«ДЕМАЛЫСҚА КІТАППЕН» ЖАЗҒЫ ОҚУ МАРАФОНЫНЫҢ НӘТИЖЕСІ
22.09.2026
2026 жылғы 21 қыркүйекте Абай атындағы электронды-ресурстық кітапханада «Демалысқа кітаппен» атты жазғы оқу марафонының қорытынды іс-шарасы өтті.
📌 Іс-шараның мақсаты – студенттердің кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, жазғы демалыс кезінде оқылған шығармаларды насихаттау және оқырмандық мәдениетті қалыптастыру.
Марафонға И-21 тобының студенттері қатысып, жаз мезгілінде оқыған кітаптарын таныстырып, өз ой-пікірлерімен бөлісті.
📕 Атап айтқанда, Хабиұлы Алтынбек К. Маккартидің «Қанды меридиан» және «Кәрі кісілерге мұнда орын жоқ» шығармалары туралы баяндады. Хасен Сәкен Дж. Оруэллдің «Скотный двор» туындысын таныстырса, Серикова Дилара Ж. Аймауытовтың «Ақбілек» романының мазмұны мен тәрбиелік мәніне тоқталды. Авилкарим Бейл М. Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы туралы ой бөліссе, Әбжан Ғанимат Дж. Лондонның «Мартин Иден» шығармасын ұсынды.
Бүркітбай Санжар М. Кенесбаевтың «Нағыз жігіт. Жігіттің 40 қасиеті» кітабын таныстырып, оның жастар тәрбиесіндегі маңызына тоқталды. Хасен Амангелді Э. Хемингуэйдің «Шал мен теңіз» шығармасын талдап, Турсынбекова Жанеля У. Шекспирдің «Ромео мен Джульетта» трагедиясы жөнінде пікір білдірді. Ал Жарғанат Ақбота Д. Исабековтің «Гауһар тас» повесін таныстырып, шығармадағы адамгершілік құндылықтар туралы ой қозғады.
📖 Іс-шара барысында студенттер оқыған кітаптары бойынша пікір алмасып, өзара талқылау жүргізді. Сонымен қатар кітап оқудың адамның дүниетанымын кеңейтіп, рухани дамуына жол ашатыны туралы ойларын ортаға салды.
📚 «Артық ғылым кітапта, ерінбей оқып көруге» деп ұлы Абай айтқандай, кітап оқу – білім мен рухани кемелденудің бастауы.