АҚМОЛА ОБЛЫСЫ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ ЖАНЫНДАҒЫ Ж.МУСИН АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ ЖОҒАРЫ ҚАЗАҚ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІ» МЕМЛЕКЕТТІК КОММУНАЛДЫҚ ҚАЗЫНАЛЫҚ КӘСІПОРНЫ
ГОСУДАРСТВЕННОЕ КОММУНАЛЬНОЕ КАЗЕННОЕ ПРЕДПРИЯТИЕ «КОКШЕТАУСКИЙ ВЫСШИЙ КАЗАХСКИЙ ПЕДАГОГИЧЕСКИЙ КОЛЛЕДЖ ИМ.Ж.МУСИНА» ПРИ УПРАВЛЕНИИ ОБРАЗОВАНИЯ АКМОЛИНСКОЙ ОБЛАСТИ
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Qazaqstan» ұлттық арнасына берген эксклюзивті сұхбатында елдегі әлеуметтік-экономикалық ахуал, ішкі және сыртқы саясат мәселесін қозғады. Ең алдымен, мемлекет басшысы қазақ тілі жайында пікір білдірді. «Жалпы, мемлекеттің мәселесін мемлекеттік тілде айтуымыз керек. Тіліміз бізден басқа ешкімге керегі жоқ. Сондықтан, ең алдымен, өзіміз ана тілімізге құрмет көрсетуіміз керек деп ойлаймын», – деді Мемлекет басшысы. Ұлттық арна журналисі Жайна Сламбектің салмақты сұрақтарына тұшымды ойлар айту арқылы тегеурінді тұлға, сұңғыла саясаткер екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Тілші қойған өткір сұрақтың бірі — «Ескі кадрлармен жаңа Қазақстанды қалай құрамыз?». Қасым-Жомарт Тоқаев мынадай ой айтты: – Кез келген адам бірден министр немесе әкім бола салмайды. Ол анық нәрсе. Біраз уақыт, мол тәжірибе керек. Ондай лауазымға білімді, білікті, қызметіне адал азаматтарды тағайындаған жөн. Бұрынғы мамандардың бәрін жұмыстан шығару дұрыс болмас еді. Орысша «политическая чистка», яғни «саяси тазалауға» барудың қажеті жоқ. Мемлекеттік басқару саласына бірте-бірте жаңа мамандар келеді. Келіп те жатыр. Бұл – қалыпты үдеріс. Бірақ бір нәрсені есте ұстаған жөн. Мемлекеттік қызмет – эксперимент алаңы емес! Сондықтан бұл жұмысты бірте-бірте жүргіземіз, — деді. Шетелдермен арадағы алыс-беріс пен көршіміз Ресеймен дипломатиялық байланысты шебер қиюластырғанын арадағы қарым-қатынас та дәлелдейді. Президент осы сұхбатында Елбасына қатысты да пікір білдірді. Тарихқа қиянат жасамау керектігін де айтты. Нұрсұлтан Назарбаев – мемлекетіміздің іргесін қалаған тұлға екендігін баса көрсетті. Тұңғыш Президенттің кемшіліктері болса, одан жас басшылар сабақ алуы қажет екенін атап өтті. Ал өзі шетел асқан қыруар қаражатты қайтаруға бар күш-жігерін салатынын айтты. «Әділдікке жету үшін осы жұмысты бастауымыз керек», – деп үндеу тастады. Сөз соңында халқымызды еңбекқорлыққа, адамгершілікке, білім алуға үгіттеді. Президенттік билікті пайымды парасатпен жалғастырған Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев – мемлекет тағдырын сеніп тапсыруға болатын бірден-бір азамат. Оның әрбір саяси шешімі мемлекет беделін көтеруге сеп болып отыр.