҒАРЫ ҚАЗАҚ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІ» МЕМЛЕКЕТТІК КОММУНАЛДЫҚ ҚАЗЫНАЛЫҚ КӘСІПОРНЫ
ГОСУДАРСТВЕННОЕ КОММУНАЛЬНОЕ КАЗЕННОЕ ПРЕДПРИЯТИЕ «КОКШЕТАУСКИЙ ВЫСШИЙ КАЗАХСКИЙ ПЕДАГОГИЧЕСКИЙ КОЛЛЕДЖ ИМ.Ж.МУСИНА» ПРИ УПРАВЛЕНИИ ОБРАЗОВАНИЯ АКМОЛИНСКОЙ ОБЛАСТИ
ТЕХНИКАЛЫҚ ЖӘНЕ КӘСІПТІК БІЛІМ БЕРУДІ САПАЛЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУДАҒЫ ЖАҢА АҚПАРАТТЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАРДЫҢ МАҢЫЗЫ
Т.М.Жоламанова
Аннотация
В данной статье исследуются различные пути информационной технологии и его значимость в этой технологии при качественном техническом и профессиональном образовании.
Abstract
In this article it is analyzed various ways of informative technology and its importance in the technology of qualitative technical and professional education.
Қазақстан Республикасының Білім туралы Заңында: «Білім беру жүйесінің басты міндеті – ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау; оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу» [1] – деп білім беру жүйесінің даму шарттарын айқындауды тапсырады. Осыған орай, бәсекеге қабілетті маман даярлауда мемлекет оқытушылардың алдына келелі мәселелерді қойып, оның шешу жолдарын қарастырып, осы жолда нәтижелі еңбектену міндетін жүктеп отыр.
Білім беру саласында оқытудың жаңа педагогикалық технологияларын практикада меңгермейінше сауатты, жан-жақты маман болу мүмкін емес. Ал, жаңа технологияны меңгеру оқытушының интеллектуалдық, кәсіптік, адамгершілік, рухани, азаматтық және де басқа көптеген адами келбетінің қалыптасуына игі әсерін тигізеді, білімгер тұлғасын дамытып, оқу-тәрбие үрдісін тиімді ұйымдастыруына көмектеседі [2.47].
Аталмыш мәселелерді шешу жолдарын әр білім беру мекемесі өзінің ішкі білім беру тәртібі тұрғысынан қарастырады. Педагогикалық колледждерде дайындалатын мамандардың барлығы нақты салаға мамандалған педагогтар. Мұндай мамандарды оқытып-даярлау жүйесі практикамен тығыз байланысты. Біздің колледжіміздің оқу-өндірістік базасы бұл талаптарға сай, болашақ мамандардың өз саласында нәтижелі еңбек етуі үшін кепілдік бере алады. Ал, оқыту тұрғысынан келер болсақ, оқытушылар жаңашыл педагогикалық технологияларды көбірек пайдаланып, сабақтарын қызықты да тартымды етіп өткізуге тырысады.
Отандық және шетелдік ғалымдардың еңбектері мен оқытушының шығармашылығы үйлесім тапқан жағдайда, оқу үрдісін ұтымды ұйымдастыруға болады. Сондықтан педагогикада оқытушыға қойылатын ең үлкен талаптың бірі – шығармашылық әлеуетінің жоғары болуы.
Кәсіптік-техникалық білім беретін колледждерде инновациялық технологияларды қолдану студенттің білімге деген қызығушылығын оятып, болашақ мамандығына деген ықыласын, ынта-жігерін қалыптастырып, практика мен оқу дәрісінің үйлесім табуы арқылы жетістікке жол ашады. Психологиялық тұрғыдан қарағанда, белгілі жайт, педагогикалық мамандану болмағандықтан, бұл салада студенттерді сабаққа ынталандыру үшін көрнекі құралдар мен оқу әдістері тиімді болу керек. Сондықтан да, студенттің жеке тұлғалық қасиеттері мен қажеттіліктерін ескере отырып жұмыс жасау міндеті қойылады. Ең алдымен сабаққа студенттерді қызықтыра білу талабын орындау қажет. Топтағы студенттерді психо-педагогикалық тұрғыдан зерттеп, әр топқа оқытудың өзіндік жолын пайдалану шарт. Өйткені бірізділік оқытушының сабағына деген көзқарасты сол деңгейде қалдырады. Сондықтан оқытушы топтағы студенттер құрамына қарай өз іс-әрекетін ұйымдастырады. Бұл біріншіден, студенттің оқытушының алда қандай әрекеттер жасайды деген жұмбағын таптырмайды, екіншіден әрдайым жаңашылдық танытуының арқасында студенттердің сабаққа деген қызығушылығын оятады, үшіншіден студент пен оқытушы арасындағы байланыс нығайып, оқытушының кәсіби шеберлігіне деген студенттің сенімі нығайып, құрметі жоғарлайды.
