АҚМОЛА ОБЛЫСЫ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ ЖАНЫНДАҒЫ Ж.МУСИН АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ ЖОҒАРЫ ҚАЗАҚ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІ» МЕМЛЕКЕТТІК КОММУНАЛДЫҚ ҚАЗЫНАЛЫҚ КӘСІПОРНЫ

ГОСУДАРСТВЕННОЕ КОММУНАЛЬНОЕ КАЗЕННОЕ ПРЕДПРИЯТИЕ «КОКШЕТАУСКИЙ ВЫСШИЙ КАЗАХСКИЙ ПЕДАГОГИЧЕСКИЙ КОЛЛЕДЖ ИМ.Ж.МУСИНА» ПРИ УПРАВЛЕНИИ ОБРАЗОВАНИЯ АКМОЛИНСКОЙ ОБЛАСТИ

1921 және 1932 жылдардағы ашаршылық нәубетінің қазақ әдебиетіндегі көрінісі

09.03.2019

1921 және 1932 жылдардағы ашаршылық нәубетінің қазақ әдебиетіндегі көрінісі

А.Бейсембина

Аңдатпа

Берілген мақалада 1921 және 1932 жылдардағы аштық нәубетінің көркем әдебиеттегі көрінісі сипатталады. 

Аннотация

         В данной статье рассматривается отражение в казахсксой литературе голодомора 1921-1932 г.г.

                                                             

Abstract

In the given article it is described the Hun disaster of belles-lettres Feautersin 1921-1932.

 

Қазақ халқының өткен өмір тарихын таразылайтын болсақ, басынан өткізген қилы тағдырын еске алар едік. Солардың бірі – 1921-1922 және 1932-1933 жылдардағы ашаршылық нәубеті. Аштық, оның адам жанын ашындырар алапаты жайында бүгінгі ұрпақ бұқаралық ақпарат құралдары мен әр жылдары жазылған көркем туындылардан оқып біледі. Қазақ әдебиетінде бұл тақырыпқа қалам тартқан авторлардың қатарында Бейімбет Майлин («Аштық құрбаны», «Күлпаш», «Айт күндері»), Смағұл Елубай («Ақ боз үй»), Кәрібай Ахметбеков («Қасірет»), Шерхан Мұртаза («Қызыл жебе», «Бесеудің хаты»), Төлеген Қажыбай («Аран»), Қадыр Мырза-Әлі («Дерт»), Нұрлан Оразалин («Қарақазан ғасыр»), Хамза Есенжанов («Жүнісовтер трагедиясы»), Мұхтар Мағауин («Сары қазақ»), Баққожа Мұқай («Өмірзая») сынды бірқатар ақын-жазушыларды атауға болады.

Ашаршылық жылдарының ащы шындығын қағаз бетіне алғаш түсірген суреткерлердің қатарында жазушы, шағын әңгіменің шебері Б.Майлин – осы нәубетті көзімен көргендердің бірі.Бұл жөнінде академик-жазушы, қоғам қайраткері Мұхтар Әуезов: «Қазақ әңгімелерінің аса көркем үлгілері Бейімбет Майлиннің өзгеше мұрасынан танылатын. Б.Майлин әңгімелерінде терең шыншылдық бар... Бейімбет әңгімелерінің көп топтары революцияның ең алғашқы жылдарынан бастап 30-жылдардың ортасына дейін Кеңес дәуірінде қазақ ауылында болған өмірдің ұзақ көркем шежіресі деуге болады», – деп көрсетеді [1]. Жазушы қаламынан туған «Айт күндері» әңгімесінде «Ауылдан оңаша, томардың жел жағында үш қара үй тұр. Маңайында қыбыр еткен мал да жоқ. Ызыңдаған маса да жоқ, асылған қазан да жоқ, кезіп жүрген адам да жоқ. Күн батыс жақ шеттегі үйдің көлеңкесінде үсті-басы өрім-өрім болып бүкшиіп он екі-он үш жасар бір қыз бала мен бір орта жастағы әйел отыр. Жүздері сарғылт, көздері ісіңкі. «Уф!» деп күрсінеді. Әлденені ойлайды...», – деп кейіпкерлерін үлкен қайғы үстінде көрсетеді[2].

Оқыған сайын сан сұрақ ойыңды мазалайды, көңілің құлази түседі. Мысалы, «Тырдай жалаңаш алты-жеті жасар бір ұл, бір қыз бала тысқа шыға келді. Қапшықтан алып жатқан домалақ малдың терісін көріп, екеуі бірдей тарпа бас салды», - деген жолдарды күйзелмей оқу мүмкін емес.

Бұл нәубет жалғыз осы отбасының басына түскен жоқ. Барлық қазақ елін жайлаған ашаршылықтың әлегі аз болмағанын сездіреді. Жазушы өз шығармаларында кедейдің тұрмыс-тіршілігін, мұң-шерін, тағдыры мен көрген азабын тереңнен қозғай білген.

