АҚМОЛА ОБЛЫСЫ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ ЖАНЫНДАҒЫ Ж.МУСИН АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ ЖОҒАРЫ ҚАЗАҚ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІ» МЕМЛЕКЕТТІК КОММУНАЛДЫҚ ҚАЗЫНАЛЫҚ КӘСІПОРНЫ

ГОСУДАРСТВЕННОЕ КОММУНАЛЬНОЕ КАЗЕННОЕ ПРЕДПРИЯТИЕ «КОКШЕТАУСКИЙ ВЫСШИЙ КАЗАХСКИЙ ПЕДАГОГИЧЕСКИЙ КОЛЛЕДЖ ИМ.Ж.МУСИНА» ПРИ УПРАВЛЕНИИ ОБРАЗОВАНИЯ АКМОЛИНСКОЙ ОБЛАСТИ

Жүсіпбек пен Мағжан шығармаларындағы әйел психологизмі

09.03.2019

Жүсіпбек пен Мағжан шығармаларындағы әйел психологизмі

Г.Н.Серкешбаева

Аңдатпа

Произведен  анализ роли и положения  женщин по произведениям Магжана Жумабаева и Жусупбека Аймаутова. В произведениях Жусупбека «Акбилек», Магжана «Вина Шолпан», «Участь Куникей» донесены до нас глубокие психологические переживания женщин. Языком прозы писатели звали к свободе, раскрепощению и просвещению.

Abstract

 It is analyzed the women psychology in the works of Zhusipbek Aimauytov and Magzhan Zmumabayev.

 

«Сезімнің сыртқа шықпас түрі бар ма?

   Оны жасар адамның күші бар ма?!» –

деп Сұлтанмахмұт Торайғыров айтқандай, жазушы үшін адам психологизмі, яғни, рухани дүниесі өзгеше бір әлем, тірлігі бар жанды планета тәрізді. Әйел, әйелге  байланысты әсемдік әлемі – әдебиеттің негізгі тақырыбы.

         XX ғасыр басындағы әдебиетті осы әлемдік, мәңгілік тақырыптың етек алған, белең кезеңі ме дерсің?! Осы ғасырдағы талант тарландарының қайсыбірінің шығармаларында болмасын қазақ әйелінің рухани дүниесінің  көңіл босатар мұнтаздай таза мұңы, сол кезеңдегі ауыр тауқыметін, ұядай жылы да нәзік сезімін ұшырата аламыз. Бірақ, әйелдердің рухани жан дүниесін психологиялық мотивировка жағынан шебер суреттеуде барлығы да Жүсіпбек, Мағжан, Мұхтар сынды әдебиет тарландарымен тең түсе алар ма екен?!

          Әдебиет сынының белді қайраткер сыншысы Бақытжан Майтановтың пікірінше: «психологиялық  мотивировка жасау үшін жазушы кейіпкер іс-әрекетінің үйлесімділігі, екінші сөзбен айтқанда,  сол уақытқа, жағдайға сәйкестігі өзінің характер болмысына лайық  адамның ой-өрісінің ерекшелігіне орай табылатын көркемдік шешімнің логикалық қиындығын таба білу керек. Сонда ғана оқырман қауым жазушы шығармашылығындағы кейіпкер іс-әрекетіне шүбәсіз сенеді»-дейді [1.37].            

         Жаңағы атап кеткен жазушылардың қайсыбірінің шығармасында да азаттық аңсаған бұл жандар, адал махаббат жолында құрбан болған қазақ қыздары, бұдан да зор ауыр тауқымет кешкен қазақтың бұйығы әйелдерінің жан сезімін жеткізе отырып, олардың еркіндікке жетуін өз қуанышындай көреді.

          «Отан отбасынан басталады» дегендей, әйелді қоғамдық ортаның ұйытқысы ретінде танытады. Ерлер жағы өздерімен өздері, салт ат, сабау қамшымен жан-жақта жүргенде, төңірегін уыздай ұйытып, балаларын асырап, үйлік ұйымының басын құраған да – әйел. Осы әйелге теңдік бермей, күйкі  халде күң қып ұстау тек бір адамға ғана емес, барлық қоғамға жасалған қиянат екенін түйіп айтады. Өйткені, адам қоғамындағы адамгершілік – ана тәрбиесінің нәтижесі. Ал, өмірде «әділет, мархабат, махаббат» деген нәрсенің атын естімеген ананың адамды адамдыққа тәрбиелеудегі өрісі қандай болмақ?! Демек, адам бойындағы жаман қылық, жат мінездің бәрі бас бостандығы жоқ,  екі үйдің арасындағы пыш-пыш өсек, ғайбаттан әрі асып ешқайда бара алмай қалған бұйығы, рухани мүгедек әйелдің сорлылығына байланысты екенін дәлелдей келе, «Әйел басындағы тұман айықпай, халыққа адамшылықтың бақытты күні күліп қарамайды. Ал, қазақ мешел болып қалам демесең, тағылымыңды, бесігіңді түзе!» – деп ойшыл тұжырымдарын жасайды.