Оқытушы –студент байланысы тек біржақты емес, кері байланысты болуы шарт. Себебі үнемі тек оқытушы белсенділігіне құрылған сабақ студенттің оқу іс-әрекетін тежеп, олардың қабілетіне кері әсерін тигізуі мүмкін. Сол себепті кей кездері оқытушы студентке сенім артып, сабақты ұйымдастырып-өткізу мүмкіндігін тудыруға болады. Еліміздегі және шетелдік ғалымдардың зерттеу тәжірибесін ала отырып, оны тиімді және оңтайлы қолдану оқытушы жұмысына оң әсерін тигізері сөзсіз. Бүгінгі таңда П.М.Эрдниевтің дидактикалық бірліктерді шоғырландыру технологиясы, Д.Б.Эльконин мен В.В.Давыдовтың дамыта оқыту технологиясы, Ш.А.Амонашвилидің ізгілікті-тұлғалық технологиясы, В.Ф.Шаталовтың оқу материалдарының белгі және сызба үлгілері негізінде қарқынды оқыту технологиясы, М.Чошановтың проблемалық модульді оқыту технологиясы, П.И.Третьяковтың, К.Вазинаның модульдік оқыту технологиясы, өзбекістан психологтар ассоциациясының мүшесі Ф.Я.Вассерманның биоақпараттық технологиясы, В.М.Монаховтың, В.П.Беспальконың және басқа да көптеген ғалымдардың технологиялары оқу үрдісінде кеңінен танымал. Ал, Қазақстанда Б.А.Тұрғынбаеваның дамыта оқыту технологиясы, М.М.Жанпейісованың модульдік оқыту технологиясы, Ж.А.Қараевтың деңгейлеп-саралап оқыту технологиясы, Қ.Әбдіғалиевтің шоғырландырып қарқынды оқыту технологиялары оқу үрдісінде қолданылуда. Оқытушы осылайша кеңінен танымал ғалымдардың еңбектерінен өзіне керегін алып пайдаланса, студенттер оқытушының тиімді іс-тәжірибесінен өзіне керегін ала білуге үйренеді. Сондықтан да оқытушы белгілі бір дайын үлгілерді пайдалану барысында, оны елеп-екшей білуі шарт. Ой елегі мен тәжірибе сүзгісінен өткен әрекет қана нәтижелі болмақ.
Жоғарыда айтқанымыздай, қазіргі заман талабы – оқытудың жаңа технологияларын меңгеру. Оқытудың жаңа технологияларының бірі – ақпараттық технология. Ақпараттандыру технологиясының дамуы кезеңінде осы заманға сай білімді, әрі білікті мамандар даярлау оқытушының басты міндеті болып табылады. Қоғамдағы ақпараттандыру процестерінің қарқынды дамуы жан-жақты, жаңа технологияны меңгерген жеке тұлға қалыптастыруды талап етеді. Білім беру реформасы – Қазақстанның бәсекеге нақтылы қабілеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін аса маңызды құралдардың бірі.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Осы заманғы білім беру мен кәсіптік қайта даярлау, «парасатты экономиканың» негіздерін қалыптастыру, жаңа технологияларды, идеялар мен көзқарастарды пайдалану, инновациялық экономиканы дамыту қажет. Білім беру реформасы табысының басты өлшемі – тиісті білім мен білік алған еліміздің кез келген азаматы әлемнің кез келген елінде қажетке жарайтын маман болатындай деңгейге көтерілу болып табылады» делінген. Сонымен қатар бүкіл еліміз бойынша әлемдік стандарттар деңгейінде сапалы білім беру қызметін көрсетуге қол жеткізу, On-line тәсілінде оқыту тәжірибесін дамытып, елімізде оқу теледидарын құру, оқу жоспарларына жаратылыстану ғылымдары бойынша, бірінші кезекте, математика мен ақпараттандырудан қосымша сағаттар немесе пәндер енгізу қажеттігін баса айтты [3].
