04.03.2021
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында «Тәуелсіздігіміздің мерейтойы аясында осындай біртуар тұлғаларды еске алып, олардың мұрасын жастарымызға және бүкіл әлемге паш етуіміз керек. Сонымен бірге, осы тақырыпты зерттеп жүрген ғалымдар мен жазушылардың да еңбегі қолдауға ие болуы және бағалануы қажет. Алаш арыстарының асыл мұрасын игеру жалғаса беруге тиіс» - деп, тарихымыздың ұлы тұлғаларының мұрасын әрбір жас ұрпаққа, тіпті, бүкіл әлемге паш етуіміз керектігі туралы айтып өткен болатын. Тарихымызды ақтаңдақтардан арылту бүгінгі таңда айрықша маңыздылығына, аса қажеттілігіне біріміз де күмәнданбайтын бірігей міндеттер ортасынан орын алады. Тарихтың уақыт табынан сарғыш тартқан парақтарына жаңаша көзқараспен көз жүгірткенде, сол кезеңдердің орны толмас оқиғаларына бүгінгі талап биігінен баға бергенде, біз ол тарихта азды-көпті бедер қалдырған жеке адамдардың ұрпақ алдындағы жауапкершілігін де жадымыздан шығаруға тиісті емеспіз.Қазақстан тарихында із қалдырғандар қатарында сталиндік зұлматтың құрбаны болған, жарық жұлдыздай жарқырап халық жүрегінде қалған ұлы тұлға – Әлихан Бөкейхан. Ел азаттығын аңсау, бұғаулықтан ада бостандықта өмір сүру, тәуелсіздікке қол сермеу жолында қазақ топырағында талай қозғалыстар мен көтерілістер болғаны тарихтан белгілі. Қазақ халқының тарихында ерекше жылдар тізбегінде Алаш қозғалысы дәуірінің алар орны зор. Халықтың бойында елжандылықты, ұлтшылдықты қалыптастыруды мақсат еткен Алаш арыстарының атқарған еңбектері тарих сахнасының төрінен көріне білді.
Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан – қазақтың өз атамекеніне ие болуын мақсат етіп, сол жолда күрескен, елге демократия, білім-білік алып келу үдерісінің бастауында тұрған, елшілдік пен Отанға адал қызмет етудің рәмізі бола білген ұлы қайраткер. Ол барды көбейтуші, үзілгенді жалғастырушы, жоқты жасаушы бола білді. Аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Әлихан Бөкейхан XX ғасырдың бас кезінде қазақ даласында кеңінен қанат жайған ұлт-азаттық «Алаш» қозғалысының негізін қалаушы және жетекшісі, Алашорда ұлттық автономиясы Халық кеңесінің төрағасы болды. Ұлт үшін күрескер Әлихан Бөкейхан өмір сүрген кезеңде патша билігі ұдайы жүргізіп отырған отаршылдық саясат салдарынан қазақ халқы ғасырлар бойғы қалыптасқан көшпенділердің дәстүрлі рулық-қауымдық қатынастарынан, жерінен, тіпті сол жерді пайдалану құқынан да
айырылып қалған болатын. Патшалық Ресейдің отаршылдық саясаты күшейіп, хандық биліктің байырғы құрылымдары жойылып, қазақтың салт-дәстүрі мен мәдениетіне және оның өз жерінде еркін халық ретінде өмір сүруіне қауіп-қатер төнді. Отарлаушы елдің озбырлық саясатын жастайынан көріп, түйсініп өскен Әлиханның бойында отаршыл билікке ғана емес өз халқының бейғамдығы, салт-санасы, тұрмыс-тіршілігі, шаруашылығы туралы сыншыл көзқарасы да ерте қалыптасты. Оқуын бітіріп, Омбыға оралған Әлихан Бөкейхан Ресей империясының қазақ даласына жүргізген отаршылдық саясатына деген өзіндік көзқарасы қалыптасқан, марксизмнің капиталистік қоғамның