АҚМОЛА ОБЛЫСЫ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ ЖАНЫНДАҒЫ Ж.МУСИН АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ ЖОҒАРЫ ҚАЗАҚ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІ» МЕМЛЕКЕТТІК КОММУНАЛДЫҚ ҚАЗЫНАЛЫҚ КӘСІПОРНЫ
ГОСУДАРСТВЕННОЕ КОММУНАЛЬНОЕ КАЗЕННОЕ ПРЕДПРИЯТИЕ «КОКШЕТАУСКИЙ ВЫСШИЙ КАЗАХСКИЙ ПЕДАГОГИЧЕСКИЙ КОЛЛЕДЖ ИМ.Ж.МУСИНА» ПРИ УПРАВЛЕНИИ ОБРАЗОВАНИЯ АКМОЛИНСКОЙ ОБЛАСТИ
ОҚУШЫНЫ ӨЗ БЕТІМЕН КІТАП ОҚУҒА ҮЙРЕТУ, ОНЫ ҚАЛЫПТАСТЫРУ
Т.М.Жоламанова
Аннотация
В данной статье исследуется самостоятельное чтение книг учеников и его пути саморазвития как читателя, раскрыты требования культуры чтения книг.
Abstract
In this article it is analized pupil’s individual reading books and its ways of a reader’s self-development, also there are revealed demands of reading culture.
Қай заманда болмасын, адамзат алдында тұрған ұлы мұрат-міндеттердің ең бастысы – салауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу. Жас ұрпақтың өскелең талабын қанағаттандыруда, рухани байлығын, жалпы ой-өрісін дамытуда, жоғары эстетикалық талап-талғамын қалыптастыруда ең үлкен де ұлы тәрбие құралы – кітап. Кітапсыз тәлім-тәрбие мен ілім-білімнің орны бос қалатыны бесенеден белгілі. «Кітап – білім бұлағы, білім – өмір шырағы». Осы бір аталы сөз қай ғасырда, қай заманда болмасын өз құнын жойған емес. Бүкіл адамзат тарихында көне дәуірлерден сақталып келе жатқан тастағы таңбалардан бастап, көптеген жазу-сызулар арқылы бізге жеткен асыл мұралар, ақыл-ой, ғылым-білім қазыналары кітап арқылы игілігімізге асуда. Кез келген жеке тұлғаның білімі мен танымының, ой-өрісі мен сана-сезімінің дамуына кітаптың ұланғайыр әсер ететінін айтып жатудың өзі артық болар. Бұлақтың дарияға бет алғанындай, әліппеден бастау алатын білім кілті кітап – оқимын деген адамның сенімді серігіне, айнымас досына айналары сөзсіз. Кітаптардың құдіретті күшін жеке адамдар ғана емес, өркениетті мемлекеттер де жоғары бағалаған, аса маңызды саясат деп қараған.
Осынау техника дамыған заманда балалар мен жасөспірімдердің басым көпшілігі уақыттарын теледидар көруге, компьютер ойнауға, музыка тыңдауға арнайды. «Заманың түлкі болса, тазы боп шал» демекші, олардың ішінен компьютерді жоғары деңгейде үйреніп, техниканы жетік меңгеруге ынталанып жүрген қазақ жастарын көргенде қуанасың. Бірақ, кітаптың және кітап оқудың орны бөлек. Жас жеткіншектерге өз жасына сай кітап оқығандары дұрыс. Өйткені, кітап адамзат баласына білім сыйлайды.
Кітап оқу – адамзат ойлап тапқан ең ғажайып құбылыстардың бірі. Рухани жан дүниеге демеу беріп, адамның адами қасиетін арттыратын да осы кітап. Тәрбиенің бастауы ертегі, жыр-дастандары да бүгінгі ұрпаққа кітап болып жетті. Абай Құнанбаевтың:
Пайда ойлама, ар ойла,
Талап қыл, терең білуге.
