АҚМОЛА ОБЛЫСЫ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ ЖАНЫНДАҒЫ Ж.МУСИН АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ ЖОҒАРЫ ҚАЗАҚ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІ» МЕМЛЕКЕТТІК КОММУНАЛДЫҚ ҚАЗЫНАЛЫҚ КӘСІПОРНЫ

ГОСУДАРСТВЕННОЕ КОММУНАЛЬНОЕ КАЗЕННОЕ ПРЕДПРИЯТИЕ «КОКШЕТАУСКИЙ ВЫСШИЙ КАЗАХСКИЙ ПЕДАГОГИЧЕСКИЙ КОЛЛЕДЖ ИМ.Ж.МУСИНА» ПРИ УПРАВЛЕНИИ ОБРАЗОВАНИЯ АКМОЛИНСКОЙ ОБЛАСТИ

Лингвистикалық зерттеулердегі қостілді тұлға мәселесі

09.03.2019

Лингвистикалық зерттеулердегі қостілді тұлға мәселесі

А.Е.Бейсембина

Аңдатпа

Берілген мақалада тілдік тұлға және қостілділік, оның түрлері жайында сөз қозғалды.

Аннотация

         В данной статье говорится о языковой личности, билингвизме и его видах.

Abstract

In this article it is analyzed lingual identities, bilingualism and its kinds.

 

Бүгінгі таңда жалпы тіл білімінде тілдесу барысындағы адамның рөлі, яғни, қостілді тұлға төңірегінде тың мәселелер көтеріле бастады. «Қостілділік тұлғасы»  –  тіл білімі мен тіл философиясының дамуымен қатар жүрген ұғым. Бұл терминді ұғымдық аппаратқа енгізу себебі, біріншіден, тұлғаның тілде іс-әрекет етуімен шарттыланса, екіншіден, дәстүрлі лингвистикалық тұжырымдамаларда бұл ғылыми ұғымға кешенді ыңғай немесе зерттеу болмағандығымен түсіндіріледі. Қостілді тұлға мәселесі көне дәуірден бастап ғалымдардың зерттеп келе жатқан мәселелерінің бірі екендігін айта кеткен жөн. Әрине, бұл зерттеулер адамтануға бағытталған ғылымдар аумағында болған. Көне дәуірде тілдік тұлға ұғымы шешендік өнер аясында қарастырылды.

Тіл біліміндегі «тілдік тұлға» жөнінде ғалым Ю.Н. Караулов былай дейді: “Ауызша мәтінді қабылдай алатын адамдар мінез-құлқы мен қабілеті үшке бөлінеді: а) тіл-құрылымдық деңгейі; ә) шынайылылықтың тереңдігі мен дәлдігі; б) белгіленген мақсаттық бағыты” [1.3].

Яғни, тілдік тұлға – адамға тән қабілеттер мен сипаттамалар жиынтығы, құрылымдық тілдік шығармаларды (мәтіндерді) түсініп, қабылдай алатын адам. Ю.Н. Караулов тілдік тұлғаны мынадай үш деңгейде қарастыруды ұсынады: 1) вербалды-семантикалық; 2) лингвокогнитивтік; 3) мотивациялық [1.4].

Қостілділікке төмендегідей психолингвистикалық және лингводидактикалық сипаттама беруге болады: жалпы, қостілділік феноменін психолингвистикалық тұрғыдан зерттеу барысында келесі мәселелер көтеріледі: 1) екінші тілді үйрету тәсілі; 2) екінші тілді меңгеруші адамның жас мөлшері; 3) қостілді тұлғаның бір тілден екінші тілге ауысу қабілеттерінің бар-жоқтығы; 4) бірінші және екінші тілді меңгеру деңгейі;  5) туған тілдің негізінде екінші тілге үйрету кезінде жиі кездесетін қиыншылықтар; 6) екінші тілдің тілдік нормалардан ауытқуы; 7) екінші тілді толық игеріп, мүлтіксіз білуі. Демек, психолингвистика ғылымы қостілділік мәселелерін қарастыру барысында оларды коммуникант тұлғаның сөйлеу әрекетінде пайда болатын мәселелермен байланыстырады [1.6].