          Француздың атақты жазушысы Дюма үшін тарих жеке тағдыр тақырыбына салынған суреттерді ілетін қабырға болса, ал, Аймауытов шығармаларын оқып отырғанда, керісінше, жеке адам тағдыры – қабырға, ал, тарих соған ілінетін сурет іспеттес. «Ақбілек» романын мұқият оқыған адам кейіпкердің өмір жолы, тағдыры арқылы сол дәуірдің қалтықсыз шындығын анық көреді.

          Ж.Аймауытов қазақ прозасында әлемдік әдебиетте ғана ұшырасатын үлкен жаңалық әкелді. Оның бірі – авторлық обьективті, яғни, бейтарап поэзияны ұстай білді де, екіншісі, өмірдегі құбылыстарды қолмен ұстағандай суреттеп, адамның жан дүниесіндегі ой қайшылықтары мен сезім қайшылықтарына терең бойлап, психологиялық прозаның негізін салды.

          Романның оқиғасы басталар басталмастан-ақ былғанышты қорлық пен зорлық көрген Ақбілектен қандай кейіпкер жасауға болатынына көз жеткізу оңай емес. Бірақ, жазушы Ақбілекті тамұқ отынан алып шығып, «жүрегін алтын легенге салып жуғандай, анадан жаңа туғандай» жанын тазартып алып келгенде, оқырман да Ақбілек тағдырына мүлдем басқа көзбен қарағандай болады. Ақбілек бейнесінің артықшылығы – оның психологиялық тереңдігінде, табиғилығында, нанымдылығында, тарих оқиға ағымында образ логикасының заңды дамып, дұрыс шешімін табуында жатыр.

            Ақбілек пен жұбайы Балташтың ара-қатынасы бұрынғы қазақ әйелі басында, әйел мен ердің арасында болмаған жай. Жаңа өмір әйелді осыған жеткізді, әйел мен ерді бір қатарға қойды. Кешегі жуас, бұйығы, ұялшақ Ақбілек өнерлі жастардың қатарына қосылған, тек «ақсақалдың ғана баласы емес, көптің баласы» атанды. Әрине, Ақбілектің бұл күйге жетуі оңай бола салған жоқ. Жазушы оның қайшылықты тағдырын жеңілдетпей, үлкен психологиялық образ дәрежесіне көтере білді. Қыздың ақ солдаттарының қолына түскен кездегі, қара мұртпен кездесулеріндегі жан күйзелісі романда жарқын суреттелген. Осындай күйзелістерде ол жаттың қолына түсіп, масқара болғанын намыс көріп, қатты күйініп, күйзеліп, ел бетіне қараудан жасқанып өзіне тек өлім тілейді. Бірақ, біз жас қыздың жан дүниесімен тебіреніп, өмірден түңіліп, күйрей жаздаса да, болашақтан зор үміт күтіп, әділетке сенімін жоғалтпаған, тірліктің мазағына күйсе де, келер қуаныштан, қонар бақыттан үміт үзбеген адамның ақ адал жан сырын ұғамыз.

          Жүсіпбек Аймауытовтың әйел тақырыбына жазған келесі шағырмасы – мазмұны мен болмыс бітімі жағынан Ақбілектен мүлдем өзгеше шығарма «Күнікейдің жазығы». «Күнікейдің жазығын» оқып шыққан әрбір оқырманға Мағжан Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі» повесіндегі Шолпан бейнесінің көз алдына оралмауы неғайбыл.