Қазақ прозасында ХХ ғасырдың 20-30-жылдарындағы халық басынан кешкен ауыр ахуал, жаппай аштыққа ұшыраған кезең біршама қамтылған. Жазушы Смағұл Елубаевтың «Ақ боз үй» романының желісіне арқау болған да – осы тарихи кезеңнің шындығы. Жазды жайлауда, қысты қыстауда өткізетін, жыл бойы қоныс аударумен, мал бағып күн кешумен өмірін өткізетін қазақ аулына тән хал-ахуал шынайы суреттелген. Осылайша, айрандай ұйып отырған ауылға «кәмпескенің» келуі қараңғы халықты есінен тандырады. Мезгілсіз салықтардың көбеюі, ұжымдастыру шаралары, асыра сілтеу халықты әбден титықтатады. Бұл көріністі автор Дәу апа, Торқа кемпір, Пахраддин және т.б. кейіпкерлерінің іс-әрекеті арқылы ашып бейнелейді [3].

Қазақ халқының сан ғасырлық тарихында ХХ ғасырдан асқан қанды да қасіретті кезең болған емес. Кезіндегі монғол шапқыншылығы болсын, жоңғарлардың езгісі болсын, қандай да басқа нәубеттер елімізді 70 жылдай билеген Кеңес үкіметі кезеңіндегі қылмыстармен салыстыруға келмейді. Бұл жөнінде саясаттанушы Расул Жұмалы: «...Бұл Сталин мен оның сол кездегі қолшоқпары Голощекиннің қолдан ұйымдастырған шарасы болды. Сондағысы – қазақтың малы мен жерін кәмпескелеп, тонап, жайсыз, күйсіз қоя беру. «Жығылғанға – жұдырық», ізінше, тіпті «егер қазақтар судан балық ауласа немесе ауадан бір құс атып алса, кемінде сегіз жылға сотталсын» деген бұйрық та шығарылған», – деп атап көрсетеді [4]. 

Кеңес өкіметі кезінде өздері ұйымдастырған ашаршылық қасіреті туралы жаздырмағаны бізге белгілі. Соған қарамастан, ашаршылық қасіретін Сәкен Сейфуллин «Қызыл ат» дастанында жақсы көрсеткен. «Бұрын жырым сұңқар еді, енді көтерем қызыл ат болды» дегендегі бұрынғы тұлпары – революция, қызыл сұңқары – дауылпаз, ал қызыл ат – ақ қардың үстінде әзер-әзер кетіп бара жатқан социализм. Аттың өзі – ашаршылықтың бейнесі».

Бұл тақырыптардың төңірегінде ашық жазған жазушылардың бірі – Ғабит Мүсірепов. «Шалқар» әңгімесінде 1932 жылғы ашаршылық көрінісін суреттей білген. Сондай-ақ, Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебінде» автордың балалық шағының қиын сәттері суреттеледі. Ашаршылық тақырыбына алғаш қалам тербеген қаламгер – Жақан Сыздықов. Қаламгердің «Әлі қарттың әңгімесі» атты поэмасы қазақ даласында 1919-1921 жылдары болған ашаршылық жайында сыр шертеді. Туындының ертеде-ақ жарыққа шыққандығы жөнінде ғалым Серік Негимов: «Бұл – негізі, 1931-1933 жылдардағы ашаршылыққа дейін шыққан поэма. Уақытында оған тыйым салынып, кейін, 1988 жылдары ғана басылып шықты», – деп көрсетеді [5]. Дегенмен, қанша тыйым салынса да, қаламгерлеріміз қазақтың басынан өткен ашаршылық қасіретін там-тұмдап болса да көрсетуге тырысты. Мысалы, Бердібек Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхат» шығармасында да ашаршылыққа ұшырап босып келген отбасының өмірі, аштыққа шыдай алмағандықтан, Қытай асып, жылқы алып келген мықты азаматтардың әрекеті, сойылған еттің барлығын шекарашылардың тінтіп жүріп тартып әкеткендігі суреттеледі.

Ашаршылық тақырыбына қалам тербеген жазушылардың шығармаларында жекелеген эпизодтар мен лирикалық шегіністер арқылы кешегі ұжымдастырудың халыққа тигізген зияны аз болмағандығын байқау қиын емес.

Қазақ елі тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін қазақ халқына ашаршылық алып келген Ф.Голощекиннің бейнесі қазақ әдебиетінде қалай көрініс тапқандығына келетін болсақ, осы кезеңнің қасіретін көп бейнелеген автор ретінде Шерхан Мұртазаны атамай кетуге болмайды. Тұрар Рысқұлов өміріне еңбектерін арнаған Ш.Мұртаза төңкерістің «қызыл жебесінің» бейнесін сомдау барысында кейіпкерінің өмір сүрген дәуірінің шындығына тереңірек бойлай түсті. Шығармада Аштықпен күрес комиссариатын өзі сұрап алған Тұрар Рысқұлов Сталиннің саясатына қарсы келіп, хат жазып, осы хаттың ықпалымен Ф.Голощекинді Мәскеуге қайтартады. Ашаршылық нәубетінің бейнесі ретінде колхозға жалғыз атын бермегені үшін соққыға жығылған, жары аштан өлген Түйметайдың бала-шағасын шұбыртып, ағасын жағалап Мәскеуге келгені мысал бола алады. Жазушы елдегі үлкен ашаршылықты бір-екі көрініске сыйғызған. Оны Ақсу-Жабағылыға жетіп, сол жерден бір уыс топырақ бұйыруын тілеген Ахат ақсақалдың қартайған шағында жер түбіне жан сауғалап келуі, Нұрбеделдің тойымсыздығы сияқты көріністерден көруге болады.