Артық білім кітапта,
Ерінбей оқып көруге, – деген сөзінен-ақ көп нәрсені аңғаруға болады. Сондықтан кітап оқу – әр адам үшін қажет нәрсе, кітап оқу – алғыр ойлауға баулып, албырт сезімді тежеуге, ішкі барлық ойлау және сезіну қабілеттерді қалыптастыратын сезім тәрізді ми гимнастикасы болып табылады.
Сонымен қатар ғалымдардың айтуынша, кітап оқу – рухани жетілуге ғана емес, тән саулығына да керемет пайдалы. Медицина ілімінде үлкен мидың жұмысы бүкіл дене организмдеріне тікелей әсер етеді. Сол үшін де биология саласында «үздіксіз қозғалыстағы клетка жасарып отырады дейтін» көзқарас бар.
Ғалымдар кітап оқу, сурет, музыка, жазушылық секілді ақыл-ой еңбегімен шұғылданатын адамдардың жүйке-жүйесінің басқа адамдардан әлдеқайда тез дамитынын және қартайған кезде де жүйке-жүйенің шаршауы, әлсіреуі және үлкен мидың қартаюы болмайтынын дәлелдеді.
Қан тамырдың, өкпе, жүрек және басқа да ағзалардың сау денелі болуы үшін дене әрекеті маңызды орында тұратыны белгілі. Барлық дене мүшесіне әсер ететін үлкен миды жаттықтырудың ең тамаша тәсілі – кітап оқу. Кітап оқу – жүйке жүйесін шынықтыру, дене-бітімді күшейту, әртүрлі аурулардың алдын алуда маңызы зор.
«Кітап оқу – адам миы үшін айрықша жаттығу. Түрлі шығармалардың ішіне ойша ену адамның елестету, қиялдау мүмкіндігін арттырады. Бұдан адамның физикалық және психикалық жай-күйі жақсарады», – дейді профессор Джон Стейн. Ғалым кітап оқуға ерте жастан машықтанудың пайдасы зор екенін айтады. Кітап оқуға жұмсалған алты минут уақыттың ішінде адамның күйзеліс деңгейі төрттен екіге төмендейді екен және кітап оқу музыка тыңдағаннан немесе жаяу серуендегеннен әлдеқайда пайдалырақ.
Баланы әдеби кітаптарды оқуға тарту – білімнің қайнар көзі болып табылады. Ол оның рухын сақтайды, жүрегі мен миын азықтандырады, өзін-өзі тану сезімін оятады, өз ісінің дұрыс, бұрыстығына қорытынды жасап, дәлелдей алатын, өмірдің ащысы мен тұщысынан дәм татып, өмір сүруге дайын, тірлікке бейім болуды үйретеді.
Көркем шығарма – адам тәрбиелейтін басты әрі қуатты құрал. Ол адамгершілік қасиеттерді қалыптастырады. Кітап оқу арқылы адамның мінез-құлық нышандары өзгереді. Баланың қуану, аяу, өкіну, жақсы көру сезімдері оянады. Көркем сөз арқылы Отанын, туып-өскен жерін, елін, өз отбасын сүю, адамды қадірлеу, жан-жануар, табиғатқа деген қамқорлық сезімдері оянады, білуге құштарлық сияқты қасиеттер дариды.
Кітаппен шындап жұмыс істей алмау, жүйелі оқымау кейбір адамның кітапқа деген сүйіспеншілігін мұқалтса, енді біреулерді жүйесіз, ойланбай оқуға әкеліп соқтырады. Ол үшін кітап оқу мәдениеттілігін игеру керек.
Кітап оқу мәдениеттілігін игеруде төрт нәрсені білу қажет:
а) кітаптың атауы: яғни кітаптың атауы мен мазмұны арасында қаншалықты байланыс бар, атауы мен мазмұны бір-біріне сәйкес пе? Осы сияқты мәселелерге мән беру;
ә) сала: яғни кітап ғылымның қай саласына қатысты мәселелерді баяндайды дегенге жауап іздеу;
б) тараулары: кітапта мәселелер қанша тарауға бөлініп берілгеніне көңіл бөлу;
в) мақсаты: «кітаптың жазылу мақсаты не» деген сұрақ төңірегінде ойлану.
