16.09.2021
Ұстаз, әдебиеттанушы, ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясының академигі, Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің директоры Ахат Нұртас Ахатұлының 60 жылдық мерейтойына орай «Ұлтжанды ғалым, ұлағатты ұстаз» атты кездесу кеші өтті. Әдеби-сазды кеш М.Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында ұйымдастырылды. Сондай-ақ, «Көкшенің биігінде, алпыстың асқарында» атты көрме қойылды. Кездесу кешінде облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Кенжебаев Сабырхан Мейірханұлы, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Дүйсенова Ботагөз Балапаевна, облыстық мәдениет, архивтер мен құжаттамалар басқармасының басшысы Сәбитова Айгүл Баубекқызы, Ақмола облыстық сотының төрағасы Әмір Досжан Сарманқұлұлы, белгілі өлкетанушы, қоғам қайраткері, «Абылай ханның қара жолы» жобасының жетекшісі Мұрат қажы Ыдырысұлы, педагогика саласының ардагері Мұқышев Тельман Шәріпұлы құттықтау сөз сөйлеп, жылы лебіздерін білдірді. Сонымен қатар Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің ректоры Сырлыбаев Марат Қадырұлы Ахат Нұртас Ахатұлына шапан жауып, университеттің ең жоғары деңгейлі «Айрықша еңбегі үшін» медалін табыстады. Кейін кеш барысы Қуаныш Оспан Ерғалиұлының арнау өлеңімен ұласты. Салтанатты түрде Ахат Нұртас Ахатұлының сиясы кеппеген туындысы «Ел» кітабының тұсау кесу рәсімі өткізілді. Аталмыш еңбекпен танысып үлгергендер онда қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелердің бүкпесіз, боямасыз суреттелгенін атап өтті. Келген қонақтар нар тұлға Ахат Нұртас Ахатұлының бірегей жан, парасаттың символы және бір бойына қаншама қасиеті бар екенін жарыса атап өтті.