Қазақ халқының басынан кешкен қилы тағдыры туралы жазылған шығармалардың бірі – Төлеген Қажыбаевтың «Аран» хикаяты. Шығарманың басталуынан-ақ танысқалы отырған кейіпкерлеріміздің тағдыры қыл үстінде екенін, оқиға трагедиямен аяқталатынын аңғарамыз: «...Бәрі де аштық атты тойымсыз аждаһа аранын қанағаттандырсақ, тойындырсақ деген дәрменсіз әрекеттің өтеушісіндей болмашы тірлік, ақ сүйек болып жусап қалар ұлы аза – жан азасы алдындағы соңғы тұяқ серпілісі болатын». Бұдан әрі Шақалақ аулы тұрғындарының ауыр халі, сол ауылға қарай ағылған босқындардың тағдыры бір ғана Жауғашты қарт пен оның отбасының басынан кешкен оқиғалары арқылы сипатталады.

Босқындар тасқыны Ресейге өтетін қара жолдың үстінде отырған Шақалақ аулының «шаңырағын шайқалтып, түндігін теңселтіп қана қойған жоқ», бұл ауылдың тұрғындарын туған жерінен бездірген «аштықтың тойымсыз аранды ажалын да» өзімен бірге ала келген еді. Соның алғашқы соққысына ауылдың шетінде отырған Жауғашты шалдың шаңырағы ұшыраған болатын. Көпті көрген қария бала-шаға, немерелерін аштықтың арандай аузынан арашалап алып қалу жолында барын салады. Қиындықтан шығудың амалын іздеген ол ескі тамыры Петроға аттанады. Аралағаштан аулына жеткенше көрген тауқыметін автор барынша нанымды суреттейді: «Үркердей үйіріле біткен шоқ ағаштың қылтасынан шыға бергенде топ қарға у-шу болып үрке көтерілген... Селк ете түскен ол алдымен аспанға қарады. Қарқ-қарқ етіп төбесінен шырқ айналған қарғалар жол жиегінде жатқан екі адамның үстінен ұшып еді».

Ашаршылықтың қазақ халқының басына орыс халқына қарағанда тереңірек түсуі туралы автордың көзқарасын Жауғашты мен Петроның диалогынан ұға аламыз. Мұнда жазушы екі кейіпкерінің әңгімесі арқылы жапсарлас отырған орыс мұжықтарының судағы балықты, ормандағы саңырауқұлақты ас қып, жерден, судан, шөптен азық тауып, өлмес күнін көріп отырғанын оқырман алдына тартады.

Ашаршылық нәубетінің ащы көрінісін шығарма соңында Жауғашты қарияның келіні Кенжештің атасы мен күйеуін аштық аранына беріп, шыбын жаны қалғанша енді өмірінің жалғасы – ұлы мен қызы Нұрбике мен Нұрымды аштықтан арашаламақ болып қайын атасының аманатын арқалап Петроға аттанады. Жол-жөнекей қасқырға тап болған ананың қызын құрбан етіп, ұлын қасқырлардан арашалап қалған бейнесі көз алдымызға келеді: «...Қанды балақ тағылардан Нұрымды ғана қайтсем аман сақтап қалар екенмін деген ойдың қатты құрсауында аласұрып келе жатқан болатын. Ол манадан бері жармаса ұстап келе жатқан, қолынан айрылып қалған қызының тұншығып барып басылған ащы үнін де естімегендей, қорқаулардың орталарында қалған қызын бас салып талап, боршалап жатқанынан да бейхабар қалған мәңгүрт жандай ақыл-естен айрылып ілгері жүгіре берген». Бұл сәтті күйзелмеу оқу мүмкін емес [6].

Әдебиет — ақиқат өмірдің сырлы суреті, халықтың көркем тарихы. Шығарма арқауы шындық екені белгілі. Жоғарыда қарастырылған жазушылардың көркем туындылары арқылы ашаршылық қасіреті, ең алдымен, әдебиет саласында кеңінен көрініс тапқан деген қорытындыға келеміз.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Әуезов М.Таңдамалы шығармалар жинағы.
  2. Майлин Б. Көп томдық шығармалар жинағы.
  3. Елубай С. Ақ боз үй. Алматы, «Жазушы», 2011.
  4. Жұмалы Р. «Аңыз адам», 2013, № 4, 38-б.
  5. Негимов С. «Аңыз адам», 2014, № 11, 38-б.
  6. Қажыбаев Т. Қанкешу. Ақмола, «Жаңаарқа», 1995.
Просмотров: 2609


Добавить комментарий



Включить данные в подпись

СоцСети

Ұйымдар тізімі
Текст