Кітапты жоғарыда аталған төрт қырынан ұғуға тырысу, осы негізде түсіну – кітапты шын мәнінде түйсіну деген сөз. Яғни, кітаптың атауы мен мазмұны арасындағы байланысты аңғару, өз саласына қатысты кітаптың алып-қосарын таразылау, содан соң кіріспе мен тараулардағы кемшіліктер мен артықшылықтарды байқау, қай тұста тақырыптың бүге-шігесіне дейін қарастырылып, бақайшығына дейін шаққанын көре білу – кітап оқудың негізгі ұстанымдарына жатады.
Бұған қоса, кітап оқитын уақытты дұрыс таңдау да аса маңызды. Кітапты сергек уақытта оқыған абзал. Таңертең ұйқыдан тұрғанда немесе түс мезгілінде сәл көз шырымын алғаннан соң, қолға кітап алғанның пайдасын көп. Жалпы кітапты түнде де оқыған қолайлы.
Оқу дегеніміз – бұл кітап мазмұнымен танысып, автордың кітаптағы ойын ұғыну, оқу – бұл графикалық белгілермен берілген басқа біреудің ойын меңгеру. Оқу мәдениеттілігі алдымен оқуға деген көзқарас қалыптастырудан, оқырманнан кітап арқылы әлемді танып және оқудан өзіне пайда ойлауға тырысуынан басталады. Нақтырақ айтқанда, оқырман кітапты жеңіл уақыт өткізу үшін емес, өздігінен білім алып, өз бетінші ізденуге және білімін жетілдіруге пайдаланғаны жөн.
Мектептегі оқу үрдісі бастауыш сынып оқушыларынан оқудағы дербестікті талап етеді. Осыған орай, оқу еңбегінің барысында оларды ең алдымен кітаппен жұмыс істеуге үйретуден бастаған жөн. Көптеген бастауыш сынып оқушылары кітап оқуды ұнатады. Сондықтан да балалардың оқуы үшін кітап таңдап алуын ата-аналар, ұстаздар, кітапханашылар қадағалап отыруы тиіс.
Кітаппен жұмыс жасау – оқушының білім сапасын көтерудегі қажетті жағдай. Баланың жалпы дамуы мектептегі оқу мен оның өздігінен ізденуімен тығыз байланысты.
Кітаппен жұмыс жасаудың бір жолы – баланы кітап оқуға әуестендіру. Соңғы жылдары балалардың көркем әдебиет пен балаларға арналған газет-журналдарды оқуға деген қызығушылығы азайып кетті. Оның себебі неде? Неше түрлі ақпарат хабарлар, жаңалық беретін, көріністі көз алдына әкеліп қоя салатын, ойландыра да толғандыра қоймайтын техникалық құралдардың көптігі, компьютерлендіру баланың кітап оқуға деген құмарлығын жойып жіберді ме?
Қалай десек те бұл тақырып төңірегінде сұрақ көп. Әрине, бұдан барлық бала бірдей қолына кітап ұстамайды деген ой тумауы керек. Шындық сол, кітап оқымайтын бала көп. Көркем әдебиет – адамгершілікке, дүние байлығы молайтуға, тән, жан тазалығын, әдет-ғұрыпты сақтауға тәрбиелейді. Олай болса, жас жеткіншекті жастайынан кітап оқуға әуестендіру – саналы, білімді, жан-жақты жетілген ұрпақ өсірудің бір жолы болып табылады. Сол себепті бастауыш сыныптан бастап кітап оқуға қызықтырудың қарапайым да тиімді жолдарын ұсынбақпыз.
1. Оқушылардың кітап оқуға құмарлықтарын арттыру үшін ең алдымен мұғалім жоспар құрады. Сынып жоғарылаған сайын жоспарды күрделендіріп отырады.
