16.03.2026
2026 жылдың 16 наурыз күні Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің «Филология» бөлімінде IV курс студенттерінің ғылыми дипломдық жұмыстарын алдын ала қорғау отырысы өткізілді.
Алдын ала қорғаудың негізгі мақсаты – студенттердің дипломдық жұмыстарының дайындық деңгейін айқындау, зерттеу мазмұнын жан-жақты талдау, ғылыми негізділігін бағалау, анықталған кемшіліктерді көрсетіп, оларды жетілдіру жолдарын ұсыну, сондай-ақ әдістемелік қолдау көрсету және студенттерді қорытынды қорғауға сапалы дайындау. Аталған ғылыми отырысқа директордың ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары Б.Батанасова, «Филология» бөлімінің меңгерушісі Т.С. Қайыржан, тіл және әдебиет кафедрасының жетекшісі Ж.Бердімұрат және жауапты ғылыми жетекшілер қатысты.
Студенттердің зерттеу жұмыстары қазақ тілі, қазақ әдебиеті, қазақ тілін оқыту әдістемесі, қазақ әдебиетін оқыту әдістемесі, стилистика, қазіргі қазақ тілі, қазіргі заман әдебиеті пәндері аясында жазылған. Белгіленген уақыт ішінде студенттер сөз алып, дипломдық жұмыстарының ғылыми аппараты, теориялық және практикалық бөлімдері бойынша презентациялар жасап, өз зерттеулерін таныстырды. Отырыс барысында тіл және әдебиет кафедрасының оқытушылары студенттердің ғылыми жұмыстарын сараптап, мазмұнына байланысты сұрақтар қойды. Сонымен қатар, жұмыстардың артықшылықтары мен кемшіліктерін атап өтіп, ғылыми тұрғыдан талдау жасап, оларды жетілдіруге бағытталған нақты ұсыныстарын білдірді.