МЕН ҚАЗАҚТЫҢ ҚЫЗЫМЫН
21.10.2026
Ж. Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінде «Кербез» мәдени-интеллектуалды қыздар мектебі мен «Томирис» әскери-патриоттық қыздар клубының қатысуымен «Мен қазақтың қызымын» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Іс-шара қазақ қызының бойындағы ұлттық болмысты, әдептілік пен адамгершілікті, нәзіктік пен қайсарлықты дәріптеуге бағытталды. Кездесуде қыз баланың өзін ұстау мәдениеті, сөйлеу әдебі, талғамы мен ішкі жан дүниесінің үйлесімі, қоғамдағы орны мен жауапкершілігі туралы ой қозғалды.
«Қыз өссе – елдің көркі» деген халық даналығын арқау еткен басқосуда ұлттық құндылықтарды құрметтеу, өз қадірін білу, білім мен өнерге ұмтылу жөнінде тағылымды пікірлер айтылды. Сондай-ақ қыз баланың бойындағы сұлулық пен әсемдікті, рухани байлық пен ізгі қасиеттерді ұштастыра білудің маңызы сөз болды.
«Кербезге» тән әсемдік пен талғам, «Томириске» тән батылдық пен өр рух – қазақ қызының болмысын толықтыратын қасиеттер. Дөңгелек үстел қатысушыларға еркін пікір алмасып, қыз тәрбиесі мен ұлттық құндылықтар төңірегінде ой бөлісуге мүмкіндік берді.
Қазақ қызы – парасатымен қадірлі, білімімен биік, болмысымен көркем!✨
#МенҚазақтыңҚызымын #Кербез #Томирис #ҰлттықҚұндылықтар #ҚызТәрбиесі