2. Адамның ойын байытып, сауаттылығын арттырып, білім нәрімен сусындатар орда – кітапхана. «Кітапхана тірі болса, халық та тірі, ол өлсе, біздің өткеніміз бен болашағымыз да өледі» – дейді ғалым Д.Лихачев. Сол себепті мектеп кітапханасы оқушыларды керекті шығармалармен қамтамасыз етуге тиіс. Алайда, керекті кітаптар мектеп кітапханасынан табыла бермейді. Осы жағдайдан шығудың жолын іздеп, әдебиет пәнінің мұғалімдері сыныпта «Кітапхана бұрышын» ұйымдастыруы қажет. Арнайы оқушылар арасынан кітапханашы тағайындалады. Барлық оқушы кітапханашы болып шыққаны дұрыс. Ол апта сайын кезекпен ауысып тұруы керек. Жеке-жеке карточкалар ашылып, оқыған кітаптары, алған, тапсырған күні жазылып отырады. Апта сайын сынып сағатында кім көп оқыды, қай кітапты оқыды, ұнаған кітап, оның авторы, қайдан қашан шықты, мазмұны не жөнінде т.б. мәселелер бойынша талдау жасап, мұғалімнің көмегімен сол аптадағы кітапханашы есеп беруі керек. «Кітапхана бұрышы» арқылы ең үздік оқырман атағын жариялап, мадақтау.
3. Кітапхананы тоқсан сайын жаңа кітаптармен толықтыру. Оқылып болған кітаптарды әкетіп, жаңасын әкелу.
4. Кітап оқуға қызықтыра түсу мақсатында оқылған шығармаларының мазмұнына сәйкес түрлі деңгейдегі пікірталастар ұйымдастырып, оқырмандар конференциясын өткізу тиімді. Оқырмандар конференциясын оқушылардың тоқсан бойы оқыған кітаптарына есеп беру ретінде әрбір тоқсан аяғында өткізуге де болады.
5. Кітап оқуға ынтасы жоқ, оқуы нашар оқушылармен жеке жұмыс жүргізу. Мұғалім және ата-ана тарапынан үнемі көмек көрсету, кітап таңдауға бағыт-бағдар беру. Үздік оқушыларды көмекке әкелу. Үнемі оқу барысын, қадағалап отыру.
6. Баланың жасы өскен сайын кітап мазмұнын, көлемін түрлендіру. Әр ғылым саласы, әр жанр бойынша оқуға ұсыныс жасау.
7. Оқылған кітаптардағы, газет журналдардағы ұнаған сөйлемдерді, тақырыптарды, дәйексөздерді, мақал-мәтелдерді арнайы дәптерге жазып жүру. Ол дәптерге арнайы ат қою («Сөз – өрнек», «Сөз – семсер», «Өнер алды – қызыл тіл», «Сөз маржаны», «Сен білесің бе?», «Жадыңда қалсын жақсы сөз», «Ананың сөзі – ақылдың көзі» т. б.).
8. Кітапты құр түсінбей оқудан сақтандыру. Талғап оқуға кеңес беру. Оқыған кітабына өз көзқарасын білдіре білуге үйрету. Кітап оқудағы мақсат кітаптың санында емес, мазмұнында, жүрекпен ұғынып, көңілге тоқу екенін түсіндіру.
9. Өз қалауымен оқылған кітаптарды дәптерге тізіп жазып отырған дұрыс немесе төмендегідей кесте толтыруға болады.
Шығарманың аты, авторы |
Шығарманың кейіпкері
|
Мәселелері
|
Қысқаша мазмұны
|
Пікір |
|
|
|
|
|
10. Бірлесе отырып кітап оқу, оқығаны туралы ой бөлісу. Үш топқа бөліп оқушыларды бірлесе отырып топпен жұмыс істеуге баулу, жұмыс үстіндегі еркіндік, тек сөйлеушіні тыңдауға ғана емес, ойлауға жетелеу, өз ойын жеткізуге баулу. Нәтижесінде: бала шапшаң оқуға, ойын еркін айтуға дағдыланады. Шапшаң оқуға дағдыланғанда ғана оқушы төмендегідей жетістіктерге жетеді:
– мәнерлеп оқуды меңгереді;
– оқығанды оқиғаны көз алдына елестете алу қабілеті артады;
– әртүрлі сезімдерге беріледі, қиялдау қабілеті дамиды;
– өзіндік жұмыстар мен тапсырмаларды орындауларда емін-еркін жұмыс жасайды.
