19.11.2021
2021 жылдың 17 қараша күні Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінде Халықаралық студенттер күніне орай кеш өтті. Қызықты уақыт аралығында жас мамандар білім алушылардың көңіл-күйін біршама серпілтті. Кештің шымылдығы «Колледж тынысы» туралы бейнероликпен ашылды. Директордың оқу ісі бойынша орынбасары, педагогика ғылымдарының магистрі Рақымжан Әсел Қайроллақызы студенттерді төл мерекесімен құттықтап, оқу процесінде ерекше қабілетімен көзге түсіп, жоғары білім сапасын көрсетіп жүрген студенттерді марапаттады. Ал колледж өміріне белсенді қатысып, өз шеберліктерін шыңдап жүрген білім алушыларды директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ілияс Данагүл Нұртайқызы марапаттап, студенттерге ізгі тілегін білдірді. Жас мамандар нағыз студенттік өмірге негізделген қойылым қойып, студенттерді белсенділікке шақыру мақсатында түрлі ойындар ойнатты. Әуелеген ән де, мың бұралған би де болды. Кештің қызықты өткені студенттердің жадыраңқы жүздерінен аңғарылды.