10.09.2026
2026 жылғы 10 қыркүйек күні «Ақмола облысы білім басқармасы жанындағы Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжі» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны мен «Ақмола облысы білім басқармасының Көкшетау қаласы бойынша білім бөліміне қарасты Көкшетау қаласының №20 мектеп-гимназиясы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі арасында өзара ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған салтанатты іс-шара өтті. Іс-шараға колледж тарапынан білім беру ұйымының әкімшілік құрамы: басшы орынбасарлары мен бөлім меңгерушілері, ал №20 мектеп-гимназиясы тарапынан директордың ғылыми-әдістемелік жұмысы жөніндегі орынбасары Алмагүл Айтмұхамбетқызы және директордың тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Ақерке Айтымқызы қатысты.
Кездесу барысында білім беру ұйымдарының өкілдері өзара тәжірибе алмасып, колледж бен мектеп арасындағы кәсіби байланысты одан әрі нығайту, әдістемелік ынтымақтастықты жандандыру және болашақ педагогтердің кәсіби даярлығын жетілдіру бағытындағы бірлескен жұмыстарды жүйелеу мәселелерін талқылады. Сонымен қатар салтанатты шара барысында колледж ұжымы атынан колледж директоры Елеушова Меңдігүл Жайбайқызы, ал №20 мектеп-гимназиясының ұжымы атынан мектеп директоры Тохан Манаргүл ынтымақтастық меморандумына қол қойды.
Аталған меморандумның негізгі мақсаты – әлеуметтік серіктестік аясындағы өзара байланысты одан әрі дамыту, «жоғары колледж – мектеп» сабақтастығын нығайту, болашақ педагогтерді кәсіби даярлау сапасын арттыру және білім беру ұйымдары арасындағы тәжірибе алмасудың тиімді тетіктерін қалыптастыру.
Ынтымақтастық аясында педагогикалық кадрларды даярлау үдерісін мектеп тәжірибесімен ұштастыру, студенттердің кәсіби құзыреттілігін қалыптастыруға ықпал ететін бірлескен іс-шаралар ұйымдастыру, оқу-өндірістік және педагогикалық практика жұмыстарын жетілдіру, тәжірибелі педагогтердің озық тәжірибесін зерделеу, әдістемелік және кәсіби бағыттағы кездесулер, семинарлар мен шеберлік сабақтарын өткізу көзделеді.