Психолингвистикалық жағынан қостілділік мәселесін Е.М. Верещагин және А.Е. Карлинский зерттеген. Е.М. Верещагин қостілділік теориясын төрт фактор негізінде дамытады: 1) орындалатын іс-әрекеттердің саны бойынша; 2) екі сөздік механизмнің сәйкестігіне қарай; 3) әрбір тілдегі ойлау жүйесімен байланысу тәсіліне қарай; 4) қостілді тұлғаның сөздік механизмінің басымдылығына қарай [2].

Әлемдік мәдениет тарихында әдеби қостілділік ерте замандардан-ақ белгілі. Соңғы екі ғасыр ішінде ол филолог мамандар үшін де, «табиғи лингвистер», яғни сол тілде сөйлеушілер үшін де эмоционалдық, қызығушылық туғызатын талқылау тақырыбына айналып отыр.

Адамзаттық мәдениеттің даму тарихындағы бірегей феномен ретінде әдеби қостілділік әртүрлі аспектіде қарастырылады. Адамзаттық іс-әрекеттің ерекше өнімі ретінде ол бірден-бір мәдениетаралық коммуникация – сөйлесу, қарым-қатынас дәлелі болып табылады.

Көпғасырлық мәдени дәстүр әлемге әйгілі шығармалармен белгілі. Атап айтатын болсақ:

  • Көне дәуірде вавилондық Беростың, мысырлық Манефонның грек тіліндегі шығармалары;
  • Араб тілінде VІІІ-ІХ ғ.ғ. иран халықтарының әдебиеті және ортағасырлық парсы-түркі-арабкөптілділігі дәуіріндегі парсы-тәжік поэзиясы;
  • Қайта өрлеу дәуіріндегі түрлі еуропалық мәдениет өкілдерінің латын тіліндегі шығармалары;
  • Жапон әдебиетшілерінің қытай тіліндегі мәтіндері.

Бұл дәстүр ХХ ғасырда орыс-шетел ұлттық әдеби қостілділігімен жалғасын тапты. Бұл қатарға Азия, Африка және Латын Америкасы сияқты елдердің қазіргі ағылшын, испан әдебиеттерін жатқызуға болады. Жоғарыда аталған қатарда тарихи және мәдени бағытта ағылшын тілі негізіндегі әдеби қостілділік дәстүрі маңызды орын алады.

«Қостілділік» түсінігін әр зерттеуші әртүрлі анықтайды. Кей ғалымдар қостілділікті екі немесе бірнеше тілдерді әртүрлі деңгейде білу десе, ғалымдардың бір тобы екі немесе бірнеше тілді ана тілін білу деңгейінде меңгеруі деп қарастырып жүр. Белгілі ғалым Бақытжан Хасанұлы «Қостілділік – белгілі бір территория көлеміндегі ұлтаралық (этносаралық) қарым-қатынасқа түсетін белгілі бір этникалық қауымдастық өкілдерінің, бүкіл қоғамның (социумның) әртүрлі жағдайда екі тілді (әдетте, ана тілі мен екінші бір тілді) алма-кезек немесе қатар қолдануы» деген анықтама бере отырып, «Егер адам, адамдар тобы, қоғам этникалық белгісіне қарай қанша алуан болса да, екі тілде сөйлесе (жазса, оқыса) ғана қостілді (билингв) болып саналады» [3.86] деген тұжырым жасайды. Чех лингвисі К.Гавранек қостілділікті «тілдік қатынастың ерекше жағдайы ретінде» анықтай отырып және осы терминді қолдану тек ұжымдық екітілділікке қатысты екенін нақтылап, кең көлемде түсінік береді [4.111]. В.А.Аврорин қостілділікке төмендегідей анықтама береді: «Шамамен екі тілді және одан да көп тілдерді бірдей еркін меңгеру. Нағыз қостілділік екінші тілді меңгеру деңгейі бірінші тілді меңгеру деңгейіне жеткенде ғана басталады» [5.140].

