2021 жылдың 28 маусымында Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінде «Ұлы даланың ұлы тұлғасы» атты «АБАЙ АЛАҢЫ» архитектуралық-композициясының ашылу салтанаты өтті.
Білім беру ұйымдарында Ұлы Абайдың мұрасын насихаттау, Абай шығармаларын тереңдетіп оқыту мақсатында «Абайтану» орталықтары ашылып, «Абайтану» курстары жүргізілуде. Сол бастаманың жалғасы ретінде колледжімізде «АБАЙ АЛАҢЫ» архитектуралық-композициясы ашылды. Журналист, қоғам қайраткері Арман Төлегенұлы Шораев тарту еткен, қырғыз елінің атақты мүсіншісі Маматова Тамила Абдинабиқызының қолымен жасалған Абай мүсіні колледж алаңынан орын алды.
Абай алаңының ашылу салтанатына Ақмола облысы білім басқармасының басшысы Бейбiт Айтымұлы Жүсіпов, Ақмола облысының ардагерлері кеңесінің төрағасы Ғосман Төлеғұлұлы және журналист, қоғам қайраткері, «Қазақ күресі» федерациясының президенті, меценат Арман Төлегенұлы Шораев қатысты.
Бәсекеге қабілетті мамандар даярлауда өз жетістіктерімен көрініп келе жатқан білім ордасындағы Абай алаңы – өскелең ұрпақ үшін ұлы құндылықтар мен руханиятты еске салып тұратын символ болмақ.