2025 жылдың 5 наурыз күні Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінде қазақ әдебиетінің шоқтығы биік алыптарының бірегейі, Алаштың ардақты азаматы, Қазақстанның халық жазушысы, драматург, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Көкшетау қаласының құрметті азаматы Сәкен сері Нұрмақұлы Жүнісовке арналған «Ұлтының ұлылығын ұлықтаған тұлға» атты руханият кеші өтті. Кешке руханият жанашырлары, колледж оқытушылары мен студенттері қатысты. Ауқымды іс-шарада Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұғыман Ермек Бекенұлы сөз сөйлеп, Сәкен серінің сан қырын сипаттап, студенттерге үлгі етті. Сондай-ақ Сәкен Серімен рухани үндестік тапқан, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ұстазы, Педагогикалық Ғылымдар академиясының және Ұлттық құндылықтар академиясының академигі, колледж директоры Ахат Нұртас Ахатұлы жылы естеліктерімен бөлісті. Руханият кешінде Сәкен серінің жүрегінен ерекше орын алған Ақан серінің әні «Майда қоңыр» әнін Арқаның сал-серілік дәстүрін жаңғыртушы Өмірзақ Шешханұлы әуелете шырқаса, «Филология» бөлімінің студенттері серіге арналған Кәкімбек Салықовтың «Есімін жылдар жасырмас» арнауын мәнерлеп оқыды. Сонымен қатар кеште Сәкен сері жайлы үзік сырлар мен есті естеліктер де орын алды. Ұлттық рухтың сақталуындағы қуатты құрал көзіне айналған «Заманай мен Аманай» повесіндегі Балзия әжейдің ақырғы монологы, «Мойындау дәптері» әңгімесінен, «Ақан сері» романынан үзінділер, «Ақ қауырсын» поэзия клубының орындауында Серік Тұрғынбекұлының «Қазағымда Сәкендер аз ғой, жолдастар!», серінің «Ана қиын» өлеңі оқылып, М. Әубәкіровтің «Талас» күйі, Латиф Хамиди – Ахмет Жұбанов «Абай» операсынан Ажардың ариясы және Біржан салдың «Бурылтай» әні орындалды. ҚАЗАҚ ЕЛІНІҢ дүлділі атанған Сәкен Серінің ғибратты тағылымдары мен озық игі істері қазақ еліне үлгі, ұрпаққа мирас болып қалатыны хақ. АР жүгін абыроймен көтеріп, ақиқаттың ақ туын берік ұстанған, ұлтының ұлы мұраты жолында талмай еңбек еткен, Серілікті ұлықтаған Сәкен Сері салып кеткен сара жол «СЕРІЛІКТІ ЖАЛҒАР ЖОЛ» болып, қазақ елінің тарихында мәңгілік қала бермек.