Қостілділік түсінігі және екі тілді меңгеру деңгейі туралы анықтаманы Е.Ю.Протасова былай деп түсіндіреді: «Қостілділік жеке жағдайда, көптілділік жай мағынада – екі тілде қатар сөйлеу мүмкіндігі, яғни, екі тілдік деңгейінің ана тілін меңгеру деңгейіне жақын болуы, ал ғылыми тұрғыда – күнделікті өмірде екі тілді жүйелі пайдалану. Тілдердің қоғамда толық жетіліп дамуы немесе тең дәрежеде қалыптасуы, сондай-ақ бір-бірімен араласып кетуі, не болмаса, бір-бірімен тәуелсіз жағдайда болуы мүмкін. Тұрақты тілдік жағдайда, қоғамда мәртебесі жоғары беделді тіл және мәртебесі төмен беделсіз тіл қатар өмір сүреді. Оның біріншісі – грамматикасының күрделі болуымен ерекшеленіп, көбінесе ресми жағдайларда және жазбаша жазуларда қолданылады. Ал екіншісі – күнделікті өмірде, көбінесе ауызекі сөйлеу тілінде қолданылады» [6.15]. Лингвистердің көпшілігі У.Вайнрайхтың ізімен қостілділікті «екі тілді кезек қолдану тәжірибесі» деп таниды  [7.263]. М.Михайлов қостілділікті анықтау кезінде құбылыстың қызметтік жағы маңыздырақ деп санайды: «Екі немесе одан да көп түрлі ұлт өкілдерінің ортақ қызметі кезінде екінші тіл арқылы өзара түсінісуге қол жеткізу мүмкіндігінің тәжірибесі – қостілділік мәселесінің негізгі белгісі» дей келе, «қостілділік» пен тілдердің өзара ықпалы ұғымдары айтарлықтай шамада бірін-бірі алмастырады, себебі, әдетте, бірі екіншісін білдіреді»  деген тұжырым жасайды [8].

Қостілділік туралы ғалымдардың пікірін сараптай отырып, біз В.А.Аврориннің берген анықтамасын негізге аламыз. Себебі, автор тек екі тілді қатар меңгергенде ғана қостілді тұлға ретінде таныла алады.

Қостілділіктің түрлеріне тоқталатын болсақ, Е.М.Верещагин қостілділік типологиясының үш түрін (психологиялық, социолингвистикалық және лингвистикалық) атап көрсетті [9]. Л.В.Щерба «Екінші тілді үйрену қостілділікке апарып соқтырады, оның таза және аралас түрі болады. Тілдер арасында ешқандай салыстырулар, теңдестіре байқаулар болмаған, қостілділер үшін бір тілден екінші тілге аудару мүмкін болмаған және қалай болғанмен де өте қиын болғанда таза болады» деп жазады [10].Ол қостілділіктің мұндай типінің белгілі бір жағдайларда ғана өте сирек болатынын көрсетеді. Екінші тілді үйрену кезінде «үнемі алғашқы тілге қарайлаудан» туындайтын қостілділікті аралас деп атай отырып, «қостілділіктің қалыпты типі» деп осы аралас қостілділік екендігін ескертеді. Себебі, біз қостілділіктің осы типін жиі кездестіреміз. Мұндай қостілділік кезінде, қостілділердің екінші тілдегі сөйлеуіне алғашқы тілдің ықпалының екіншінің біріншіге әсерінен анағұрлым күшті болатыны сөзсіз. Бірінші тілдің жүйесі қалыптасып болған, қостілді үшін үйреншікті және табиғи, бұл тілде сөйлеу автоматтандырылған. Екінші тіл бірінші тілдің жүйесі арқылы меңгеріледі. Л.В. Щерба аралас қостілділік кезінде «Жаңадан меңгерілетін тіл әрқашанда бірінші тілдің қандай да бір болмасын ықпалына ұшырайды» деп жазады [10].

