2025 жылдың 24 сәуір күні Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінде «Білім сапасы – мұғалімнің кәсіби шеберлігінің негізгі кепілі» атты жалпы білім беретін мектептердің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері және колледж педагогтерінің бірлескен тимбилдингі өтті. Негізгі мақсат – қазіргі білім беру үдерісінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнін оқытудың тиімді әдістерін пайдалану арқылы білім беру сапасын арттыруға жағдай жасау, мұғалімдердің тәжірибе алмасуына, шеберлігін жетілдіруге және бірлескен жұмыстың маңыздылығын түсіндіруге, әлеуметтік серіктестіктермен ынтымақтастық қарым-қатынасты нығайтып, өзара қолдау мен сенімге негізделген орта қалыптастыруға ықпал ету. Бірлескен отырысқа колледж оқытушылары, жалпы білім беретін мектептердің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері және «Филология» бөлімінің студенттері қатысты. Филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясының және Ұлттық Құндылықтар Академиясының академигі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ұстазы, Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің директоры Ахат Нұртас Ахатұлы іс-шараның маңыздылығы жөнінде баса айтып, тіл мәселесінің өзекті екендігін сарапқа салды. Ең алдымен, «Тіл және әдебиет» кафедрасының жетекшісі «Мен қандай кейіпкермін?» танысу тренингін өткізіп, ұйымдастыру кезеңін іске асырды. Өңір орталығындағы Сәкен Жүнісов атындағы №18 мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Нурмуканова Жұмагүл Жабенқызы қазақ тілі пәнінде оқушылардың жазу, сөйлеу мәдениетін қалыптастырудың тиімді жолдарын атап көрсетсе, «Филология» бөлімінің меңгерушісі Рахым Арайлым Қайыргелдіқызы қазақ тілі сабақтарында цифрлық технологияларды қолданудың тиімділігі жөнінде ой қозғады. Сонымен қатар №17 мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Жазиева Айнагүл Сабырбекқызы оқушылардың жазу, сөйлеу мәдениетін қалыптастырудың тиімді жолдарын сараптаса, «Филология» бөлімінің IV курс студенті Қадирова Малика «Повесть жанрын ақпараттық-коммуникациялық технологиялар арқылы оқыту» тақырыбында баяндама қорғады. Сондай-ақ №6 мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Нукенова Маржангүл Нұрланқызы «Оқушылардың тілдік дағдыларын жасанды интеллект арқылы дамыту» шеберлік сабағын өткізсе, «Филология» бөлімінің IV курс студенті Утебаева Дильназ «Ұлпан романын интерактивті әдістер арқылы оқыту тиімділігі» тақырыбында ой өрбітті. №2 мектеп лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Құрманаева Алтыншаш Жанарбекқызы «Эмоционалды интеллект— инклюзивті білім берудің іргетасы ретінде» тақырыбында баяндама қорғаса, Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің қазақ тілі мәне әдебиеті пәнінің оқытушысы Жәнібек Бердімұратұлы заманауи білім берудегі жаңа мүмкіндіктерді ашып көрсетті. «Филология» бөлімінің IV курс студенті Кабдулина Жансая «Ы.Алтынсарин әңгімелерін комикс-адаптация әдісі арқылы оқыту» тақырыбында сөз сөйлеп, «Филология» бөлімінің меңгерушісі Рахым Арайлым Қайыргелдіқызы «Қалам мен көңіл» кері байланысын жүргізді. Тимбилдинг соңында баяндамашыларға арнайы сертификат табыс етілді.