Кәсіптік білім беруде ақпараттық технологияларды пайдалану мен оқушылардың ақпараттық құзіреттілігін қалыптастыру қазіргі заман талабына сай ақпараттық технологияларды, электрондық оқулықтарды және интернет ресурстарын пайдалану оқытушының білім беру үрдісінде шығармашылық қабілетін дамытуға мүмкіндік береді. Үшінші мыңжылдық кезінде қоғамның даму көрсеткіші ретінде ақпараттық қоғамға өту ісі алынады да, ал оның ең анықтаушы рөлін ақпарат түсінігі атқарады. Ақпаратты жинау, сақтау, өңдеу және тарату тәсілдері мен құралдары динамикалық түрде өзгеріске ұшырап, солар арқылы қоғамның инфрақұрылымы қалыптаса бастады [4].
Колледж оқытушылары үшін ақпараттық технологияларды пайдаланудың тиімділігі:
- студенттің өз бетімен жұмысына;
- уақытын үнемдеуге;
- білім, білік дағдыларын тест тапсырмалары арқылы тексеруде;
- қажетті ақпаратты жедел түрде алу мүмкіндігі;
- іс-әрекет, қимылды қажет ететін пәндер мен тапсырмаларды оқып үйренуде (би өнері, қол еңбегі, дене шынықтыру сабақтары т.с.с.);
- қарапайым көзбен көріп, қолмен ұстап сезіну немесе құлақпен есту мүмкіндіктері болмайтын табиғаттың таңғажайып процестерімен әртүрлі тәжірибе нәтижелерін көріп, сезінуге мүмкіндік береді;
- оқушының ой-өрісін дүниетанымын кеңейтуге де ықпалы зор.
Оқытушы сабағында ақпараттық технологияның тиімділігін жүйелі түрде көрсете біледі. Ақпараттық технологияны пайдалану іс-тәжірибесі тиімді әдіс деп ойлаймыз.
Ж.Мусин атындағы педагогикалық колледжінде оқушылардың ақпараттық құзыреттіліктерін қалыптастыру үшін барынша жағдай жасалған. Колледжде жаңа заманға сай жабдықталған бес информатика кабинеті бар. Колледждің барлық дәрісханаларына локальді желі орнатылған. Онда колледж студенттері мен оқытушыларының ақпараттық оқу құралдарын пайдалануға және әлемдік ақпарат жүйесіне еркін еніп, өз білімдерін тұрақты жетілдіруге жағдай жасалған. Колледжде он бір дәрісхана интерактивті тақтамен жабдықталса, бір дәрісхана және кітапхана мультимедиялық мінбермен (подиуммен) қамтамасыз етілген. Сонымен қатар бір конференция залы мен бір лингафон кабинеті жұмыс жасайды. Колледж кітапханасы компьютерлермен жабдықталып, локальді желіге қосылған. Колледжде болашақ мамандарға 100 оқытушы сапалы білім мен саналы тәрбие беруде. Оқытушылардың көпшілігі дербес компьютерді және интерактивті тақтаны жетік меңгерген, арнайы білім курстарының сертификаттарына ие болған. Арнаулы пән оқытушылары бұл құралдардың барлығын сабақтарында еркін пайдаланады.
Электрондық оқулық – ғылыми-педагогикалық құрал. Электрондық оқулықты мынадай жағдайларда қолдануға болады:
– теориялық материалды өз бетiмен оқып-үйренуге, зерттеуге бергенде;
– сабақты иллюстрациялық материал ретiнде жабдықтауда;
– сабақта және сабақтан тыс уақытта өз бетімен әртүрлі деңгейлі, шығармашылық тапсырмалар орындауда;
– емтиханға өздігінен дайындалу кезінде.
Сонымен қатар электрондық оқулықты қолдану оқушылардың жоғарғы белсенді дүниетанымын кеңейтедi, оқыту үрдiсiн саралауға, жан-жақты ақпараттандыруға, бiлiм мазмұнын iзгiлендiруге көмектеседi.
Электрондық оқулықтарды сабақта пайдалану кезінде студенттер бұрын алған білімдерін кеңейтіп, өз бетімен шығармашылық тапсырмалар орындайды. Әрбір студент таңдалған тақырып бойынша тапсырмалар мен тарау бойынша тест жұмыстарын орындап, анимациялық практикалық тапсырмаларымен жұмыс жасауға дағдыланады. Электрондық оқулық арқылы түрлі суреттер, видеокөріністер, дыбыс және музыка тыңдатып көрсетуге болады. Бұл, әрине оқытушының тақтаға жазып түсіндіргенінен әлдеқайда тиімді, әрі әсерлі. Меңгерілуі қиын сабақтарды компьютердің көмегімен студенттерге ұғындырса, жаңа тақырыпқа деген білім алушының құштарлығы оянады деп есептейміз.