О. Алтынбекова өз еңбегінде қостілділіктің мынадай түрлерін көрсетеді: қатынастық және қатынастық емес. Қатынастық қостілділік түрлі этникалық және тілдік топтар қызметі және бірлесіп өмір сүру барысында пайда болады. Оған мысал бұрынғы КСРО аумағындағы ұлттық орыс қостілділігі болып табылады. Қостілділіктің тіршілік әрекеті барысында екінші тілді қолданушылармен тікелей қатынаста болмауы қостілділіктің қатынастық емес түрі болып табылады. Қатынастағы тілдердің қолданылу бағытына қарай қостілділік біржақты және екіжақты болып бөлінеді. Біржақты қостілділік: қатынастық тілдерді қолданушылардың кейбірі екінші тілді меңгереді, ал қалғандары екінші тілді меңгере алмайды. Қостілділіктің екіжақтылығы жағдайында қос қатынас тілдерді қолданушылар қостілділер болып табылады. Қостілділіктің бұл түрлері тіларалық байланыстар нәтижесінде пайда болады. Қолданушылар аясының кеңдігіне қарай жеке (белгілі бір ұлттың жеке мүшелерінің екі тілді білуі және пайдалануы), топтық (белгілі бір этникалық және әлеуметтік топ), көпшілік (екі тілді тұрғындардың көпшілігінің білуі және қолдануы) және жалпыға бірдей (барлық тұрғындар) болып бөлінеді [11.115-122]. Р.Хашимов қостілділіктің отбасылық түрін көрсетеді. Өйткені, аралас некелерде қостілділік және мультилингвизмнің түрлі формалары кеңінен қолданылады [12].

Жалпы, қостілділіктің түрлері әр салада жан-жақты зерттеліп, әр түрлі классификация жасалуда. Мысалы: Б. Хасанұлы әлеуметтік-лингвистикалық негізде жасалған классификацияны ұсынады: а) қостілділіктің түрлерін оның белгілі қауыммен сәйкестенуінің бағытына қарай жеке, топтық және бұқаралық қостілділік деп жіктеуге болады; ә) тілдерді игеру тәсіліне қарай табиғи және жасанды түрлерге бөлуге болады; б) тілдерді меңгеру деңгейіне қарай координативтік (таза) және субординативтік қостілділіктің түрлерін сипаттауға болады [3.27]. Белгілі ғалым Ф. Вальверду қостілділіктің он түрін айқындайды: 1) инструменталдық-интеграциялық (бұл қостілділік түрлері жеке тұлғаның психологиялық мотивациясына қарай жіктелінеді); 2) реттелінген (координативтік), реттелінбеген (субординативтік) қостілділік; 3) симметриялық (белсендік)-ассиметриялық (бұл қостілділік түрлері тілдерді білу деңгейіне қарай бөлінеді); 4) органикалық жалпы қостілділік (осы қостілділік түрлері қоғамда тарағанына қарай белгіленеді); 5) ерте жастағы, егде жастағы қостілділік (бұл жағдайда қостілділік түрлері адамның жас мөлшеріне, оның екінші тілді қандай жаста игергеніне қарай өзгешеленеді); 6) әулеттік-әлеуметтік қостілділік (әулеттік қостілділік отбасы деңгейінде кездессе, әлеуметтік қостілділік бүкіл мемлекеттік деңгейде кездеседі); 7) бейтарап-диглоссиялық қостілділік (бұл қостілділік түрлері тілдердің орындалатын функцияларына қарай белгіленеді); 8) ресми және бейресми (ресми қостілділік мемлекетте заңды түрде бекітілуі мүмкін, ал бейресми қостілділік қуғынға ұшырайды, себебі екінші тілді осы мемлекетте қолдануға рұқсат бермейтін жағдай болуы мүмкін); 9) ассимилятивтік, ассимилятивтік емес қостілділік (бұл қостілділік түрлері мемлекеттің тілдік саясатына қарай жіктелінеді, мысалы, мемлекеттік тілдік қостілділік ассимилятивтік қостілділікке жатады, себебі екінші тілді білу арқасында қостілді тұлға көпұлттық социумғаинтеграцияланады); 10) функционалдық-көркем қостілділік (көркем әдебиетте көрініс табады) [15].

А.Серикова қостілділіктің әлеуметтік-лингвистикалық типологиясын көрсеткенде, келесі түрлерін атайды: 1) координативтік, аралас, субординативтік; 2) жақын туыстағы-алыс туыстағы қостілділік; 3) контактілік-контактілік емес; 4) біржақтылық-екіжақтылық; 5) бұқара территориялық, жеке қостілділік; 6) балансталған-балансталмаған; 7) күнделікті тұрмыстық-ресмижәне өндірістік қостілділік [16.98].

