«ТУРИЗМДІ ДАМЫТУ ЖОЛДАРЫ» АТТЫ ОҚЫТУ СЕМИНАР-ПРАКТИКУМЫ

21.10.2026

2026 жылғы 21 қазанда Дене мәдениеті апталығы аясында «Туризмді дамыту жолдары» тақырыбында оқыту семинар-практикумы ұйымдастырылды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – спорттық туризмді дамыту, туристік дағдыларды қалыптастыру, тәжірибе алмасу және өскелең ұрпақтың дене белсенділігіне деген қызығушылығын арттыру.
Семинарға №12, №16 жалпы білім беретін мектептердің, №18 мектеп-лицейі мен №21 мектеп-лицейінің дене шынықтыру пәні мұғалімдері, 6–7-сынып оқушылары, сондай-ақ колледжіміздің Дене мәдениеті бөліміндегі «Жұмбақтас» туристік клубының білім алушылары қатысты.
Семинардың ашылу салтанатында колледж директорының ғылыми-әдістемелік жұмысы жөніндегі орынбасары Батанасова Бақытгүл Ерғалиқызы қатысушыларға құттықтау сөз сөйлеп, семинар жұмысына сәттілік тіледі.
Семинар бағдарламасы теориялық-әдістемелік және практикалық бөлімдерден тұрды.
Теориялық-әдістемелік бөлімде туристік жорықтарды ұйымдастыру, топографиялық карталарды оқу және компаспен жұмыс істеу мәселелері қарастырылды. Бұл бағытта Хамзин Елебек Советұлы, «Әулет» мектептен тыс ұйымының өкілі Калашинов Жұмабай Нагуманович және дене тәрбиесі пәнінің оқытушысы Рақыш Дәулет Қуанышбекұлы мазмұнды баяндамалар жасап, кәсіби тәжірибелерімен бөлісті.
Практикалық бөлімде қатысушылар туристік жорықтар кезінде қолданылатын жаттығулар мен туристік техниканың негізгі элементтерін орындады. Оқушылар туристік бағытта қозғалу, кедергілерден өту, қажетті құрал-жабдықтарды пайдалану және қауіпсіздік талаптарын сақтау дағдыларын тәжірибе жүзінде жетілдірді.
Семинар барысында мектеп мұғалімдері мен колледж оқытушылары өзара тәжірибе алмасып, туристік бағыттағы жұмыстарды ұйымдастырудың тиімді әдістерін талқылады.
Іс-шара қорытындысында қатысушыларға сертификаттар табысталды. Семинар тәжірибе жинақтауға, кәсіби байланыстарды нығайтуға және спорттық туризмді дамытуға ықпал етті.

Просмотров: 462


Пікір қосу



Деректерді қолтаңбаға қосу