           «Күнікейдің жазығы» мен «Шолпанның күнәсі» бір қарағанда тақырып мазмұнынан ұқсастық тапқанымен, ой-иірімінен күнә мен жазықтың арасында үлкен айырым жол тұрғанын аңғаруға болады. Әйел тақырыбына жазылған шығармалардың көпшілігінен өз теңіне қосыла алмай, кертартпа әмеңгерлікке лағнет айтып, мойнына түскен теңсіздік ноқтасынан біржола құтылу жолында жүректері қан жылаған қазақ әйелдерінің мұң-зарын көрсек, ал, бұл екі шығармадағы әйелдер тағдырының жөні мүлде бөлек. Бұл екеуі де – өзі сүйген адамына қосылған ерікті, азат әйелдер. Ал, сонда бұлар бұл өмірде неге бақытсыз? «Тағдырдың әр адамға берер өз сыбағасы болады» дегендей, сол тағдырдың тағдырлас, мұңдас екі әйелге тартқан сыбағасы қандай еді?!

        Шығарманың басында  басты кейіпкер кедей қызы Күнікей еті тірі, пысық болып өседі.  Өзінің жаратылысы ешкімнен кем емес екенін, өз көңілін бай қызына бермейтінін жазушы нақты детальдар арқылы көрсетеді. «Шешеге қарап қыз өсер» дегендей, Күнікейдің еті тірлігіне, жанарының ойнақшып тұруына шешесі Шекердің ықпалы жоқ деу мүмкін емес. Баланы іспен емес сөзбен, үлгімен емес ақылмен үйретпекші адам сорлы емес пе? Шекер өзіне құдай жұқтырмаған байсалдылықты қызына оқыды. Ал, қызы болса өсе келе оқығанды емес, көргенді тоқыды. «Бозбаламен неге өзі ойнайды?» деген сұрау Күнікейдің ойына беки берді.  Он төртке аяқ басқан соң-ақ көзі жанып тұрған Күнікей анасынан құрық әкетті. Осы кезеңге дейінгі жас қыздың сезімін: 

                                            «Ол кезде Күнікейдің бала кезі,

    Сүю мен жек көруден таза кезі.

                                               Сонда да:

         Мені сүйген жігітте  не арман бар?

          Айтып тұрған секілді отты көзі», –

деп жазушының өзі айтқандай, осы жолдар кейіпкердің сүттей ақ, нәрестедей пәк, мөлдір жаратылысын білдірмей ме? Мұнда авторлық симпатия бар. Қыздың сәбидей сүйкімді адалдығы, өзінің бойжеткеніне сенбей таңырқауы, жұрт алдында қысылу сезімі бар. Бірақ, заманы, ортасы, отбасы тәрбиесінің әсері жас қызды өзгертпей қоймады.

         Сөйткен, Күнікейдің повесть басталғанда жалғыз қараңғы үйде күйзелісте жатқанын көре аламыз. Маңында адам жоқ, иесіз үй, ауру әйел. Неге олай, күйеуі қайда? Туған-туыс, балалары қайда? Күнікейдің серігі әйнектен ескен жел болды. Күнікей жалғыз жатқанда қос қарлығаш ел болды. Адамзатқа не болды? Күнікейден безгендей, Күнікей мәңгі өлгендей, суық топырақ көмгендей. Баласы қайда Күнікейдің «апалап» бір уақ келетін? Жұбайы қайда Күнікейдің қияметтік жолдасы? Күнікей бүйтіп жатқанда жастық қойып басына, қолынан сусын беретін. Ауылы  қайда Күнікейдің келіп-кетіп жүретін? Жазығы не еді әйелдің?

         Жазығы сол, атам заманнан келе жатқан шариғат заңын бұзып, атастырған күйеуін менсінбей өз еркімен Байманды сүйіп қосылуында екен. Бірақ, сүйіп тиген жары сертін бұзып, «сәби сүйе алмадың» деп Күнікейден безіп, жаңадан үйлену қамында жүрген көрінеді. Бұл Күнікейдің жан ауруына тән ауруын жамап, жүрегін жаралайды. Дәл осы сәт Шолпанның тағдырын еске түсірелік. Шолпан кім? Ол да Күнікей сияқты өз теңіне қосылған бақытты әйел емес пе еді?! Мал орнына сатылып, сүймеген жанға жар болатын қазақтың сансыз қыздарының ішінен дараланып, өзінің  сүйгеніне тиген Шолпан бастапқы кезде махаббат буымен бала керек қылмады. «Балалы болсам, әдемі өмірім бұзылады» деп ойлайтын еді.

          Күн шығыстан ақ жібектей таң атып келе жатқан мезгілде, өзге адам сәждеге құлап, маңдайын топыраққа бұлғап, тасқа ұрып тәңірден бақытты тұрмыс, өшпес байлық, кетпес бақыт тілесе, ал, Шолпан күрсіне-күрсіне жаратқанға «бала бере көрме» деп жалынып еді. Затында баланы жек көргендіктен емес, ерімен арасындағы жібектей нәзік махаббат жібі үзілмеу үшін, сол ізгі махаббатқа басқа бір жан келіп, тап салмау үшін бала болмауын тілеп еді.

