2025 жылдың 22 қаңтар күні Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінде «Колледж және мектеп, балабақша ынтымақтастығы: Инновация. Жаңа тәсіл. Тәжірибе» тақырыбында жалпы білім беретін мектептің, балабақшаның музыка пәні мұғалімдері мен колледж оқытушыларының фасилитациясы өтті. Негізгі мақсат – колледж – мектеп – балабақша сабақтастығын нығайту және қазіргі білім беру үдерісінде музыка пәнін оқытудың инновациялық технологиялары мен интерактивті әдістерін тиімді қолдану негізінде білім беру сапасын арттыруға жағдай жасау. Ауқымды іс-шараға колледж оқытушылары, жалпы білім беретін мектептердің музыка пәнінің мұғалімдері, балабақша музыка жетекшілері, түлектер және II, III, IV курс студенттері қатысты. Филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясының және Ұлттық Құндылықтар Академиясының академигі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ұстазы, Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің директоры Ахат Нұртас Ахатұлы фасилитацияның маңыздылығын, үздіксіз дамудағы интеграция ықпалы жайлы баса айтты. Іс-шара барысында «Музыка» кафедрасының оқытушысы Абдрахманова Салтанат Таубайқызы мен «Музыкалық білім беру» мамандығының IV курс студенті Октябрь Еркегүл «Таныс болайық!» тренингін өткізіп, ұйымдастыру кезеңін жүргізді. Кафедра жетекшісі Шарипова Салтанат Аманжолқызы «Музыка пәнінің құндылығы» тақырыбында баяндама қорғаса, өңір орталығындағы «Арай» бөбекжайының музыка жетекшісі, колледж түлегі, республикалық «Үздік педагог – 2017» байқауының жеңімпазы Калиева Асель Утегеновна «Балабақшада музыка жетекшінің ұйымдастырылған қызметі» жайын сөз етті. Сондай-ақ «Арман» бөбекжайының музыка жетекшісі Кокенова Меруерт Қуандыққызы «Музыка сабағының тиімді әдіс-тәсілдері» тақырыбында практикалық жұмыс көрсетсе, колледждің музыка пәні оқытушысы Жүніс Нұрай Нұрадинқызы оқу процесінде арнайы аспаптарды қолданудың тиімділігі жайлы ой өрбітті. Кейін «Жұлдыз» бөбекжайының музыка жетекшілері Рсаева Аиса Маликовна мен Дюсенова Жұлдыз Калимжановна «Ойыннан қойылымға» атты авторлық жобасын қорғаса, «Арман» бөбекжайының музыка жетекшілері Алькенова Жаркын Мерекеевна мен Серикова Мадина Сайлауовна «Балабақшадағы ырғақты іс-қимылдар мен музыкалық ойындар» шебер сыныбын көрсетті. Сонымен қатар «Музыка» кафедрасының оқытушысы Касымова Айзат Сандыбайқызы «Музыка сабағында музыкалық ырғақты қимылдар арқылы балалардың қимыл қозғалыстарын дамыту» тақырыбында баяндамасын қорғаса, өңір орталығындағы №17 мектеп-гимназиясының музыка жетекшісі Досымхан Әділбек Кунтуарұлы негізгі орта білім беру ұйымдарындағы студенттердің практика өту барысында орын алатын мәселелерді талқылады. Фасилитация барысында №21 мектеп-лицейінің музыка жетекшісі Ганибал Клара жаңартылған білім мазмұны жағдайында музыка пәнін оқыту мазмұнындағы тиімді тұстары мен олқылықтарын сарапқа салса, №19 жалпы орта білім беретін мектебінің музыка жетекшісі Жексембаева Салтанат Тапышевна «Заманауи әдіс-тәсілдерді сабақта қолдану» тақырыбында баяндама қорғады. Қатысушылармен кері байланыс жүргізіліп, шағын музыкалық аялдамаға кезек берілді. Іс-шара соңында қатысушылар ризашылығын білдіріп, жаңа инсайт алғандарын хабардар етті. Сондай-ақ арнайы сертификат табыс етілді.