АҚМОЛА ОБЛЫСЫ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ ЖАНЫНДАҒЫ Ж.МУСИН АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ ЖОҒАРЫ ҚАЗАҚ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІ» МЕМЛЕКЕТТІК КОММУНАЛДЫҚ ҚАЗЫНАЛЫҚ КӘСІПОРНЫ
ГОСУДАРСТВЕННОЕ КОММУНАЛЬНОЕ КАЗЕННОЕ ПРЕДПРИЯТИЕ «КОКШЕТАУСКИЙ ВЫСШИЙ КАЗАХСКИЙ ПЕДАГОГИЧЕСКИЙ КОЛЛЕДЖ ИМ.Ж.МУСИНА» ПРИ УПРАВЛЕНИИ ОБРАЗОВАНИЯ АКМОЛИНСКОЙ ОБЛАСТИ
Ағымдағы жылдың 23 қыркүйегінде Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінде «Қазіргі білім мен тәрбие жүйесіндегі ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтардың өзекті мәселелері» тақырыбындағы халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның секциялық отырысы өтті. Конференция «Болашақ педагогтердің кәсіби шеберлігі: педагогикалық құндылықтар мен қабілеттерді игеру» және «Білім көкжиегіндегі тұлға дидары: Ұстаз. Менеджер. Стейкхолдер» атты екі секциядан тұрды. Отырысқа Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясы, Башқұртстан Республикасы, Ж.Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университетінің жанындағы кәсіптік колледжі, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Қорған педагогикалық колледжі, республикалық педагогикалық және гуманитарлық колледждері, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті, Педагогикалық шеберлік орталығы, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы, жалпы білім беретін оқу орындары, мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру мекемелерінің өкілдері қатысты. Іс-шара жер-жаһанды жайлаған коронавирус індетіне, яғни елдегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты онлайн-офлайн режимінде өткізілді. Секциялық отырыстар бойынша жалпы 200-ге жуық мақала келіп түскен. Бағдарлама тақырыбына сай өзекті деп танылған 20 мақала аталмыш отырыста оқылып, талқыланды. Конференцияға қатысушы отандық және шетелдік ғалымдардың тақырып аясындағы келелі ой-пікірлерін сараптай келіп, мынадай ұсыныстар мен пікірлер айтылды: 1) Ұлттық тілді сақтау үшін бастауыш сыныптардан бастап үш тілді қатар оқытуды тоқтату, олардың оқу бағдарламасындағы шетел тілдерін қысқарту; 2) Білім ошақтарындағы бастауыш сыныптарға ұлттық салт-дәстүрлерді үйрету курстарын енгізу; 3) Шағын жинақты мектептермен жүргізілетін зерттеу жұмыстарына педагогикалық колледж оқытушылары қатыстырылып, олардың жылдамдығы жоғары кең жолақты интернет желісіне қосылуы бойынша жол картасын жасау; 4) Магистрлік дәрежесінің барлық білім беру мекемелерінде бірдей қарастырылуы; 5) Қашықтықтан оқытудың орта білім беру, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру жүйесіне арналған әдіснамалық технологиялардың одан әрі жетілдірілуі; 6) Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарындағы ғылыммен шұғылданып жүрген оқытушыларға магистратура, PhD докторантурада ғылыми білім алу, оқулық, оқу-әдістемелік кешендерді даярлау, ғылыми-эксперименттік тәжірибелер жасау мақсатында гранттар санының көбейтілуі. Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның пленарлық отырысы қыркүйектің 24-інде жалғасын табады.