23.10.2021
2021 жылдың 22 қазан күні Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінде «Тұлғаның рухани-адамгершілік қасиеттерін қалыптастыруда ата-ананың рөлі» тақырыбында ата-аналар конференциясы өтті. Онда білім ордасының Республикадағы бірегей оқу орындарының бірі екендігі баса айтылды. Ең әуелі, колледж директорының тәрбие жұмыстары бойынша орынбасары Ілияс Данагүл Нұртайқызы «Кәсіби білім кеңістігіндегі еңселі орда» атты презентация көрсетіп, ата-аналарды 2020-2021 оқу жылдарындағы колледж жетістіктермен таныстырды. Филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясының академигі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ұстазы, Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің директоры Ахат Нұртас Ахатұлы ата-ананың бала тәрбиесінде үлесі айтарлықтай зор екендігін айтып, білім беру процесіне студенттердің қатынасы жайлы барлық мәселелердің түйінін шеше отырып, алғы сөз сөйледі. Сондай-ақ, колледж директорының оқу жұмысы бойынша орынбасары Рақымжан Әсел Қайроллақызы кәсіби білім беруде білім беру бағдарламаларын жүзеге асыруға қатысты баяндама оқыса, тәрбие жұмыстары бойынша орынбасары Ілияс Данагүл Нұртайқызы ата-аналарға студенттерді әлеуметтендіру бағытында колледжде атқарылатын тәрбие жұмыстары туралы толық ақпаратпен бөлісті. Сонымен қатар әлемді жайлаған қауіпті індет те назардан тыс қалмады. Колледж медбикесі Хасенова Жұмабике Капаровна коронавирустық инфекцияның алдын алуда санитарлық талаптарды орындау туралы мағлұмат берді. Әрі қарай топ жетекшілері ата-аналарымен жеке жиналыс өткізді. Онда оқу-тәрбие процесіне студенттің қатысы туралы нақты ақпарат айтылып, жеке тұлғаның қалыптасуына ата-ананың рөлі маңызды екендігіне баса мән берілді.