Біз көріп отырғандай, әдебиетте қос тілді бірдей жетік меңгерген адам жоқ (немесе ана тілі аз да болса, шет тілінен басым) деген түсініктер көптеп кездеседі. Бірақ, басында кемшін тұстары болғанымен, кейін қостілді жазушының шет тілін барынша жақсы меңгере алатынын мойындауымыз керек. Көпшілік жаттығу мен шығармашылық ізденістің арқасында жазушы қолданыстағы шет тілін ана тілі деңгейіне дейін жеткізетін мүмкіндігі бар. Ол, тіпті, шетелдің тілдік мәдениетімен шектесіп кетуі ықтимал. Бұл жерде тағы бір ескерер жайт: шет тілді көп қолданудың нәтижесінде ана тілі өз ықпалын жоя бастайды. Дегенмен, қай кезеңде болмасын, адам бойында өмір бақи сақталатын бойда бар тұрақты ана тілдің дәрежесі өзінің әсерін жоймайды.

Қорыта келгенде, әдебиеттегі әр мәтіннің сыртында тіл жүйесін меңгерген қостілділік тұлғасы немесе сөйлеу туындысын (мәтінді) тудыруына және қабылдауына қарай адамның қабілеттері мен мінездемелерінің жиынтығы ретінде түсінілетін автордың тілдік тұлғасы тұрады. Жоғарыда келтірілген тілдік деректерге сүйене отырып, мәтіннің авторға тәуелділігі мәтін авторы – қостілді тұлғаның типімен анықталатындығына көз жеткіземіз.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

 

  1. Ю.Н.Караулов. Русский язык и языковая личность. М., 1987, 3-б.
  2. Е.М.Верещагин.Язык и культура. – М., 1990.
  3. Б.Хасанұлы. Тілдік қатынас негіздері. А., 2006, Қаз.мем.қыз.ПИ, 86-б.
  4. К.Гавранек. К проблематике смешения языков // Новое в лингвистике. Вып. 6. М., «Прогресс», 1972, 64-111-б.б.
  5. В.А.Аврорин. Проблемы изучения функциональной стороны языка. Л., «Наука», 1975, 140-б.
  6. Е.Ю.Протасова. Становление и функционирование двуязычия // Материалы по исследованию билингвизма. М., Изд. МГУ, 1999, 3-15-б.б.
  7. У.Вайнрах. Языковые контакты. Киев, «Высшая школа», 1979, 263-б.
  8. М.Михайлов. Двуязычие: принципы и проблемы. Чебоксары, Чувашиздат, 1969.
  9. Е.М.Верещагин. Лингвострановедение и текст. Сб.статей / Ин-трус.яз. им.А.С.Пушкина. М., Русский язык, 1987.
  10. Л.В.Щерба. О понятии смешанных языков // Избранные работы по языкознанию и фонетике. Л., 1958.
  11. О.Алтынбекова. Билингвизм типологиясы туралы // Қазақ тілі мен әдебиеті, 2006, № 6, 115-122-б.б.
  12. Р.Хашимов. Таджикско-русское двуязычие. Душанбе, 1986.
  13. Э.Сулейменова, Н.Шаймерденова. Словарь социолингвистических терминов, А., «Қазақ университеті», 2001, 36-б.
  14. М.Исаев. Актуальные аспекты рассмотрения комплексной проблемы «Язык и культура»// Материалы ІІ Международной научной конференции «Язык и культура». – М., 17-21 сент. 2003. 
  15. Зорина З.Г.         Билингвизм и явления субстрата // Народы содружества независимых  государств накануне третьего тысячелетия: реалии и перспективы: Тез.Междунар. науч. Конгр., СПб. 15-17. 05.96. – СПб, 1996. - Т.3. 
  16. А.Серикова. О социолингвистической типологии двуязычия // ВестникКазНУ. Серия филологическая, № 5. А., 2005, 98-б.

 

Просмотров: 1527


Добавить комментарий



Включить данные в подпись

СоцСети

Ұйымдар тізімі
Текст