қанау тетіктерін ашып берген экономикалық қағидаларымен қаруланған, саяси астыртын күрестің түрлері мен әдістерін үйреніп, білген, күрес тартыстан біршама тәжірибесі бар саяси күрескер болатын. Ол Омбыға келісімен қаланың саяси әлеуметтік, қоғамдық жұмысынтарына белсене араласады. «Халық бостандығы» атты партияның қатарына өтіп, өзі қазақ зиялылары мен саяси белсенділерінің арасында осы партияның шағын тобын ұйымдастырады. Әлихан Бөкейхан қазақ өміріне зиялылар қозғалысын алып келді. Ұлт өмірі үшін күрестің жаңа көрінісі осы кезеңде пайда болған болатын. Азаттық идеологияны қалыптастырған Әлихан Бөкейхан бастаған қазақ зиялыларының бұл бастауы ұлттық сананың қалыптасуына септігін тигізді. Ол жетекшісі болған Алаш партиясы бүкіл Ресейдің саяси кеңістігінде белсенді қызмет атқарып, 50-ден астам партияның ішінде 8-інші орында тұрған беделді ұлттық ұйымға айналған еді. Ә. Бөкейханов Абылай хан мен Кенесары ханның мақсаттары мен ұлы істерін ұлт тарихының жаңа ғасырындағы лайықты жалғастырушысы болды. Үш рет жазаға тартылып, 1937 жылы ату жазасына кесілді. Тек жарты ғасыр өткеннен кейін ғана жазықсыз жаладан ақталды.
Бүгінгі таңда батысшыл зиялылардың атқарып кеткен қызметі «Алаш» ұранды ұлт-азаттық қозғалысы ретінде танылса, Әлихан Бөкейхановты оның идеялық негізін қалаушы, бас идеологы, саяси жетекшісі деп бірауыздан мойындайды.«Алаш» қозғалысы мен оның көсемі Әлихан Бөкейхановтың 1917 жылғы Ақпан төңкерісіне дейін, яғни отаршыл патшалық самодержавие тұсында қандай қиян-кескі күрес жүргізгенін мынадай фактіден байқауға болады. 1917 жылғы төңкеріске дейінгі және одан кейінгі кезеңде бір Әлиханның өзі 7 рет тұтқындалып, бірнеше тәуліктен 4 және 8 айға дейін түрмеде отырып шығып, 2 рет саяси айдауда болды. Оның ішінде Самарада 8 жылын өткізсе, Мәскеуде шым-шытырық оқиғалар мен қиян-кескі күреске толы ғұмырының ақырғы 15 жылын сарп етті.Ол қазақ ұлтшылдығы - ол өз ұлтын, тілін, мәдениетін, салт-дәстүрін, ата-баба жерін, Отанды сүю, қорғау және қамқор болу деп насихаттады. Ол соңғы демі біткенше туған қазақ халқының ата-баба жеріне деген, ұлттық мемлекет құрып, өзін-өзі басқаруға деген қасиетті құқын табанды түрде қорғап, сол үшін күресіп өтті. Әлихан Бөкейханов өз сөзінде: «Тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деп айтып кеткен болатын. Шынында, өмірінің соңына дейін елі мен жері үшін, халқы үшін аянбай күш-жігерін сарп етті!
Алаш зиялыларының өмірі мен мемлекеттік құрылысты жетілдіру бағытындағы жұмыстары мен тәжірибелері бүгінгі мемлекеттік құрылыста өнеге болып қала бермек. Халқымыздың Әлихандай біртуар заматтарын, ұлы тұлғаларын құрметтеп, олардың жасаған ерлік істерін ұмытпай, қадірлеп, тарихта қалған ұлы есімдерді ұлықтап, мол өнеге-тәрбие алып, алға нық қадам басуымыз керек. Ұлты үшін жан берген ұлы күрескердің тәуелсіздік жолындағы ерен еңбегін келер ұрпаққа өнеге ету біздің міндет.
Ж. Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжі
Тарих ғылымдарының магистрі Бимаганбетова Жанар Түлкібайқызы
Тарих пәнінің оқытушысы Тайманова Айнұр Талғатқызы