11. Буккроссинг әдісін қолданып, кітап оқуды жандандыру.
Буккроссинг – флешмоб шарасына ұқсас, қоғамдық желілер қағидаты бойынша іске асатын қоғамдық қозғалыс. Ол – кітаптарды «босату», яғни «еркін саяхатқа жіберу» деген ұғымды білдіреді. Буккроссинг мүшесі, яғни буккроссер бір кітапты оқып болған соң, оны басқа бір кез келген оқушыға таратады. Ол алған кітабын оқып, келесі оқушыға алу үшін «қауіпсіз сөреге» қойып кетеді. Осылайша кітап айналымға түсіп, таратылады. Бұл – бір кітап емес, бірнеше кітап болауы мүмкін.
Буккроссинг әдісі бойынша мектеп дәлізінде «қауіпсіз сөре» орнатылады. Әр буккроссер өзі оқыған кітабын осы сөреге қойып кетеді, оны келесі буккроссер алып, өз кітабымен алмастырады. Осылай сөре жаңа кітаппен толығып, алмасып отырылады.
Кітапты таратудың екінші жолы – букрей әдісі. Бұл әдіс бойынша кітап пошта арқылы бір мүшеден екінші мүшеге тізбек бойынша жолданады. Аталмыш әдіс бойынша бір сынып оқушысы емес, басқа сынып оқушылары да, тіпті өзге мектеп оқушылары да тізбек бойынша алып оқиды. Букрей әдісі бойынша «еркін саяхатқа жіберілген» кітап өзін «босатқан» буккроссерге қайтып келмейді.
Келесі әдістің түрі – букринг. Бұл әдіс арқылы да кітап пошта арқылы тізбек бойынша таратылады. Тек бұл әдістің букрей әдісінен айырмашылығы – «еркін саяхатқа шыққан» кітап өзін «босатқан» буккроссерге қайтып оралады.
Оқушының кітап оқуға деген ынтасын оятып, қызығушылығын арттыратын ұстаздан кейінгі негізгі тұлғаның бірі – кітапханашы. Жалпы, кітапханашылар қауымы оқырмандармен жұмыс жасауда жақсы қарым-қатынас орнатуға, олармен әңгімелесіп, пікірлесуде кәсіби шеберлікпен жұмыс жасауы абзал. Жеткіншектің бойындағы кітапқа деген құштарлықты ояту үшін кітапханашы үнемі ізденіс үстінде болуы шарт. Себебі, бабалар аманатын ұрпағына жеткізу жолында еңбек ету – кітапханашы басты міндеті.
Балаларды бес жастан бастап кітапханаға апарып, кітапханашының дауыстап оқыған ертегі, әңгімелерін тыңдатып, кітапқа деген құмарлығын арттырған артық болмас еді. Ол үшін қандай жұмыс жасауымыз керек.
Бірінші, көркем шығарманы дауыстап оқығанда жас бүлдіршіннің есінде қалатындай көз алдына елестететіндей етіп оқу.
Екінші, образдап оқығанын сомдап көрсету.
Үшінші, сахналық қойылым.