Жаңа ақпараттық технологияларды кәсіптік білім беруде пайдаланудың тағы бір ерекшелігі – бітіруші түлектердің тәуелсіз білімді бағалау сынағын ұйымдастыру және өткізу. Дербес компьютерлерге арнайы тест бағдарламалары енгізіліп, бітіруші түлектер тәуелсіз білімді бағалау сынағының тест сұрақтарына өз бетінше дайындалу мүмкіндігіне ие болды. Соңғы алты оқу жылында колледждің бітіруші түлектері тәуелсіз білімді бағалау тестіне қатысып, орташа көрсеткіш 90 пайызға жетті. Әрине, бұл да ақпараттық технологияны оқу үрдісінде пайдаланудың жемісі.
Білім – болашақ бағдары, кез-келген маман даярлайтын оқу орынның басты міндеттерінің бірі – жеке тұлғаның құзіреттілігін дамыту. Құзіреттілікті студенттің пән бойынша игерген білім, білігінің жинағы деп қабылдауға келмейді. Ол – оқу нәтижесінде өзгермелі жағдайда меңгерген білім, білік, дағдыны тәжірибеде қолдана алу қабілеті болып табылатын жаңа сапа.
Пән оқытушылары білім беру жүйесін ақпараттандыруды дамыту бағытында колледждің оқу-тәрбие үрдісін ақпараттандыру мен барлық пәндерге ақпараттық-коммуникациялық технологияның мүмкіндіктерін пайдалану және өз пәнін оқытудың сапасын арттыру жағдайында олардың ақпараттық құзырлылығы қалыптасқан тұлға болуы қажет.
Нақтырақ айтқанда, бұл кеңістікке ең алғаш еніп, оны жүйелі және кәсіби бағытта енуін қамтамасыз ететін ұстаз. Бүгінгі күні ақпараттар ағымы өте көп. Ақпараттық ортада жұмыс жасау үшін кез келген педагог өз ойын жүйелі түрде жеткізе алатындай, коммуникативті және ақпараттық мәдениеті дамыған, интерактивтік тақтаны немесе басқа да жаңашыл құрылғыларды еркін пайдалана алатын, On-line режимінде жұмыс жасау әдістерін меңгерген ұстаз болуы тиіс.
Ақпараттық құзіреттілікті қалыптастырудан күтілетін нәтиже – жаңа заманға сай ақпараттық мәдениеті мен құзіреттілігі қалыптасқан, теориялық білімдерін іс жүзінде қолдана алатын, информатика пәнін басқа пәндермен байланыстыра алатын жеке тұлға қалыптастыру.
Қорыта келгенде, «Қазіргі заманда болашақ мамандарды ақпараттық технологиямен байланысты әлемдік стандартқа сай мүдделі жаңа білім беру өте қажет» деп Елбасы атап көрсеткендей, жас ұрпаққа білім беру жолында ақпараттық технологияны оқу үрдісінде оңтайландыру мен тиімділігін арттырудың маңызы зор. Ақпараттық-коммуникациялық технологияны оқу-тәрбие үрдісінде қолдану оқушының өз мамандығына қызығушылығын арттырып, шығармашылық шабытын шыңдап, ғылыми көзқарасын қалыптастырып, мамандық сапасын арттырып, еңбек нарығындағы бәсекеге қабілетті мамандар даярлауда үлесі мол.
Қазіргі заман болашақ мамандарынан тек өз пәнінің терең білгірі болу емес, тарихи танымдық, психологиялық-педагогикалық, технологиялық тұрғыдан сауатты және ақпараттық-коммуникациялық технологияны жан-жақты меңгерген ақпараттық сауаттылығы, ақпараттық мәдениеті мен ақпараттық құзіреттілігі қалыптасқан маман болуы талап етілуде. Жоғарыда аталған жайларды меңгерген маман оқушылардан осы білімдерді талап ете алады.
Сонымен зерттеу барысында техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындарында ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану тиімділігі былайша көрінетінін байқатты:
- ой еркіндігі мен шығармашылық дамуға жол ашады;
- болашақ мамандардың оқу-іс әрекетін ұйымдастыру ерекшеліктерін ескере отырып, нәтижелі білімге қол жеткізеді;
- студенттердің оқу үрдісінде туындайтын қиыншылықтарын шешу жолдары табылады;
- студенттің сабаққа деген ынтасы өсіп, қызығушылығы артады;
- оқытушымен студент арасындағы қарым-қатынас нығаяды.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
1. ҚР Білім туралы заңы. Астана, 2007 ж.
2. Бұзаубақова К.Ж. Жаңа педагогикалық технология. Алматы: Жазушы, 2004ж, 47-бет.
3. «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы, 2007 ж.
4. «Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауы, 2014ж.