17.03.2026
Ж. Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінде «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» және «Логопедия» мамандықтарының IV курс студенттері дипломдық жұмыстарының алдын ала қорғау кезеңінен өтті.
Бұл кезең студенттердің дипломдық зерттеу жұмыстарын қорытынды қорғауға дайындаудың маңызды бөлігі болып табылады. Алдын ала қорғау барысында болашақ мамандар өздерінің ғылыми-зерттеу тақырыптарының өзектілігін негіздеп, жұмыстың мақсаты мен міндеттерін, қолданылған зерттеу әдістерін және тәжірибелік нәтижелерін комиссия мүшелеріне таныстырды.
Комиссия құрамындағы оқытушылар ұсынылған жұмыстарға талдау жасап, олардың ғылыми мазмұнын жетілдіру, зерттеу нәтижелерін нақтылау және дипломдық жұмысты сапалы қорғауға дайындықты күшейту мақсатында бірқатар әдістемелік кеңестер берді.
Алдын ала қорғау студенттердің ғылыми-зерттеу мәдениетін қалыптастыруға, кәсіби дағдыларын дамытуға және болашақ мамандардың жауапкершілігін арттыруға мүмкіндік беретін маңызды академиялық кезеңдердің бірі болып саналады.
Алдағы уақытта студенттер өз жұмыстарын жетілдіріп, дипломдық жобаларын қорытынды мемлекеттік аттестация барысында қорғауға дайындалады. Болашақ мамандарға алдағы қорғауда сәттілік тілейміз!