Төртінші, суреттер арқылы оқу. Кітапханашы кішкентай оқырмандарға оқыған ертегісінің, әңгімелерінің кейіпкерлерін суретке салдырса, олардың ойында сақтап қалу қасиеті қалыптасады. Бүлдіршін оқыған кітабының кейіпкерін ұнатып қалса, соған ұқсауға тырысады. Балаға халық ертегілері өте жақын келеді. Тілі де жеңіл. Көбіне халық ертегілері – «баяғы өткен заманда бір шал мен кемпір болыпты, оның бір баласы (немесе қызы) болыпты» дегенде оқырманның көз алдына атасы мен әжесі елестейді. Сонымен қатар, ертегінің тағы бір жақсы қыры – аң-құсқа толы, балаға жақын ит, мысық, аю, қоян, қасқыр сияқты аңдардың, құстардың адамша сөйлеп, адамдармен араласып жүруі, осының бәрі жас баланың қоршаған ортаға, табиғатқа, өмірге деген көзқарасын өзгертеді.
Баланың өздігінен кітап оқуына жағдай жасап, қолдау көрсететін адамның бірі – ата-ана. Ол үшін ата-ана баланы кітап оқуға жетелеудің мынадай алғы шарттарын орындауы қажет:
– бала бөлмесіне арнайы кітапхана үшін бұрыш жасақтау;
– алғашқы кітап сатып алған күннен бастап, тіркеу дәптерін бастату. Дәптерге өзінің танысқан, оқыған кітаптарының тізімін жаздырға дағдыландыру керек;
– әрбір мереке, атаулы күндер немесе сәті түскенде бала оқымаған, оның кітапханасында жоқ, оқуға деңгейі жететін кітаптарды сыйға тарту. Сол арқылы кітап қорын толыту. Кітаптан артық сыйлық жоқ екенін ұғындыру.
– тек кітаптармен шектелмей баспасөз бетіндегі балаларға арналған газет-журналдарды оқуға кеңес беру;
– үйде кітап оқуға жағдай туғызу;
– алғашқы күннен баланың күн тәртібіне қатаң көңіл бөлу. Аптаның жеті күніндегі әрбір сағат сабаққа, ойынға, кітап оқуға, үй шаруасы шамасына уақыт бөлу жас деңгейіне, қабілетіне қарай бөлініп берілуі керек.
Физиолог ғалымдардың айтулары бойынша, адам оқылған кітаптың 85% ұмытып қалады екен. Осындай жағдайда есте сақталатын ақпарат көлемін ұлғайтудың бірнеше жолы бар. Ол үшін белсенді оқу тәсілін қолдану керек: белгілер қою, қызықты немесе пайдалы үзінділерді көрсету, болашақта тереңірек ақпарат іздеу үшін сұрақтар құрастыру, кітап бетіне қарындашпен белгі қою, т.б. Оқығаннан кейін рецензия немесе қысқаша мазмұн жазса, бұл кітапты меңгеруде көп көмегін тигізеді.
Жаңа кітапты алғаш оқығаннан кейін толықтай түсіну әдетте қиын болады. Кітапты жақсы түсінудің жолы – оны екі рет оқу. Мортимер Адлер өзінің «Кітаптарды қалай оқу керек?» деген еңбегінде қажетті деген шығармаларды тіпті бес-алты рет оқуға кеңес береді.
«Манн, Иванов и Фербер» баспаханасының бук-скауты Сергей Король Лебедев оқырмандарға мынадай кеңес береді: «Өзіңізге күніне кем дегенде бір сағат кітап оқу мақсатын қойыңыз. Сонда сіз жылына шамамен елу кітап оқисыз, ал бұл орташа көрсеткіштен әлдеқайда жоғары».
Қорыта келгенде, бір кітапты қолға алсаңыз, ішкі нәрін алу, пайдалы ой қорыту мақсатымен оқыған дұрыс. Кітаптағы маңызды тұстарды белгілеп, астын сызып, тіпті керек болса, жан-жағына ойға оралған пікірлерді қысқаша түртіп қою, кейінірек тағы бір рет көз жүгіртіп өту де артық болмайды. Түсінуге қиын соғатын, күрделі мәселелерді талдаған кітаптарды төрт-бес қайтара оқып шығу да артық болмайды. Себебі: оқыған сайын ойға оралған әрбір пікірді кітаптың бетіне түртіп, белгілеп қою қажет болған жағдайда қолдануға мүмкіндік туғызады.