         Жас жүректің ұйытқыған жалау тілегі қабыл болды ма? Иә, Шолпан бала сүйген жоқ. Арада 3-4 жыл өтсе де, сүйген жары Сәрсенбайға  Күнікейдің Байманының әрекеті түгіл, ойы да келген емес. Өз сыры өзінде жатыр ма кім білсін?! Бірақ, көрші балаларының қылықтарын айтып, мәз болып келетін Сәрсенбайдың жүзін көргенде Шолпан өткен ойына қатты өкініп, жүрегі қан жылайтын. Осы түннен былай қарай Шолпанның бар тілегі бала болды. Талай түндерде өкініштен көзден емес, жүректен ыстық жас төкті. Күн сайын таң сібірлеп келе жатқанда сәждеге кұлады. Таспиғын санап «сұхбаналлах» айтты. Бірақ, бала болмады. Шолпан өзінің бұл жолға түсу себебі, тек бала үшін екендігін ешкімге айтқан жоқ. Жанынан жақын ері Сәрсенбай да білмеді. Ауыл-аймақ Шолпанға: «пірәдар келін, пірәдар жеңге, пірәдар абысынымыз» деп те ат қойды. Үлкен де, құрбы да, бала-шаға да күлді. Бірақ, Шолпан жүрегіндегі жараны ешкімге айтқан жоқ. Теңіз терең емес, адамның жаны терең деген осы емес пе?! Не керек, жақын-жаттың ортасында жалғыз болды. Бітеу жара болды, жалғыз өртенді, жалғыз жылады, дүниеден безді. Бірақ та бала болмады. Бала... сол бала үшін қандай ессіздік істемеді есті Шолпан?!

         Күнікей мен Шолпан тағдырының екінші ұқсастығы – сол ортақ мәселе бала. Ақбілек үшін сол бір кездерде керек етпеген нәресте, тағдырлас, мұңдас екі әйел үшін қол жетпес шыңның биігінен сағымдай бұлдырап көрінуінде еді. Аспандағы ай боп көрінген сол бір сәбидің болмауы екі жас сұлудың өмірін тәрк етті. Бірақ, Шолпанның Күнікейден бір өзгешелігі ол тағдырдың дегеніне бағынбай шың биігінен бұлдырап, күлімсіреп көрінген сәбиге қолынан келген тірліктің бәрін жасап, өзіне жақындата бастағандай болды. Бірақ, бұл ананың тірлігі шариғат заңын бұзған, қисық жолмен келген күнәлі тірлік еді. Сол кешірілмес күнәнің салдарынан сүйген жарынан талақ болып, сегіз жыл айдай арманы боп кеткен жас сәбиін жарық дүниеге де әкеле алмай, өзімен бірге о дүниеге ала кетеді.

          Осы шығармадағы Шолпан, Күнікей сияқты бас қаһармандардың тағдыры, мінезі, сезімі, іс-әрекеті өмірдегі көптеген таныс тіпті, бейтаныс кісілерді еріксіз еске түсіріп отырғандығымен оқырман қауымға жақындай түседі. Өзіндік мұңдылығымен, табиғилығымен мәңгі есте қалатын, өмірде көптеген протоптиптері бар образдар. Сондықтан, біз бұл шығармаларды реалистік психологизм принципін басшылыққа ала отырып жазылған көркем, шыншыл туынды деп есептейміз.

          Осы принцип бойынша кейіпкер  жанарындағы нұр мен мұңның құлпырып құбылуын қалт жібермей, адам жүрегіндегі күйініштің табын айнытпай жеткізуде үлкен шеберлік танытқан Мағжан мен Жүсіпбек сияқты талант тарландарымыздың құдіреттілігіне қалай таңданбауға болады?! Бұл жазушылар – әдебиет көгінде алыстаған сайын биіктей түсетін жұмбақ та, шоқтығы биік жарық жұлдыздар.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

1. Майтанов Б. Қаһарманның рухани әлемі. – Алматы, 1987.

2. Жұмабаев М. Шығармалары, І-ІІ том. – Алматы, 1996.

3. Аймауытов Ж. Бес томдық шығармалар жинағы, І том. – Алматы, 1996.

Просмотров: 1959


Добавить комментарий



Включить данные в подпись

СоцСети

Ұйымдар тізімі
Текст