02.03.2021
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2021 жылды Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы деп жариялап, мемлекеттік комиссияның бірінші отырысында ұлт тарихында өшпес із қалдырған көрнекті тұлғалардың еңбегін насихаттау аса маңызды жұмыстың бірі екендігін атап өткен болатын. Сондай тұлғаларымыздың бірі, қазақтың ұлы – Әлихан Бөкейханов ХХ ғасыр басында тұңғыш автономия алуға атсалысқан саясаткер, қазақ халқының жарқын болашығы үшін өз өмірін құрбан еткен жан болды. Әлихан, шын мәнінде, қазаққа берілген, ұлты үшін жанын қиған, уақыт өткен сайын биіктей түсетін біртуар тұлға. Ұлтымыздың ұлы тұлғасын ұлықтау, жастар арасында насихаттау мақсатында Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінде Алаш қозғалысының көшбасшысы, Алашорда Үкіметінің төрағасы, ұлт кемеңгері – Әлихан Бөкейхановтың 155 жылдығы аясында апталық іс-шаралар жоспарланды. 2021 жылдың 1 наурызында апталықтың ашылу салтанаты өтті. І курс студенттері жұмылдырылып отырған іс-шара аясында деректі фильм көрсетілімі, онлайн форматтағы шеберлік және танымдық сағаттар, ғылыми мақалалар мен эссе байқауы, сайыстар ұйымдастырылмақ. Іс-шара мақсаты: Қазақ халқының тарихындағы Әлихан Бөкейханның алатын орны және оның маңыздылығын талдай отырып, қазіргі заманғы ұлттық бірегейлікті қалыптастыруға үлес қосудағы негізгі басымдылықтарды жас буын көзқарасымен айқындау; Әлихан Бөкейханның тәуелсіздік мұраты үшін күрестегі рөлі мен маңызын, оның көшбасшылық демократиялық, ұлттық құндылықтарға қатысты көзқарастарын, тұжырымдарын жаңа заманның талаптарына сай зерделеу; Әлихан Бөкейхан тұлғасы арқылы жас ұрпақтың бойында ұлттық сана сезімді ояту және отансүйгіштікке тәрбиелеу.